Элеватордағы астықтың есебін ешкім білмейді
Жалпы, Қазақстан бойынша айтар болсақ, өткен жылы қоймалардан 2 млрд 3 млн теңгенің 57 272 тонна астығы қолды болыпты. Ал үстіміздегі жылдың басынан бергі үш айдың ішінде 84 923 тонна (!) астықтың орнын сипап қалыппыз. Бұл - 3,4 млрд теңгенің өнімі. Астық өнімдері талан-таражына қатысты мәліметте Шығыс Қазақстан облысының «Предгорненский элеватор», «Бельагачинский», Солтүстік Қазақстанның «Астық қоймалары» кәсіпорындары мен Батыс Қазақстанның «Переметненский элеватор» серіктестігі және Қостанайдағы «Элеватор Агрофуд» ЖШС қара тізімге енген. Айта берсе, тізім ұзақ. Бірақ маңыздысы – олардың барлығының аттарын атап шығу емес, олармен күресті қалай күшейту.
Құзырлы саланың жіті бақылауынсыз қалған астық қоймаларында орын алған қылмыстық оқиғалар соңғы жылдары өршіп тұрса керек. Өзге маңызды істермен жұмысбасты жүрген Үкімет қойыртпағы көп қоймаға бас сұқпаса болмайтынын енді біліп жатыр.
ҚР Ауылшарушылық министрлігі бастамасымен құқық қорғау органдары астық қабылдайтын кәсіпорындар басшылықтарына қатысты қылмыстық іс қозғады. Облыстық инспекцияның астық инспекторларының қаржы полициясымен бірге өткізген жоспардан тыс тексерулері кезінде әшкере болған заңсыз деректер құқық қорғау органдарына жіберілді.
Жазаға тартылатындар саны оннан асып жығылады. Құзырлы министрлік таратқан мәліметке сенсек, өздерін құдды бір ұмыт қалғандай сезініп жүрген кәсіпорындар сеніп тапсырылған астықты жымқырудың тиімді жолдарын жасап алғанға ұқсайды. Алайда ұрлығымыз ашылып қалады деп ойламаған, сірә. Ал сезік қайдан туды? Орақ науқаны кезінде диқаншылар бидайды қайда сыйғызарын білмей жанталасып жатады. Жылда солай. Ал егін шықпайтын кезде қоймада тұрған астықтың орны опырылып түсіп, нәтижесінде бидай бағасы қымбаттап кетеді. Осыдан кейін сезіктенбей көр. Қоймадағылар болса, «астықтың тұрғаны сатылып, орнына басқасы келіп жатқанда біздің не істеп, не қойып жатқанымызды ешкім білмей қалады» деп ойлайды.
Мамандардың ойынша, заңға қайшы әрекеттің осы түрінің сары желіспен белең алуы Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Заңының солқылдақтығынан. Жауапты сала «заңға сәйкес, біз бидай қабылдайтын кәсіпорындарды алты айда бір рет қана тексере аламыз», – дейді. «Мұндай жоспарлы тексеруді көбірек жүргізсек, жағдай осынша ушықпас еді» деп санайды олар. Сол себепті де ҚР Ауылшарушылық министрлігі қолданыстағы «Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Заңына өзгеріс енгізуді сұрайды. Сөйтіп, бидай қабылдайтын кәсіпорындарды бұрынғыдай жылына екі рет емес, айына бір рет тексермек. Шынымен де, астық нарығындағы осындай қатаң бақылаудан кейін, бәлкім, жағдай түзелетін шығар. Қазіргі кезде бұл заң жобасы ел қалаулыларының талқылауында жатыр.
Жалпы, құзырлы министрлік қазіргі кезде жаңа заң жобасын жасау үстінде. Толғағы жетпеген бұл заңның қағидасы «мұндай проблеманы кешенді шешу үшін астық қабылдайтын кәсіпорындардың қолдарында астық қолхаты барлар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру керек» дегенге саяды.
Осы тұста астық қолхатына қысқаша тоқтала кетсек дейміз. Өйткені астық талан-таражын болдырмауда астық қолхатының рөлі айрықша. Негізі, астық қолхаты Қазақстанда тәжірибеге 2003 жылы енгізілген болатын. ҚР «Астық туралы» Заңында астық қолхатының қалай жұмыс істейтіндігі, қандай заңдық күші бар екендігі көрсетілген. Заңда «Қазақстан Республикасының астық туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады» деп де жазылған. Алайда мамандардың айтуынша, еліміздегі астық қолхаты институтын әлі де жетілдіру керек. Ал қазіргі жүйесі пісіп-жетілмеген.
Астық қолхаты институтын дамытудың ең тиімді жолы – электронды жүйесін енгізу. Бұл мәселе де қазір басты назарда тұр. Бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифинг барысында Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Алмабек Марс мәлімдеген еді.
«Астықты қабылдау қоймаларындағы жиі орын алып отырған заңға қайшы әрекеттердің алдын алу, болдырмау мақсатында қолданыстағы заңға бірқатар өзгерістер енгізу қажет. Атап айтқанда, электронды астық қолхаты институтын заң жүзінде бекітіп, оны айналымға енгізу керек. Бұл – Қазақстандағы астық нарығындағы оң қадам болмақ. Біз тек солай ғана қамбада қанша астық сақталып жатқанын нақты қадағалай аламыз. Бұдан бөлек, міндетті сақтандыру туралы заңға астық қолхатын ұстаушылардың алдында азаматтық-құқықтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған нормалар қаралатын болады. Бұл заң жобалары қазір талқыланып жатыр», – дейді төрағаның орынбасары А. Марс.
