Франчайзинг – отандық кәсіпкерлікті дамытудың бір бағыты

Қолданыста тиімді жұмыс істеп, тарихы тереңге бойлаған дайын бизнес те саудаланады. Оны нарық тілінде «франшиза» деп атайды. Кәсіпкерліктің бұл түрі әлемде бизнесті жүргізудің прогрессивті формасы ретінде кеңінен танымал. Дамыған мемлекеттерде франчайзинг қызмет көрсету саласының 50 пайызын, өндірістік саланың 15 пайы­зын қамтиды. Ал біздегі мұндай көрсеткіш 4-ақ пайызды құрайды. Сондықтан еліміз осы бағыттағы көлемді арттыруды көздейді. Кеше Алматыда KazFranch-2013 көрмесі аясында өткен дөңгелек үстел барысында мамандар Қазақстандағы франчайзингтің өзекті мәселелері мен оны дамытудың тетіктері жайын кеңінен талқылады.
Франчайзинг – дайын бизнесті сату­шы-делдал, яғни өндірістік базасы, кең­се­сі, құрал-жабдықтары және жылжымайтын мүл­кі бар, бизнестің әрі оның жан-жақты құрылымының жоспарына дейін дайын бүтін компанияны саудалаушы. Ал сатып алу­шы оған қаржы салып, жұмысын дөң­ге­летіп әкете барады. Бірақ еліміздегі фран­чайзинг дамуы жағынан, мәселен Ни­дер­ландыдан 35 жылға қалыс келеді екен. Сондықтан бұл салада түгендеп, жамап-жасқайтынымыз жетерлік сынды.
«Қазақстанда бүгіндері шағын және орта кәсіпкерліктің – 4 пайызы, Орталық Азияның басқа мемлекеттерінде 1 пайызы франчайзингті қолданады. Бұл статистика франчайзинг бизнес-құрылым коопе­ра­ция­сы формасы ретінде кеңінен қолда­ныс­қа ие екенін байқатады. Біз әзірге жол­дың басында тұрмыз, аталған көрме – біздің басқан алғашқы қадамымыз, дөңгелек үстел аясында франчайзингтің проблемалары мен мүмкіндіктерін тал­қы­ла­дық, оны ары қарай дамытуға барынша күш саламыз», – деді көрменің ашылу сал­та­наты барысында сөз сөйлеген «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры басқармасының төр­айымы Ләззат Ибрагимова. Оның ай­туынша, бұл бизнес түрін дамыту мем­ле­кеттің экономика мен кәсіпкерлікті да­мы­туды ынталандыру, белсенді шаруашылық ны­сандары санын арттыру, елімізді сапалы та­уар мен қызмет көрсету түрлерімен қам­та­масыз ету және жылдық жалпы ішкі өнім өсімінде шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін көбейту сынды міндеттерді орын­дау­да өзіндік рөлі бар.
Жалпы, кәсіпкерлікті дамытудың мем­ле­кеттік бағдарламаларында фран­чай­зинг­ті дамытудың арнайы құралдары қа­ра­стырылмаған екен. Арнайы талқы үшін дөң­гелек үстел басына жиналған ма­ман­дар «Даму» қоры басшысына осы мәселеге айрықша көңіл бөлуді сұрады.
