Форсайт – ұзақ мерзімге арналған болжам технологиясы, елдің 10-20 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық өсімін және экономиканың, өнеркәсіптің, қоғамның даму мүмкіндіктерін болжау дегенді білдіреді. Ғылыми-технологиялық болжауда әдетте циклдік кесте қолданылады: басымдықтарды таңдау, инновациялар мен технологиялық шешімдер, технологиялық жол карталарын құру, қорытындыларды енгізу мен бағалау.
30 жыл бұрын пайда болған форсайт бүгінде инновациялық экономиканың маңызды құралдарының біріне айналды. Алғашқыда оны технология саласында болашақтың бейнесін жасауға қолданды. Кейін форсайт технологиясы бизнесте пайдаланыла бастады. Жол карталары мен форсайт-жобалардың нәтижесі бизнестегі бағытты айқындаушы негізге айналды.
Бүгінде форсайт адам қызметінің барлық дерлік салаларына еніп үлгерді. Ол медицина, химия, энергетикаға бойлады, зерттеу құрығына тіпті азық-түлік те іліккенге ұқсайды. Мәселен, UNIDO (United Nations Industrial Development Organization) басшылығымен 2009 жылы әзірленген «Қауіпсіз әрі сау тағам» форсайты бизнестің ұзақ мерзімге арналған басты жол сілтеушісіне айналды. Бұл форсайт азық-түлік өнімдерін өндіруде қауіпсіздіктің ең жоғарғы деңгейін қарастырады. Әсіресе нанотағам өндірісінде таптырмайтын тәсіл. Ондай тағамның өзіндік құны төмен болғандықтан, дамушы елдер нарығын толтыруға арналады.
Компьютерлік құрал-жабдық та нанотехнологияның арқасында анағұрлым жақсарады. Егер 90-жылдары «әр үйге – бір суперкомпьютерден» деген ұран шықса, мамандар 2015 жылы «әр адамға – бір суперкомпьютерден» деген ұран орындалады деген сенімде. Олардың сөзіне сенсек, 2015 жылы жеке компьютерлер мүлде жойылуы мүмкін. Нанотехнологияны пайдалану нәтижесінде тұрмыстық техниканы компьютермен жабдықтау операция жиілігі мен жадысының көлемі жағынан қазіргі ең керемет деген компьютерден асып түседі. Әрбір пайдаланушыға көшпелі кеңсе, мәліметтер банкі, ойын-сауық орталықтары кез келген жерде, кез келген сәтте қолжетімді болмақ. 2015 жылы коммуникациялар нарығын жаңа перспективалық технологиялар жаулайды. Оның бірі – бағдарламалы өлшемдері бар радиобайланыс. Бір сөзбен айтқанда, байланысқа қажетті көп гаджетті тастамай алып жүрудің, түрлі логиндер мен парольдердің керегі болмай қалады. Не керек, форсайт күнделікті тіршілікке фантаст жазушылардың түсіне де кірмеген жаңалықтарды әкеле алады. Сондықтан форсайттың бізде де қолға алынуы – жағымды жаңалық. Ұлттық инновациялық қор (ҰИҚ) алдағы 10 жыл ішінде еліміздің дамуына ықпал ететін технологиялық мега-тренд мәселелері мен қажеттіліктерін анықтады. Жүргізілген зерттеу елдің 2020 жылға дейінгі ғылыми-технологиялық дамуының екі жылдық форсайт жұмысындағы кезекті кезеңі болып табылады. ҰИҚ бұл зерттеуді Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің тапсырмасымен жүргізіп отырғанын айту керек.
Зерттеу кезінде ауқымды салалық мега-трендтер айқындалды. Олар – биотехнология, нанотехнология, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және жаңа материалдар. Одан басқа тәжірибелік сауалнама жүргізудің нәтижесінде келешегі зор салалар анықталды. Сондай-ақ алдағы 10 жыл ішінде еліміздің дамуына әсер ететін факторлар мен қажеттіліктер белгіленді. Факторлар арасында халықтың өсімі, білімге деген құлшыныс, қоршаған ортаны қорғау, жалпы ішкі өнімнің өсімі және т.б. байқалды. Ал болашағы зор салалардың арасында ақпараттық технологиялар, көлік және инфрақұрылым, қуаттың балама көздері, биотехнология, медицина мен нанотехнология енгізілді.
«Форсайт зерттеуінің нәтижелері Қазақстанның 2020 жылға дейінгі салааралық ғылыми-технологиялық даму жоспарында пайдаланылды», – дейді ҰИҚ басқарма директоры Жұматай Сәлімов.
Форсайт зерттеуінің келесі баспалдағы – Дельфи тәсілі бойынша ұлттық сараптау сауалнамасын жүргізу. Оған мыңнан астам отандық сарапшы, ғалымдар мен бизнес өкілдері атсалысады. Сол сауалнама нәтижесінде халықаралық нарыққа шығуға жарамды өнім өндіруге қажетті жоғары технологиялық салалар анықталады.
Форсайт зерттеуін жүргізуде ҰИҚ-қа Корей жоспарлау және ғылым мен технологияны бағалау институты (KISTEP) кеңестік қолдау көрсетеді.
Дельфи тәсілі 1950-60 жылдары АҚШ-тың атом соғысы жоспарын талдау мақсатында пайда болды. Түрлі сауалнама, сұхбат жүргізу арқылы дұрыс шешімді анықтауға ұмтылу. Тиімділігі сол, көбіне бір-бірімен байланысы жоқ сарапшылар арнайы жұмылдырылған топқа қарағанда тұшымды қорытынды шығарады.