Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бастап ерекше екпінмен қарқын алған саланың бірі – көлік саудасы болды. Пысықайлар ебін тауып, Германия, Жапония секілді дамыған елдердегі әбден тозығы жетіп, ескірген, тіптен жарамсыз деп танылған «қиранды» көліктерді әкеліп тоғытып жатты. Содан бері жиырма жылдай уақыт өтсе де осы үрдіс тыйылған жоқ. Алайда сол көлік саудасының көрігін қыздырамыз деп жүріп, Қазақстанды тозығы жеткен көліктерді тастайтын «қоқыс ордасына» айналдырып алғанымызды да байқамай қалыппыз...
Шілденің 15-інен бастап елімізде еуро-2 стандарты енгізілейін деп отыр. Бұл туралы кеше Көлік және коммуникация министрлігінде өткен баспасөз конференциясында айтылды. Мамандардың айтуынша, еуро-2 стандартының техникалық регламенті 2007 жылы тапсырылған екен. Көлік және коммуникация министрлігі Көлік-коммуникациялық кешенін дамыту департаментінің директоры Болат Жансүгіров бұл шараның алдымен экологиялық жағынан тиімді екенін айтып өтті. Бүгінде еліміздің ірі қалаларындағы қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтардың 60 пайызы тек қана көліктерден келеді екен. Көліктердің ауаны ластау жағдайы, әсіресе, Алматы қаласында ушығып тұр. Ондағы көліктерден атмосфераға жылына 507 тонна зиянды зат көтеріледі екен. «Ескірген көліктердің двигательдерінде 170 түрлі зиянды қоспа бар. Мысалы, бір ғана көлік жыл ішінде ауаға 800 келі көмірқышқыл оксидін, 40 келі азот оксидін бөледі. Олардан өзге 20 келіден асатын көмірқышқыл қалдықтары тағы бар», – деді департамент директоры. Оның мәліметтеріне қарағанда, аталмыш заттардың денсаулыққа тигізетін әсерінен онкологиялық және тыныс алу жолдарына байланысты ауруларға шалдыққандар саны артып отыр.
«Осындай кемшіліктердің алдын алу үшін еуро-2 стандартын енгізіп отырмыз. Батыс елдері бұл стандартқа осыдан көп жыл бұрын көшіп алған. Олар тіпті еуро-5 стандартын енгізіп жатыр», – деп атап өтті Болат Амангелдіұлы. Оның мәлімдеуінше, еуро-2 стандарты 15 шілдеге дейін енгізілген көліктерге қатысы жоқ. «Бұл көліктер тозығы жеткенше жұмыс істейді. Экологиялық ахуал көбінесе ескі көліктерден бөлінетін зиянды заттардан бұзылатыны белгілі. Сондықтан кез келген көлік осы мәселеге қатысты қатаң бақылауға алынып, тексеруден өтетін болады», – деді департамент директоры. Халықтың әл-ауқаты артып, әлеуметтік жағдайы түзелген сайын, автокөліктер саны жылдан-жылға көбейіп, қазір олардың саны үш миллионға жетіпті. Солардың 80 пайызы – ескірген көліктер. «Әрине, көлік жүріп-тұруға, жүк тасымалдауға ыңғайлы-ақ. Дегенмен біз оның қауіп-қатер тудырушы құрал екенін де ұмытпауымыз қажет», – деді департамент директоры.
Енді ел аумағына келетін көліктерден бөлінетін улы газдар көлемі жіті бақылауға алынады. Яғни ескі көліктерді сатуға мүлдем тыйым салынады деген сөз. «1996 жылдан бері шыққан көліктер ғана жіберіледі. Оның өзінде қатаң сараптаудан өтуі тиіс. Елімізде еуро халықаралық техникалық және экологиялық стандарттарын енгізуді кезең-кезеңмен жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Еуро-2 экологиялық кезеңі 2009 жылғы 15 маусымнан басталады. Ал еуро-3 стандарты – 2011 жылдың 1 қаңтарынан, еуро-4 стандартына 2014 жылы толық өтеміз. Жанар-жағармайға қарасты айтатын болсақ, еуро-2 стандарты – 2010 жылғы 1 қаңтардан, еуро-3 – 2014 жылғы 1 қаңтардан, ал еуро-4 – 2016 жылғы 1 қаңтардан кешіктірмей енгізілуі тиіс», – деді ол.
Еуро стандартының енгізілуімен Қазақстан аумағына аталған стандарттарға сәйкес келмейтін көлікті әкелуге және өндіруге тыйым салынып, олар үшін өндірілетін жанар-жағармай сапасын жақсарту қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар бұл пайдаланудағы автокөлік паркін жаңартуға, экологиялық мәселелерді (оның ішінде ірі қалаларда) шешуге және жол қауіпсіздігі деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.
Индустрия және сауда министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің сарапшысы Қайнар Тайжановтың айтуынша, бүгінгі күні аталмыш талаптарды енгізу үшін 67-ден астам сынақ зертханалары мен көлік тұрақтайтын орындар бар. Онда еуро стандартына байланысты сынақтан өткізілуі тиіс барлық шаралар жүзеге асырылады. «Сонымен қатар тағы 85 сынақ зертханасы мен 49 автотұрақ жағармайдың сапасын тексерумен айналысады. Олар қазір өз міндеттеріне кірісуге толық дайын. Енді сатуға түсетін әрбір көлік бекітілген регламент бойынша арнайы тексеруден өтеді», – деп атап өтті сарапшы. Жақында еуро-2 стандартын Ресей, Украина және Өзбекстан мемлекеттері енгізіпті.
Ескі көлікке есік жабылады
Последние статьи автора