Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы аумағында күкірт қышқылы зауытының құрылысы жүріп жатыр. Бұл – еліміздегі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген жобалардың бірі.
Аталмыш жобаның құны да қымбат. Оған 216 млн АҚШ доллары шамасында қаржы жұмсалады деп күтілуде. Халықаралық деңгейдегі іргелі іске жапониялық және канадалық компаниялар қызығушылық танытып, оны жүзеге асыруға білек сыбана кірісіп отыр. Алдағы уақытта зауытта 500 мың тонна өнім шығарылады. Аталмыш өнім облыстың Шиелі және Жаңақорған аудандарындағы табиғи уран өндіретін кен орындарына жіберіледі.
Бүгінгі күні өндіріс ошағының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бас мердігер – «ЗСМК» ЖШС болса, энергетикалық жабдықтармен «Союзкомплект» ЖШС айналысуда. Бұл жоба аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға оң септігін тигізеді. Зауыттың негізгі шикізаты «Теңізшевройл» компаниясынан жеткізіледі. Аталмыш компаниядан шикізат 20 жыл бойы үздіксіз келіп тұрады.
Күкірт қышқылы зауытының қоршаған ортаға зиянды әсері бар ма? Оған мамандар өз жорамалын айтады. Күкірт қышқылы зауытының бас директоры Мәдихан Бекжанов бұл өндіріс ошағы ешқандай залал тигізбейтінін айтады.
Мәдихан БЕКЖАНОВ, Күкірт қышқылы зауытының директоры:
– Зауыт құрылысы тектен-текке қолға алынған жоқ. Оны жүргізуде барлық жайды ескердік. Әлемдік тәжірибеге ден қойдық. Рас, елімізде бұрынғы ескі технологиямен салынған осындай зауыттар бар. Біз қолға алған іс олардан өте күрделі. Экологиялық жағынан өте таза өнім саналады. Дүниежүзінде мұндай зауыт тек Италияда ғана бар. Сол жерде болып қайттық. Жағдайды таразыға тартып көрдік. Ол елде мұндай зауыт 300-ден астам курорты бар Сардиния аралында қоныс тепкенінің өзі көп жайды аңғартады. Сондай-ақ онда қосалқы өнім шығаратын жеті өндіріс ошағы да бар. Зауыт қондырғысының сапасы мықты. Шығатын түтін 0,01 пайызды құрайды. Бұл – білінер-білінбес деген сөз. Қысқасы, өнім өндіруде ешқандай қолайсыз жағдай туындамайды.
Күкірт қышқылы зауыты тек уран өндірісіне ғана өнім әзірлемейді. Бұл жерде ауыл шаруашылығына қажетті минералды тыңайтқыш өндірілмек. Сонымен қатар 18 МВт электр қуаты дайындалады. Кәсіпорын 8 МВт шамасында өз қажетіне жаратса, қалғаны аудан халқының игілігіне жұмсалатын болады.
Күкірт қышқылынан қауіп бар ма?
Последние статьи автора