Қазақстандағы франчайзингтің жыл­дық айналымы, ауыз толтырып айтар­лық­тай – 2,6-2,7 миллиард доллар. 2007 жыл­дағы көрсеткішпен салыстырғанда, бұл 100 пайыз артық көлем екен. «Жыл са­йын бұл бағыттағы сан 30-40 пайызға артып отырады. Бүгінгі таңда Қазақстанда 150-ден бастап 220-ға дейін франчайзинг желісі жұмыс істеп тұр. 2014 жылы отан­дық нарыққа әлемге танымал 30-35 мық­ты бренд аяқ баспақшы, оның ішіндегі үше­уі халықаралық мәртебеге ие. Бәрінен бұ­рын ресейлік франшиза қатары да кө­бе­йеді. Бастапқыда АҚШ бизнесі Қа­зақ­станға қолайлы болды. Ал қазір бізге жа­қы­ны – еуропалық және ресейлік мо­дель­дер. Негізінен, Ресей франшизаны өріс­те­ту­де әлем бойынша 4-5 орында. Сон­дық­тан олардың біздің нарыққа келуі – заң­ды­лық», – дейді сөз кезегінде Еуразиялық франчайзинг қауымдастығының басшысы Бекнұр Қисықов. Оның айтуынша, елімізде ке­ңінен табысты франчайзи желісі – бөл­шек сауда. Танымал брендтегі киім-кешек жә­не аяқкиімнің елімізге келуінің ең оң­тай­лы жолы осы көрінеді. «Өкінішке қа­рай, бізде ұзақ мерзімді қамтитын жо­ба­лар жоқтың қасы. Мәселен, еліміздің фас­фуд нарығы дамуға жол таппады. Сол се­кіл­ді 2013 жыл барысында франшиза жо­­лымен жұмыс істейтін компаниялардың 9-10 пайызы жұмыс істеуден бас тартты. Олар­дың бұлай істеуі банкроттықпен бай­ла­нысты немесе франшиза жүйесіне кө­ңіл­­дерінің толмауынан туындаған секілді», – дейді ол.
Аталған көрме аясында бірінші рет қа­зақ­стандық брендтерге басымдық беріліп отыр­ғандығын баса айта кетелік. «Бүгін біз франчайзинг нарығының біршама па­йы­зын қамтитын қазақстандық фран­ши­за­ларды тамашалаймыз. Біздің мақсатымыз – отандық франшизалар көлемін арттыру және өнімімізді экспорттық әлеуетке ие ету», – дейді Б.Қисықов.
«Кеден одағының Бірыңғай эко­но­ми­калық кеңістікке ұласуы барысында отандық франчайзинг жүйесін құру және оны дамыту айрықша маңызды» дейді ма­мандар да. Осы мақсатта көрме аясында өт­кен талқыда мынадай мәселелерге жіті көңіл бөлінді:
- жыл сайын отандық франшиза ұсы­нысы мен ізденісі үшін арнайы алаң құру;
- франчайзинг саласындағылардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік тудыру;
- мемлекеттің, сол секілді өзге де ұйымдардың франчайзингілік жобаларды қолдаудың мүмкін тетіктерін әзірлеу;
- отандық брендтер мен франчайзинг жүйесін дамыту мен нығайту жолында бизнесті ұйымдастырудың осы формасын кеңінен насихаттау;
- кәсіпкерлер қауымына франчайзинг технологиясы туралы мәліметтермен кеңінен қанығу үшін мүмкіндіктер жасау;
- Қазақстандағы франчайзинг нарығын зерттеу, аталған технология бойынша дамушы отандық брендтерге мониторинг жүргізу.

Негізінен, 90-жылдардың басында на­ры­­ғымызға Coca-Cola-ның келуімен бай­ла­ныс­ты Қазақстан заты бөтен «фран­чай­зинг» тер­минін сөз қолданысында пайда­ла­на бас­тады. Осы кезеңнен бас­тап елі­міз­де фран­шиза бойынша жұмыс істейтін ком­паниялар қатары көбейді. Алматы кө­ше­лерінен атын кез­дестіріп жүр­ген «Бур­гер Кинг» мейрамха­на­лар, Inter­­Continental Ho­­tels Group мейман­ханалар желісі осы фран­чайзидің туын­ды­лары болып та­бы­лады. Міне, осы се­кіл­ді ер­тең «Рахат» кәм­пи­тінің немесе, мә­се­лен, «Цес­на» ұн өнім­де­рінің бренд­тері өзге ел­дер­ден кө­рініс та­уып жатса, онда отандық фран­­ши­заның ке­ңінен қа­нат жайғанының куә­сі бо­лар едік. Біз­дің еліміздің бұл арада діт­­теген мақсаты да – осы.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста