Келмеске кеткен – Қараөткел
Ауыл – алтын бесік. Ұланғайыр қазақ даласының ата-дәстүрінің сарқытын сақтап бүгінгі ұрпаққа жеткізіп келе жатқан байлығымыз да ауыл десек қателеспейміз. Күн санап тозып ескі бөздей болып ыдырап, жұрты қалаға қарай сабыла көшкен ауылдар жабылып, тіпті карта бетінен сызылып бара жатқаны да рас. Бірақ қырық жыл қырғынды көрсе де міз бақпай, тарихтың небір қиын-қыстау заманын бастан өткерген ауылдар да баршылық. Ғасырдан астам уақытты артқа тастаған ауылдардың тәуелсіздік қолға тиген тұста жойылып кетіп тек елеусіз жұрты қалып жатқандығы көңілге қаяу салмай қоймайды.
Бүгін біз солардың бірі арқа жұртының есінен еш уақытта өшпейтін Қараөткел ауылы жайлы сөз қозғамақпыз... Басынан небір қиын-қыстау заманды өткерген ат төбеліндей ғана ауылдан небір ғалымдар мен ақындар, профессорлар шыққаны шынымен да ауылдың тарихына бойлай түсуді қажет ететіндей. Сөздің әлқиссасын бұл ауылдың атауының қалай шығуымен бастасақ.
Сол маңдағы Айдабол мен Молақ өңірінен Жыланды бағытына бару үшін Зеренді тауларынан басталатын өзен суынан кесіп өту керек болыпты. Тұрғындар қанша мәрте көпір салғанымен су тасқыны оларды жылда шайып кететін көрінеді. Жолаушылар өзенді бойлай жүріп өзеннен өтетін өткел іздейді екен. Сөйтіп, жол азабын әбден тартқан жолаушылар бұл аймақты Қараөткел ауылы деп атап кетсе керек.
Қараөткелдің тарихы тереңге кеткен. Шөбі шүйгін, суы бал жерде қалың ну ағаштың ортасында тұрған ауыл мал өсіріп, егін егіп тіршілік еткен. Әсіресе 19-20 ғасырларда малын сонау Терісаққан мен Атбасарға дейін айдап апарып, жаз жайлауға шығатын болған. Бірақ Кеңес Үкіметі орнағаннан кейін бұрынғыдай емес отырықшылық кеңінен етек ала бастады. Переселендер келіп, біздің ауылға да қоныстандырыла бастады. Ауыл жұрты аш-жалаңаш келген орыстар мен украиндерді бауырына басып, жарты нанын бөлісіп жеді, - дейді осы ауылдың тумасы Көкше академиясының профессоры Жеңіс Темірхан.
Бірақ Кеңес Үкіметінің солақай саясаты ауылдың ажарлы көркін жел ұшырғандай етіп жырымдаған сияқты. Әсіресе, отызыншы жылдардағы ұжымдастыру ауылдағы талай жұртты тәлкекке салыпты. Шашылып жүрген ауылдың малдарын еріксіз тартып алып, ауданның атқамінерлері Қараөткел мен қоса Саздыағаш, Жыра, Белсенді ауылдарының мал-мүліктерімен қосып, шаруашылық артелін құрып жіберген екен. Бұл әрине жеке-жеке тіршілік қамын күйттеген жанның жанын азапқа салғаны түсінікті жай. Өйткені, ұжымдасып тіршілік етіп, ел болып өмір сүруге халықтың санасы да сай келмегені тарих ақиқаты. Ақыры ерікке қоймағаннан кейін 1929 жылы Қараөткел ауылы да көп ауылдың бірі болып колхоз деген атқа ие болыпты. Малынан айырылып, ұжымдастырудан опа таппағандар Кеңес Үкіметінің сайқал саясатына бағынғысы да келмейді. Алайда Баялы есімді ел ағаларының басқаруының арқасында 7-8 жылдың айналасында береке мен бірлігі жарасып отырықшылық кәсіпке мойын бұрады.
