Ресей мемлекеттік думасының депутаты Шәміл Сұлтановтың айтуынша, жемқорлар бір жылда 300 миллиард АҚШ доллары көлемінде пайда тапса, қарапайым азаматтар 37 миллиард көк қағазды біреуге пара беру ретінде жұмсайды екен! Біздің елімізге жемқорлық пен парақорлықтың тигізіп жатқан материалдық зардабын айтпақшы болып ізденіп көргенбіз. Бірақ бізде мұндай мәліметтерді табу қиынның қиыны екен...
«Жемқорлықты болдырмаймыз» деп заң да қабылдадық. Аталмыш заң аясында үкіметтің қаулылары да баршылық. Былайша айтқанда, заңдық негізді қатырып тастағанбыз. Бірақ ол бәле тыйылар емес, тіпті соңғы кезде өршіп бара жатқан сияқты. Сонда мұны тоқтату үшін не істеуіміз керек? Меніңше, оның бір-ақ жолы бар сияқты: еліміздің болашағы саналатын жас жеткіншектерді иманды етіп тәрбиелеу. Құдайдан шын қорыққан адам параға жақындай қоймайды.
Парақорлықтың жазасы
Шариғат парақорлықты қатты айыптайды. Ол үлкен күнәлардың қатарына жатады. Әбу-Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Параны алған да, берген де адамға және оның заңдарына Алланың лағынеті болсын!» – деген. Ислам ғалымдары «оның заңдары» дегенде делдалдарды түсінуіміз керек деген тоқтамға келген. Абдолла ибн Омардан жеткен хадисте де дәл осындай ой айтылады. Алла тағала шайтанды лағынеттегенін ескерсек, параның өте ауыр күнә екендігін тереңірек түсінеміз. Ал имам Науауидің жинағында: «Параны алушы да, беруші де тозақ қауымынан», – деп жазылған.
Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларының арасында отырғанда: «Тыйым салынған нәрседен жеген адамның әр дене мүшесі отқа лайық», – деді. Сол уақытта сахабалар Алланың елшісіне (с.ғ.с.): «Тыйым салынған нерсе дегеніміз не?» – деп сұрайды. «Ол – пара», – деді Нәби (с.ғ.с.) (хадисті Омардан ибн Жарир жеткізген). Ал Амр ибн Ас: «Қай халықта талан-тараждық орын алса, олар құрғақшылық пен аштыққа ұшырайды. Ал парақорлық жайлаған елді үнемі қорқыныш билейді» деп Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқанын естідім», – дейді (хадисті имам Ахмад жеткізген). Қарап отырсақ, біздің елде дәл осы көрініс орын алып отырған жоқ па?! Жемқорлық жайлағандықтан, тұла бойымызды қорқыныш билеп алған. Оның емі тек иманда. Иншалла, сонда ғана басқалармен терезесі тең жағдайда сөйлесе аламыз.
Алла тағала Құранда: «Араларыңдағы малды бұзық жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың малының бір бөлігін жеу үшін билерге апармаңдар» , – деген («Бақара» сүресі» 188-аят). «Малды бұзық (арам) жолмен жеу – параның дәл өзі» деп түсіндіреді Ислам ғұламалары.
Параны былай қойғанның өзінде сыйлыққа да Ислам аса сақтықпен қарауға шақырады. Бухаридың «Сахихында» Әби Хамид әл-Саид (р.а.) Алла елшісіне (с.ғ.с.) мынаны жеткізеді: Ибн әл-Утайбияға Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) салық жинауды тапсырады. Әлгі кісі шаруаны тындырып келеді де: «Мынаны сізге, ал мынаны маған сыйға берді», – деп заттарды ұсынғанда, ақырзаман Пайғамбары (с.ғ.с.) мінберге көтеріліп: «Мынаны сізге, қалғаны маған деді. Егер сен қызметте болмай, әке-шешеңнің үйінде отырсаң, адамдар саған осындай сый жасар ма еді? Алланың атымен ант етемін, кімде-кім лауазымын пайдаланып, не нәрсені алатын болса, қияметте солардың барлығын мойнымен көтеріп келеді (тұрады)», – деді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқандары міндетті түрде орындалады. Бұған еш шүбә жоқ. Сол уақытта біздегі жемқорлар алғандарын қалай көтеріп тұрады екен?
Ал риясыз шын көңілмен жасаған сыйлықтың жөні басқа. Шариғат мұны толықтай қуаттайды. Алла елшісінің (с.ғ.с.) өзі басқаларға сыйлық беруді ерекше ұнататын.
Жемқорлық жақсылыққа апармайды
Жемқорлықтың аса қатты дендеп кетуінен мемлекеттің құрдымға кетуі түк те емес. Тарихтан мысал келтірмей-ақ, мына заманға көз жүгіртейікші. Мұсылман елі болып саналатын Иракты алайық. БҰҰ-ның мәліметтеріне қарағанда, 26 миллион халықтың 3/1 кедейліктің ең төменгі деңгейінде өмір сүруде. Рас, бұл елде соғыс әрекеттері толастар емес. Дегенмен «парақорлық соғыс шығындарын он орап алады» дейді германиялық Krорhander хабар тарату агенттігі. Мысалы, полиция академиясында жұмыс істейтін 850 адамның бірде-біреуі парасыз қызметке алынбаған болып шықты. Ал денсаулық сақтау министрлігінен қара базарға түскен дәрілер бірнеше еселенген бағамен сатылуда. Ирак халқының саны аз болуына қарамастан, жемқорлардың айналымдағы ақшасы 150 миллиард АҚШ долларына жеткен! Бір жағынан соғыс, екінші жағынан парақорлық жайлаған елдің басынан бақ тайғалы қашан.
Осы жемқорлықтың кесірінен Африкадағы мұнайға бай Нигерияның халқы да кедейшіліктен көз ашпай келеді. Мұндай елдердің тізімін жалғастыра беруге болады.
Айтпағымыз, Қазақ елі басқа мемлекеттер сияқты жемқорлардың құлқынына жұтылмай, болып жатқан оқиғалардан сабақ алса екен. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мынадай сөзі бар: «Егер адамдар қоғамда жамандықты көре тұра, оның алдын алмаса, Алла тағала оларды күнәһарлармен бірге жазалайды» (хадисті Әбу Бәкірден (р.а.) имам Ахмад жеткізген). Сондықтан да адамдарды жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақырмай жүре берсек, Жаратқанның жазасына бір күні тап болмаймыз ба?
Ислам парақорлық туралы не дейді?
Последние статьи автора