Еліміздегі мал азығын даярлау мәселесіне мемлекеттік реттеу керек. Егер болашақта мал азығына қатысты салмақты бір шешім қабылдамасақ, республика бойынша мал басы өсімі одан әрі төмендеп кетуі де ғажап емес. Еліміздің Мал шаруашылығы және жемшөп өндірісін зерттеу институтының мамандары осылай деп мәлімдеме жасап отыр.
Жалпы, деректерге жүгінсек, қазіргі қақаған суықта ауыл-аймақтардағы жем-шөптің бағасы «күйіп» тұр. Мысалы, қайсыбір аймақтарда бір жүк көлігіне тиелген шөптің бағасы 40-45 мың теңгені құрайды. Қорасында 20 қойы, үш сиыры бар шаруаға осы бір уақ-түйек малын қыстан аман алып шығу үшін кем дегенде төрт жүк көлігіндей шөп қажет. Сонда бағасын 40 мың теңге деп есептегеннің өзінде төрт мәшине шөбіңіз 160 мың теңгеге бір-ақ шығып тұр. Оған арпа, сұлы, соя тәрізді жем атауларын қоссаңыз, қарапайым шаруаға қыстан малын аман-есен, күйлі етіп алып шығу үшін кем дегенде 250-300 мың теңге қаражат қажет. Бүгінде мұндай қаржысы жоқ ағайын малын арзан бағаға саудалап, базар жағалап әуре болуда. Бұл ретте сарапшылар «әсіресе сортаңданып, қуаңшылық орын алған аймақтардағы шаруаларға өте қиын, есепке алсақ, бір ғана Шығыс Қазақстан облысы бойынша егістік және жайылымдық жерлердің 70 пайызы жарамсыз болып қалған, бұл үрдіс мал азығының тапшылығына, бағаның қымбаттауына, соңында мал басының арзан бағамен етке өткізілуіне апарып соқтыруда» дегенді алға тартып отыр.
Негізінен, мамандардың пайымдауынша, болашақта мемлекет тек қожалықтары бар ауыл шаруаларына белгілі мөлшерде дотация, субсидия бөліп қана қоймай, үй шаруасында мал ұстайтын шаруаларға да септігін тигізуі қажет. Мәселен, қазір республикамыздағы жайылымдық жерлердің, егістік аймақтардың басым бөлігі жарамсыз деп саналуда. Осыған орай мемлекет тарапынан арнайы қадағалау жұмыстары жүргізілгені жөн. Болмаса ауылдағы ағайын жыл сайын мал азығын даярлайтын шақ келгенде тығырыққа тіреліп, әуре-сарсаңға түседі. Бұл ретте ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Аман Шотаев былай дейді:
– Қолында қарақұрым малы бар ауылдағы ағайын үшін мал азығын даярлау қазір үлкен ауыртпалық тудырып отыр. Тіпті қажет десеңіз, ауылда тек қара мал ұстап күн көріп отырғандар жетіп-артылады. Олар үшін мал – киетін киім, ішетін тамақ, жаратса – пұл. Бұл жерде басқадан бұрын осы жайт ескерілуі керек. Әрине, үлкен шаруа қожалықтарына мал азығын сатып алу анағұрлым ауырлық тигізбейтін шығар. Ал қолында санаулы ғана малы бар, жалғыз зейнетақымен күнелтіп отырғандарға шөптің бір маясын бәленбай мыңға сатып алу өте ауыр. Қыстық отыны бар, малдың қысқы азығы бар – осының барлығы қарапайым шаруаның қалтасына салмақ түсіретіні рас. Оның үстіне біздің елде алты ай қақаған қыс болатын аймақтар бар. Осыған орай айтарым, қолда бар мал басын сақтап, өсіп-өндіреміз десек, мал шаруашылығы саласын өркендетеміз десек, мал азығының сапасына байланысты, мал азығын дайындауға қатысты, оның белгіленген бағасына байланысты мемлекеттік бақылауды күшейту қажет, – дейді.
Рас, осы уақытқа дейін біздің елде мал азығының қорын дайындауға, оның бағасын тұрақтандыруға мемлекет араласқан жоқ. Елімізде мал басының 90 пайызы жекенің қолына өтіп кеткендіктен, мал азығын даярлап, өздігімен қысқа қам жасау әр шаруаның өзіндік мәселесі болған-ды. Ал енді келіп мал азығын даярлауға мемлекеттен көмек сұрау қаншалықты қисынды?
Бұған қатысты Мал шаруашылығы және жемшөп өндірісін зерттеу институтының маманы Қадырбай Тәжиев былай деді:
– Бұл ретте біз ауылдық жерлерде жем-шөп дайындайтын жекелеген шаруа қожалықтарына немесе ауыл фермерлеріне барып, «сен малға дайындаған азығыңды арзандатып сат, онын құнын былай белгіле» деп айта алмаймыз. Өйткені олар да – өзінше еңбектеніп, өздігімен қам-қарекет жасап жүргендер. Сондықтан олар өз істеріне әкімшілік тарапты араластырмайды да. Біздің ұстанып отырған мемлекеттік саясатымыз нарықтық экономика болғаннан кейін нарық заңы осылай болуы тиіс. Мал азығының бағасын мемлекет белгілеп беріп отыратын болса, мал азығы қорын мемлекет даярлайтын болса, онда біз кеңестік кезеңдегі колхоз-совхоз дәуірін қайта құруымыз қажет. Ал қазіргі жағдайда бұл мүмкін емес. Ендеше, мал азығын даярлауды ретке келтіру үшін мынадай ұсыныстарға құлақ асқан жөн:
1. Қайсыбір өркениетті елдер ауылдың түтінін түзу етіп, тіршілігіне жан бітіру үшін ауылға алдымен қуатты технология қажеттігін жете түсіндіруде. Мәселен, Германия, Израиль, Белоруссия елдері ауыл атмосферасына биотехнологияны бейімдеу арқылы үлкен жетістікке қол жеткізуде. Бізге де осы биотехнологиялық әдіспен, нанотехнологиялық тәсілмен жемшөп алу ісін үйренетін кезең келді. Міне, ол үшін мемлекет ауылды қуатты техникамен қамтамасыз етуі керек.
2. Ауылды биотехнологиямен жабдықтау оңай шаруа. Ал оның тілін білетін маман табу үшін биотехнологиялық жаңашылдықты кәсіптік-техникалық оқу бағдарламасына немесе орта мектептердегі оқу бағдарламасына арнайы бағдарлама етіп енгізген жөн.
3. Жалпы, мамандардың пайымдауынша, Қазақ еліндегі 99,2 пайыз жерді «емдегенде» ғана біз қуаңшылықтан, су тапшылығынан, жайылымдық жер мәселесінен, мал азығын реттеу түйткілінен ада болады екенбіз. Осыған орай республика бойынша «Қуаңшылық жерлерді басқару» жобасын қолға алған жөн.
Міне, «алдымен осы ұсыныстар елеп-ескерілгенде біз елдегі мал азығына қатысты мәселелерді шеше аламыз» деседі мамандар. Әрине, ол үшін мемлекет тарапынан мықты пәрмен керектігі даусыз.
Мал азығын реттеуді мемлекеттің еншісіне беру қажет
Последние статьи автора