Бұдан кейін батыстан лаулаған өрттей қаулаған неміс фашизмі де айрандай ұйыған елдің тыныштығын бұзады. Ауылдағы қару ұстай алатын барлық ер азаматы соғысқа аттанса да ауыртпалықты белдері қайыспай көтерген аналар мен балалардың мойындарына көтергенін ел ақсақалдары әлі күнге айтып отырады. Шағын ғана Қараөткел ауылынан соғысқа 33 адамның кетіп, оның он төртінің оралмауы да ауыл жұртын есеңгіретіп жібергені хақ.
Дегенмен, соғыстан кейін ел еңсесі қайта түзеле бастағанда Қараөткел де қайта қалпына келіп, ауданда алғашқылардың бірі болып 1950 жылы жеті жылдық мектеп те салыныпты. Балташылардың бас болуымен ағаштан қиып бұрап тұрғызылған мектеп ғимараты халық игілігіне берілгенде қуанбаған жан қалмапты.
Ал тың игеру күштеп басталған 1954 жылдар да түгі тартса майы шығатын Қараөткел ауылын айналып өтпегені түсінікті шығар. Шағын ғана ауылдан тұтас елге мәлім азаматтар да шығуы осы тұс болса керек. Атап айтқанда арқа ақын-жазушыларының басы болған Жанайдар Мусин, техника ғылымдарының кандидаты атанған Бегайдар Нүркейтегі, социалистік еңбек ері Ералы Бақтаевтардың алғаш қадамдарын осы ауылда бастауы ауылдың қасиетін тағы бір айғақтай түседі.
Саяси озбырлық бұл жолы да ауылдықтардың басына қара бұлт болып үйірілгенін осы ауылдан шыққан ақсақалдар әлі айтып отыр. Тың игеру қарбаласы кезінде шаш ал десе бас алушылар тіпті ескі қорымдарды да жыртып егін салып кеткен. Шыққыр көзіміз оны да көрді, - дейді қариялардың бірі. Шаруашылықтарды ірілендіру мақсатында сол жердегі Дружба колхозымен Қараөткелді қосып жіберіп, елдегі іскасар дүниенің бәрін бұзып әкеткен. Ал 1966-67 жылдары көпті көрген ауыл тағы бір нәубетті бастан өткеріпті. Жаздың басында малдарын Көксеңгірге жаяу айдап баратын жұрт түн ішінде пойыз жолынан өтпек болғанда байқаусызда пойыз келіп қалып алпыс шақты малы қырылып қалады. Аталған жай тұтас Көкшетау облысы бойынша төтенше жағдай деп танылыпты. Ортақтың малы болса да, қырылып қалған мал үшін әр үй ортаға бір-бір бұзаудан қосып мал басын көтеруге қайта әрекет жасады, - дейді Жеңіс Темірхан ақсақал.
Алайда, сайқал саясат ауылға төбеден түсер тосын жайттарын жасаудан жалықпады. 1957 жылы мектебі жабылған ауыл балалары бет-бетімен ыдырап ауылдың берекесі кетеді.
Ауылды сақтап қалу өкінішке орай мүмкін болмады. Өйткені, қолда барда алтынның ешқашан қадыры болмайды. Ауылға жастарды тартуға күш салып-ақ жатырмыз. Мемлекет те бұл жағынан аянып жатқан жоқ. Дегенмен жастардың ауылда тұрғысы жоқ. Қалай айтсақ та бұл ащы шындық, - дейді аудан әкімі Малғаждар Тәткеев.
Бір айта кетерлігі әрі өкініштісі алтын бесік ауыл Ақмола өңірінде күн санап азайып бара жатқандығы. Яғни, қу құлқынның қамын ойлап қатын-баласын қалаға сүйреуден ауылдар қаңырап бос қалып, тіпті карта бетінен Қараөткел сияқты жойылып кеткен. Бүгінгі күнге дейін тек Ақмола облысынан тоқсанға тарта елдімекен жойылып кеткендігі осыған нақты айғақ. Ал былай қарасақ бәлкім аман қалған ауылдарды мал бағып егін ексе, жастарды тартып кәсіп ашса ауылдарды ұстап қалуға болмас па еді деген қысыр ой келеді.