Еңбек нарығы миграциялық толқынмен шайқала түсуде

Енді ЕАЭО елдеріндегі еңбек мигранттары әлеуметтік қамсыздандыруларға қол жеткізе алады
2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енген соң, одаққа мүше елдер ішіндегі жұмыс күшінің қозғалысына қатысты жағдай біршама жеңілдетіледі. Енді ЕАЭО елдеріндегі еңбек мигранттары әлеуметтік қамсыздандырулар мен әлеуметтік сақтандыруларға қол жеткізе алады. Естеріңізге салсақ, мамыр айында көрші Қырғызстан да ЕАЭО-ға қосылмақ, соған байланысты бірқатар сарапшылар елімізді жұмыс іздеп келген еңбек мигранттарының тасқыны басып қалу қаупі бар деген пікірлерін айтуда. Алайда, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғындықов «Көші-қон және халықты жұмыспен қамту мәселесі туралы» кейбір ҚР заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасының тұсаукесерінен соң, «Қазақстан еңбек нарығында ЕАЭО тарапынан еш қиындықтар көрмеуде» деп мәлімдеді. «ЕАЭО-ға қатысты айтсам, бүгінгі күні бізге Ресей Федерациясынан орташа есеппен, 8,5 мың адам, Беларусь Республикасынан 600-ден астам адам келген. Одаққа кіргенге дейінгі 2 жыл бұрынғы кезеңмен салыстырсақ, елімізге жұмыс істеуге келген ресейліктер саны ресми түрде, орташа есеппен, 1 мыңға жуық адам, ал Беларусь Республикасынан келгендер саны 100-ге де жетпейтін еді. Бұл еңбек нарығына ауыртпалық түсіретіндей соншалықты көп сан емес, олар негізінен, жоғары білімді мамандықтар, білікті мамандар» - дәп мәлімдеген еді ол ақпан айында.
«Капитал.kz» іскерлік апталығы Work Permits Kazakhstan компаниясының алматылық кеңсесінің жетекшісі Данияр Ибрагимовтан елімізге келетін жұмыс күшінің қаншалықты болатыны жайында сұрап-білген еді.
- Қазақстанның ЕАЭО-ға мүше болып кіруіне байланысты, еліміздегі қазіргі еңбек нарығында өзгерістер бар деуге бола ма? Қалыптасып отырған жағдайға байланысты қандай да бір жағымсыз салдарлар орын алуы мүмкін бе?
Еңбек нарығындағы жағдай, әрине, өзгерді, бірақ қазірше ол болмашы өзгерістер ғана. Негізінен, бізге ресейліктер келуде, иә, олардың саны өсе түсті, бірақ соншалықты көп те емес. Белорустарға келсек, олар іс жүзінде жоқ десе де болады. Қазақстан ЕАЭО-ға кіргеннен кейін одаққа мүше елдердің азаматтары үшін жұмысқа тұруға рұқсат алу рәсімі біраз жеңілдеді. Бұрын ресейліктердің жұмыс істеуге рұқсат қағазын алып, тіркеуден өту үшін 2-3 ай бойына жүгіруіне тура келсе, қазір олар үшін ондай рұқсат қағазы талап етілмейді – тіркеуден өте салып, бірден жергілікті компания жұмысына кірісіп кете алады. Қазақстандық компаниялардан өз кезегінде, шығатын шығын аз, яғни, Ресейден қызметкер жалдауға жағымды жағдай туғызылды.
Бұдан өзге, қазақстандық тарапқа шетелдік жұмыс күші үшін зейнетақы төлемдерін төлеу қажеттілігі болмайды. Яғни, компания тек әлеуметтік салық пен жеке табыс салығын ғана төлейді. Бірақ, меніңше, бұл мәселе шетелдік мамандардың еңбекақысының аздап көбірек болатындығы есебінен теңестіріледі. Мысалы, банк саласын алайықшы. Ресейде қазір бізде жоқ қызметтер мен өнімдер өте көп, яғни, біз бұл жағынан ресейліктерден аздап артта келеміз. Банк саласы көбінесе сондай деңгейге көтерілуге, сол арқылы ресейлік тараптан қызметкерлерді тартуға ұмтылады. Өз кезегінде, біздің мамандарымыздың да бір бөлігі Ресейге кетті немесе жұмыс орнын ауыстырып, көшуге жиналып жүр. Бұл бәрінен бұрын, жалақы деңгейі мен ресейлік тарап ұсынатын мүмкіндіктерге байланысты, бірақ олардың да үлесі соншалықты көп емес.
