Биылғы оқу жылының аяқталуына да санаулы айлар қалды. Жас бүлдіршіндер жыл сайын жаңа өмірдің баспалдағын баса түссе, түлектер алтын ұясымен қоштасып, үлкен өмірге қадам баспақ. Сыңғырлаған соңғы қоңырау мерекесі жақындаған сәтте-ақ, түлектердің уайымы ұлғая түсетіні анық. Жыл сайын қозғалатын мәселе, мектеп бітіру кешінің қалай өткізілуі...Қымбат көліктер, трендтегі киімдер,костюмдер, мейрамханалар мен отшашулар, барлығына дәстүрлі түрдегі бұл үрдіс, биыл сол қалпында қала ма?
Былтырғы ҚР білім және ғылым министрі Күләш Шашидинованың баяндауында, мектеп бітіру кеші ешқандай мейрамханалар мен қымбат көліктерсіз, бұрынғыдай мектеп бақылауында өтеді деген мәлімдеме жеткізген болатын. Одан бөлек Нұр-Сұлтан қаласының №24 мектеп түлектері өздерінің видео-баяндамасында, аталған шығындарды жоққа шығарып, мектептегі соңғы кешті мейрамханада емес, қарапайым түрде өткізетіндерін, желіге салып көптің назарына жеткізген еді. Мұны көрген еліміздің кей аймақтары да бұл эстафетаны қабылдап, қатарларына қосылған еді. Биыл қалай болмақ? Биылғы жылдың түлегі ретінде осы сұраққа байланысты, 2020 жылдың бірушілері арасында сауалнама жүргізген болатынмын. "Кештің қайда өткенін қалайсыз?"-сауалнамасының 80%-ы мейрамханада, ал қалған 20%-ы мектепте өткендігін қалайтынын баяндады. Көрсеткіш бойынша, мектепте өткізгенді қолдаған көпшілік жастардың айтуынша, жұмсалатын қаржы мөлшерінің көптігі оларды, яғни ата-ананың қалтасына түсірілетін салмақ үшін таңдалғаны. Қысқаша айтқанда, ақшаны үнемдеу. Қай тарапты алсақ та, өзіндік оң жақтары мен теріс қырлары бар екені рас.
Осы тақырыпқа байланысты, өзімнің екі тарапта қалыптасқан пікіріммен бөлісер болсам, иә, әрине 11 жыл бойы тер төгіп, білім алып, жақын достармен қауыштырған, ұмытылмас естеліктер сыйлаған алтын ұя мектебімен қоштасу-өмірдегі бір рет қана берілетін мүмкіндік. Оны барша түлек, мәңгілік есте қаларлықтай өткізуді қалайтындығы анық. Мен де қалаймын, дегенмен осы орайда туындайтын сауал, міндетті түрде есте қалу үшін қаншама қаражаттың күлін көкке ұшырып, қымбат көлік мініп, құдды әлемдегі жалғыз түлектердей жарияға жар сала қаланы кезіп сонша шығындалумен есте қалуы, шарт па?
Қазіргі шарықтаған бағаның мөлшерімен есептер болсақ, мектеп бітіру кешін жоғарыда аталғандай атап өткізу үшін, шамамен әр оқушы кем дегенде, қалтасынан 150 000-200 000 тг-дей қаражат бөлуі тиіс. Бұл қаражатты көтере алатын отбасы, немесе бір жалақының кірісімен күн көріп отырған отбасылардың жағдайын да алып қарастыратын болсақ, бұл өте тиімсіз, әрі әділетсіз. Таңнан қара кешке дейін, балам қатарынан қалмасын, ішсін, жесін деп, жалақысы жетпесе де, қазақтың қанына сіңген үрдіспен, мектеп бітіру кеші үшін несие алған жандар да бар екен... Бұнысы былай тұрсын, қымбат көлік мініп, көшені кезген түлектердің, жол ережесін 200 рет бұзғандығы былтырғы көрсеткіштерден айқын байқадық. Дегенмен, бұзуын бұзған екен, алайда олардың ендігі жолы, көңіл көтереміз деп, қауіпсіздікті ескермей, жол апатына түспесіне кім кепіл? Құдай сақтасын, елестетудің өзі де, қорқынышты...
Расында да, екі жақты пікірдің қалыптасуының кесірінен былтыр аталған заңның өз күшіне енбегені деп білемін. Биыл да жаңа министрдің заңында айтылатындығына дауымыз жоқ, дегенмен жалпы түрде қадағаланып нақты өз күшіне енгені абзалырақ болар. Түбегейлі тойланбасын деген ниет емес, тек өте көп шығынның шығуына наразылығым бар екендігін өз тарапымнан, мойындаймын. "Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас"-дейді, дей тұрғанмен әр нәрсені оң жағынан қарап, менің де пікірімнің дұрыс екендігіне шүбә келтірмеулеріңізді сұраймын... Не де болса, биылғы жас түлек, үкілеген үмітті ақтап, ата-ананың келелі сеніміне селкеу түсірместен, алдағы маңызды ҰБТ сынағынан сүрінбей өтулеріңе тілектеспін!
Дина Литпин
Нұр-Сұлтан қаласы
11-сынып оқушысы
Мектеп бітіру кешін дүркіретіп өткізу міндет пе?
Последние статьи автора