Ақмол ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының АЛЖИР мемориалды-мұражайында жаңалық көп. Жақында күрделі жөндеуден өткен кешенде сонау репрессия жылдары кезінде АЛЖИР лагерінің тұтқын әйелдері салған суреттер ілініп, арнайы бөлмеде «Азаттықтың азапты жолы» атты көрме залы ашылды. Мекеме қызметкерлері «Алаш-Алжир» кітабының алғашқы екі томын жарыққа шығарып, мұражайдың веб-сайтын іске қосты. Ал «1937 жыл. Ерте солған гүлдер» бейнебаяны мұражай қорына қосылған тағы бір құнды шығармалардың бірі болды. Алдағы уақытта бұл тарихи нысанның жанынан «Алаш бағын» ашу жоспарлануда.
Ашаршылықта 4 млн қазақ қырылған
АЛЖИР мұражайының бірінші қабаты репрессияға ұшыраған Алаш арыстарының тарихына арналып отыр. Енді бұл жерде тағы бір бөлме – «Азаттықтың азапты жолы» атты көрме залы ашылды. Залдың шағын болуына қарамастан, мұражай қызметкерлері оған «Ашаршылық азасы», «Атом тозағы», «Тіл мен дәстүр мазағы», «Қуғын-сүргін қасіреті», «Ауған қайғысы» және «Арал апаты» тақырыптары бойынша тарихи дерек-дәйек материалдарын орналастырды. Ал көрме залының төрінде «Ата-баба арманы» айдарымен бүгінгі Тәуелсіз еліміздің жетістіктері жайында баяндайтын стенд қойылды. Бұдан басқа, жаңа залда тарихи жәдігерлер мен қолжазбалар қойылып отыр. «Ашаршылық азасы» бөлімінде Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың «Түркістанның қилы тағдыры» кітабынан үзінді берілген екен. «Ағылшын тарихшысы Конквесттің куәлік ету бойынша, 1929-1933 жылдары әсіресе Қазақстан мен Украинаның, оның ішінде Қазақстан халқы аса қатыгез қырғынға ұшыратылған. Цифрлар мынадай: 1926 жылы республика халқының саны әлі де «6 678 570 адам болса (1913 жылы тек қазақтар ғана 7 млн-ға тарта болған), ал 1933 жылы бұл сан «2 493500 адамға дейін» азайған. Ендігі жерде бұған 1926-1930 жылдар аралығында жеті жыл ішінде Қазақстанға өз еркімен немесе орталықтың ұйғарымы бойынша миллионнан астам орыстың көшіп келгенін, казак-орыстардың баз баяғыдай қазақтардың шұрайлы жерлерін тартып алуын тоқтатпағанын қосыңыз. Онымен бірге табиғат әмірімен әйел құрсағының, әйтеуір, құр қалмағанын ескерсеңіз, сонда екі емес, үш те емес, тура 4 миллионнан астам қазақ жоқ болып кеткен, «құрып біткен» болып шығады», – деп жазған М.Шоқай.
«Алаш-Алжирдің» алғашқы екі томы жарық көрді
«Бұл кітап еліміздің 20 жылдық мерейтойына және оның басты қазынасы – тоталитаризм ауыртпашылығын бірге көтерген Қазақстан халқына арналады» делінген редакциялық алқаның кіріспе сөзінде. Үш тілде жарық көріп отырған еңбектің бірінші томында «Алашорда» партиясының, тәуелсіз және біртұтас Түркістан идеясының көшбасшылары туралы материалдар жинақталған. Сондай-ақ осы томда өткен ғасырдың 30-50 жылдардағы саяси репрессиялар мен күштеп жер аудару жайында жазылған мақалалар бар. Ал кітаптың екінші томында Алжир тұтқындарының сормаңдай тағдыры туралы баяндалады. Бұл басылымда сол кездегі ГУЛАГ-қа қарасты Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінде дүниеге келген 1507 баланың толық тізімі де берілген. «Мен үшін «Алаш-Алжир» кітабының екі томы сол кездегі қасіреттерге қойылған тағы бір ескерткіш тәрізді. Бұл кітап тұрақты серияға айналып, жылдан-жылға жалғасатын еңбек болады деп сенемін. Себебі бұл еңбекте берілген тізімдегі әрбір адамның артында қаншама тағдыр бар», – дейді тарихшы ғалым Тұрсын Жұртбай.
«1937 жыл. Ерте солған гүлдер» бейнебаяны мұражай қорына қосылған тағы бір құнды жәдігерлердің бірі болды. ХХ ғасырдың 37-жылдары болған аяусыз қуғын-сүргін құрбандарына арналған бейнебаян «Ерте солған гүлдер» өлеңінің негізінде түсіріліп отыр. Сөзін жазған – ақын Жарасбай Нұрқан, әннің авторы – Ерсайын Нарымбаев. Орындаушы – әнші Азамат Жылтыркөзов. «Мен өзім ән жазған уақытта өлеңнің сөзіне басты назар аударамын. Ал Жарасбай Нұрқанның осы өлеңін алғаш рет оқыған кезде ерекше бір сезімге бөлендім. Оның жарыққа шыққан алғашқы нұсқасын бірден қиып алып, әлі күнге дейін сақтап келемін. Бұл өлең мені айырықша бір толғанысқа түсірді. Содан кейін осы өлеңге ән жазып шықтым», – дейді Е.Нарымбаев. Өкінішке қарай, өлең сөзін жазған ақын Жарасбай Нұрқан бүгінде арамызда жоқ. Ақын ағамыз 1937 жылы туған екен. Сол себепті ол сол жылдардағы қасіретті өз шығармашылығына арқау еткен.
«Алаш саябағы» ашылады
Алдағы уақытта «АЛЖИР» мемориалды-мұражайы жанынан «Алаш саябағы» ашылады. Мұражай директоры Болат Жүнісбековтің хабарлауынша, аталған жоба үшін мұражай жанынан 2 гектарға жуық жер бөлініп отыр. Күзде бұл аумаққа ағаш отырғызу жұмыстары басталады. «Биыл Алаш үкіметінің құрылғанына 95 жыл толады. Осыған орай, біз мұражай жанынан «Алаш саябағын» ашуды ұйғардық. Қазір ол жерді қоршай алмай отырмыз. Сол мәселе ғана қиындық туғызуда. «Алаш бағында» біз қазақ халқының дарқан даласының көріністерін қоюды жоспарлап отырмыз», – дейді Б.Жүнісбеков.
Мұражайдың кіре берісінде ілінген көріністердің кез келген адамды бейжай қалдырмайтыны анық. Себебі ол суреттерді тұтқынға түскен қыз-келіншектер лагерьде отырып салған. Мәселен, «Тас қыспағындағы қайың» деп аталатын бір суретте екі тастың қыспағында қалған жалғыз қайыңның бейнесі лагерьге түскен барлық әйелдердің ауыр тағдырын көрсетіп тұрғандай: жапырағы жоқ, бұтақтары әбден солып қалған. Олардың тоталитарлық жүйенің шынжыр бұғауынан босап, еркіндікті бар жан-тәнімен аңсағандары сөзсіз-ақ көрініп тұр. Суретші әйелдер көбінесе табиғатты, ауыл көріністерін жиі салған. Ал адамды бейнелейтін суреттер сирек кездеседі. Ондай шығармаларда адамның бейнесі бұлыңғыр, беті мүлдем көрінбейді. Бәлкім, сол арқылы лагерьдің азабын көрген қыз-келіншектер адам баласының бет-бейнесін анықтау мүмкін емес екендігін жеткізуге тырысқан болар...