- ЕАЭО-ға Қырғызстанның кіруі жергілікті еңбек нарығына ықпалын тигізе ме?
Қырғызстан ЕАЭО-ға енген соң, Қазақстанды еңбек мигранттарының үлкен тасқыны басып қалады деген қауіп бар, әрине. Бірінші кезекте, бұл осы елден келген мамандардың біліктілігіне негізделетін болады. Егер олар нарықта сұранысқа ие сондай деңгейдегі мамандар болса, онда, әрине, олар бізге келеді. Қазіргі уақытта ел аумағында заңсыз жұмыс істеп жүрген Қырғызстан азаматтары бірлі-жарым ғана. Біздің компаниямыздың нарыққа шыққанына 10 жылдан асты, осы уақыт аралығында Қырғызстан азаматтары үшін алынған жұмысқа тұру рұқсаты аз ғана. Қырғызстан азаматтары біздің мамандарымыз істегісі келмейтін жерлерде жұмыс істеп жүруі мүмкін.
Еңбек нарығында бұл шетелдік жұмыс күшінің санына көп әсерін тигізбейді, өйткені бұл елдердегі кадрлар біліктілігі жергілікті мамандардан гөрі біршама төмен. Сондықтан, егер бізге Қырғызстаннан кадрлар келер болса, онда қызмет көрсету саласына ғана баруы мүмкін, ал ірі компанияларға ол үрдістің әсері болмайды.
- Аймақтарда қызметте көтерілу мүмкіндіктері бар ма? Жұмыс іздеушілерді қай аймақтар көбірек қызықтырады? Бүгінде шетелдік қызметкерлердің тек ірі қалаларға ғана емес, аймақтарға да баруға дайын екендігі рас па?
Иә, әрине, аймақтарда да даму, жұмыс тәжірибесі және еңбекақы төлеу тұрғысынан өте тартымды ірі халықаралық компаниялар бар ғой. Бірақ ондай компаниялардың аз екені рас. Біршама тартымды қалалар қатарында Астана, республиканың қаржы орталығы – Алматы, кен орындары бар Батыстағы Атырау, Ақтау, Ақсай болып отыр. Қазір еліміздегі жұмыс орны алыс аймақта болса да шетелдіктердің бара беретінін байқаймыз. Бұған екі фактор ықпал етуде: еңбекақы төлемі мен жаңа жұмыс тәжірибесі. Мысалы, Ресейде қызметкер $2 мың алатын болса, онда ол Қазақстанға тек қымбатырақ ұсыныс жасалса ғана келуі мүмкін. Ал тәжірибе тұрғысынан, шетелдік маман үшін бұл жаңа ел, жаңа жұмыс түрі.
- Батыс Қазақстан – өз алдына бір әңгіме. Мұнайлы облыстардағы шетелдік мамандар жергілікті қызметкерлерден әлдеқайда көп жалақы алады дегенді жиі естиміз. Шетелдіктерді тартудың қаншалықты қажеті бар әлде сондай жұмыс орындарына лайықты жергілікті кадрлар бізде жоқ па?
Ондай деңгейдегі мамандардың бізде де бар екеніне күмән жоқ, бірақ олардың саны тым аз. Неліктен батыс аймақта орналасқан мұнай компаниялары дәл сол шетелдік жұмыс күшін тартады? Себебі, жұмыстың ондай түрі айрықша білімді талап етеді. Шетелдіктердің бағыты әлдеқайда кең. Олар кен өндіру, барлау жұмыстарымен, озық үлгідегі жабдықтармен жақсы таныс, дәл осы салаға қажетті белгілі бір тәжірибеге де ие. Соның есебінен шетелдіктердің жалақысы жергілікті жұмыскерлерге қарағанда әлдеқайда жоғары. Батыс Қазақстандағы ірі компанияларды мемлекет меншігіне айналдыру бағдарламасына сәйкес, компанияда жұмыс істейтін шетелдіктер белгілі бір уақыт аралығында өз тәжірибелерін жергілікті қызметкерлермен бөлісуге тиіс. Компаниялар бірнеше жыл ішінде шетелдіктерді жергілікті үйретілген кадрларға ауыстыруға міндетті.