Бұдан басқа, комитет өкілі жергілікті жерлерде астық қабылдау кәсіпорындарынан көлік және теміржол жолдарымен астықтың тиелуін бақылайтын тиісті штабтар құру туралы Үкіметке ұсыныс жолдағандарымен де бөлісті. Ондай штабтың құрамына кіретін құқық қорғау органы қызметкерлері мен облыс әкімдіктерінің өкілдері кәсіпорындардан шығарылатын астықтың заңдылығын да бақылайтын болады.
Мамандардың барлығы дерлік «астық қолхаты институтын дамыту керек» деген пікір жағында. «Егер астық қолхаты кеңінен қолданылса, диқандардың астығы банктегі депозиттей сенімді сақталады, тіпті бірден биржаға шығаруға мүмкіндік алар еді, әрі астық айналымында заманауи жүйе қалыптаспақ» дейді олар.
Астық нарығын реттеу, оның қауіпсіздігі мен сапасын жақсарту қажеттігі қазір өзекті болып тұр. Экономика ғылымдарының докторы Тоқтар Есіркепов болса, былай дейді:
– Әрине астық қолхаты жүйесін қолдаймын. Оның қолданысын, мейлінше, кеңейту керек. Алайда мұнымен бар мәселе шешіле қоймайды. Қамбалар, негізі, элеватор және астық қабылдап алу кәсіпорындары деп екіге бөлінеді. Сонау 90 жылдардың бас кезінде соның барлығын үкімет жекешеге өткізіп жіберді. Оған мамандардың басым бөлігі қарсы тұрды. «Олай жасауға болмайды, жартысын мемлекеттің құзырында қалсын» деген ұсыныс айтып едік, ешкім тыңдамады. Енді сол қателіктің зардабын шегіп жатырмыз. Астық қабылдау орындарының біразы шалғай ауылдарда орналасса, жартысы қала маңында. Сол сырт жатқандарды жекеге өткізіп, теміржолдар бойында орналасқандарды стратегиялық нысан ретінде үкіметтің меншігінде қалдыру керек еді. Алайда министрліктің халықаралық тәжірибеге жүгінуіне тура келді. Нақтырақ айтсам, Халықаралық валюта қоры мен Бүкіләлемдік банк бізге «олардың барлығын жекешелендіруге тиіссіңдер» деп шарт қойды. Әйтпесе «жүйелі несие бермейміз» деп салды. Ал жүйелі несие реформа жүргізу үшін, яғни Қазақстанға жекешелендіру реформасын енгізу үшін керек болды.
«Азық-түлік келісімшарты корпорациясының» функциясын да өзгерту керек. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Қысқасы, аталған корпорацияның бір-біріне қарама-қайшы келетін міндеттері де астыққа қатысты түрлі заңбұзушылықтардың орын алуына әсер етпей қоймайды. «Азық-түлік келісімшарты корпорациясы» – коммерциялық құрылым. Сол себепті де олар үкіметтің мүддесін емес, негізінен, қай жерден қалай табыс табуды көбірек ойлайды. Менің ойымша, оларды таратып, арнайы агенттік құру керек немесе мәртебесін өзгертіп, оны қормен алмастыру қажет сияқты.
Сонымен қатар қолданыстағы заңдардың орындалуын қадағалау керек. Әйтпесе бізде талай заң бар, бірақ оған бағынғымыз келмейді. Бізде 23 миллион тонна астық сақтайтын мемлекеттік элеваторлар мен астық қабылдау пункттері болатын. Бұл – шалғай ауылдардағы кішігірім қамбаларды қоспағандағы есеп. Қазір 12 миллион тонна астық сақтайтын орын ғана қалыпты. Сонда қалғаны қайда? Жекеге өтіп, басқа мақсатқа пайдаланылуда. Сұрау деген бар емес пе? Үкіметтің балансында бар-жоғы алты элеватор қалды. Барлығын болмаса да, стратегиялық нысан саналатындарын үкіметтік құзырына өткізу керек.
Ерте көктемнен қолына кетпен алып, ала жаздай тер төккен диқандар астық жинау науқаны аяқталар шаққа сүрініп-қабынып әрең жетеді. Алайда жиған-тергенін қамбаға өткізгеннен кейін оларды салы суға кетіретін сергелдең күтіп тұрады. Мұндай табанынан сарылудың қиындығы – олар үшін көктем, жаз, күз айлары кезінде алқапта түнеп, тер төкеннен де ауыр. Тер төгілсе – ол адал еңбектің кермек дәмі ғой. Ал «біреудің несібесін қалай бөліссем екен» деп жан-жақтан анталағандармен арпалысқандары, шынымен де, аянышты. Тіпті соттасып та, әділдікке қол жеткізе алмайды. Диқандардың арасында астығын өзі сақтаймын деп, оның сапасын төмендетіп алатындары да бар. Иә, диқандар басына түскен мұндай көлденең қиындықтарды енді мемлекет деңгейінде шешпесе болмайды.