Батыс Қазақстанда инженер қызметін атқарып жүрген шетелдік және жергілікті екі қызметкер әр түрлі жалақы алған жағдайлар болған. Тексеру келгенде, еңбекақы төлеуге қатысты кемсітушілік анықталып, үлкен айыппұл салынған болатын. Сол жағдайдан кейін компаниялар бірдей қызметтегі шетелдік және жергілікті қызметкерлердің жалақысын теңдей етіп төлеуге тырысады.
Жұмыс берушілер шетелдік жұмыс күшін жергілікті кадрлар қызметіне адам таппағанда ғана шақыртады.
- Қандай салаларға шетелдіктер көп тартылады?
Шетелдік жұмыс күшін тарту саласының көрсеткіші әр түрлі. Батыста (Атырау, Ақтау) жаңа технологияларға қатысты белгілі бір тәжірибесі бар және компания технологиясымен жақсы таныс техникалық қызметкерлер, Алматыда қаржыгерлер, маркетологтар, сату және басқару жөніндегі мамандар көп тартылады.
- Елдегі экономикалық ахуал мен валюта бағамының ауытқуы жалақы көрсеткіштеріне әсер етуде ме?
Қызметкерлердің көпшілігі жалақыны теңгемен алатындықтан, ұтылып жатқандар көп сияқты. Шетелдік компанияларда индекстеу деген ұғым бар. Валюта бағамы ауытқи бастаса, шетелдік компаниялар өз қызметкерлерінің жалақысын осы индекстеу шегінде теңестіріп отырады. Жалақысын доллармен алатын компаниялардың қызметкерлері ондай жағдайда еш ұтылмайды.
- Қандай елдерден жұмысшылар көбірек келеді?
Қытай мен Түркиядан келетін шетелдіктер көп. Олар біздің елде көбінесе құрылыс саласында жұмыс істейді, өйткені бұл салада бізде бәсекелестер азырақ. Біз ел аумағы жағынан әлем бойынша тоғызыншы орынды иеленеміз, бірақ халқының тығыздығы жағынан 63-ші орында тұрмыз. Біздің елімізде түрлі ресурстар мен мүмкіндіктер аса мол. Мысалы, сол Түркияңыздың аумағы шағын болғанмен, халқы шамамен, 80 млн адамды құрайды. Шетелдіктер үшін Қазақстанда аса үлкен мүмкіндіктер көзі ашылуда, себебі, нарықта бәсекелес деген атымен жоқ десе де болады.
- Мемлекет ішкі еңбек нарығын қорғау бойынша қандай да бір шаралар қабылдауда ма?
Расымен де, жергілікті еңбек нарығын қорғау жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Қолданыстағы заңға сәйкес, шетелдік жұмыс күшін тартатын компанияларға ҚР азаматтары үшін жұмыс орындарын құру, ҚР азаматтарын үйрету, біліктіліктерін арттыру сияқты қосымша міндеттер жүктеледі. Сондай-ақ, құзырлы органдар шетелдік мамандар тартуға рұқсат берместен бұрын, тиісті мамандыққа қазақстандық азаматтардың бар-жоғына тексеру жүргізеді. Бұдан өзге, тартылған шетелдік қызметкерлер санын қазақстандық қызметкерлер санына сәйкестендіру жөніндегі шарт бар.
Президент бұйрығы бойынша, шетелдік жұмысшы күшін тартатын компаниялар жергілікті кадрлар мен шетелдік мамандар арасындағы белгілі бір арасалмақты ұстап отыруға тиіс. Жоғары және орта буынды басшыларға қатысты арасалмақ: 30% - шетелдік жұмыс күшін және 70% - жергілікті кадрларды құрайды. Арнайы мамандар мен жұмысшыларға қатысты бұл көрсеткіш 10%-дан 90% аралығын құрайды. Мысалы, егер компания бір шетелдік инженерді жалдар болса, онда соған сәйкес, тоғыз жергілікті маманды жалдауға тиіс.
2015 жылы шетелдік жұмыс күшін тарту үшін Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі белгілеген квота халықтың экономикалық белсенді бөлігіне шаққанда 0,7%-ды, нақты санмен айтқанда, республикадағы 39 мыңнан аса шетелдік маманды құраған. Жалпы үрдіс бойынша, шетелдік мамандар саны жыл өткен азая түсуде.

kapital.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста