Білесіздер, осы уақытқа дейін Алаш айнасының Бизнес әліппесі айдарында біз бірнеше тақырыптарға тоқталдық. Қозғалған тақырыптарға орай оқырмандарымыздың арасында арнайы сұрау салып, белгілі бір жайттарды білгісі келіп, соған байланысты толық мәлімет беруімізді өтінетіндер де баршылық. Осыны ескеріп бүгінгі Бизнес әліппесінде оқырман сұрауына толық жауап беруді жөн санадық. Айдарымыздың өткен санында тұрақты оқырмандарымыздың бірі брокерлік қызметтің қыр-сырын ашып көрсетуді өтініп: брокерлік есеп-шот ашуда нені ескеру қажеттігін, брокерді қалай таңдау керектігін, шетелде тұрып брокерлік есеп-шот ашуға рұқсаттың бар-жоғын білгісі келді. Осыған орай біз арнайы мамандармен тілдесіп, брокер-нарық-құнды қағаздар турасында тарқатып жазуды жөн көрдік.
Ал бастаймыз!
Әрине, оқырмандарымызға түсінікті болу үшін алдымен «брокер дегеніміз не» деген сауалға жауап беріп көрелік. Брокер – бұл қор және тауар биржаларында, валюта нарығында құндылықтарды сатушылар мен алушылар арасында мәміле жасасу кезінде арада жүретін ресми делдал. Брокер қандайда бір жеке адам немесе белгілі бір фирма да болуы мүмкін. Қандай жұмыспен айналысатынына, кімнің өкілі екеніне қарамастан, брокер әрдайым тек заңға сай, нақты іс-қимыл жасайды. Естеріңізде болсын, брокердің мақсаты — мол табыс табу. Десек те қанша жерден мол табыс тапқысы келсе де ол өзінің делдалдық етуімен қабылданған келісім бойынша нақты тапсырмалар ғана алады. «Брокер өкіл емес, белгілі бір жақтың шарттық келісімдеріне араласпайды. Жеке келісімшарт жасасуға арнайы берілген шеңберінде ғана әрекет етеді. Өзінің қызметі үшін делдал келісімге сәйкес ақы алады. Оның мөлшері тауар операциялары кезінде келісімшартта көрсетілген соманың 0,25 пайызынан, 2-3 пайызына дейін жетеді» дейді мамандар. Брокердің агенттен айырмашылығы - ол тауар сатып алушымен және сатушылармен ұзақ сауда қарым-қатынасында болмайды. Жеке тапсырыстар бойынша қызмет көрсетеді. Қазіргі кезде брокерлік яғни делдалдық операциялардың негізгі бөлігін филиалдарының желісі кең және банкілермен тығыз байланыс орнатқан ірі делдал фирмалар да жүзеге асырады.
Брокерді қалай таңдау керек?
Егер сіз қор нарығында қарапайым акция сатып алғыңыз келсе, брокерлік шот ашуыңыз керек. Ал мұндайда брокерді қалай таңдау керек? Қадамды неден бастау қажет? Таңдалған брокеріңіздің лайықты қызмет көрсете алатынына сенімдісіз бе?
Жалпы, сауатты, білікті брокер сіздің акцияларыңыздың құнын түсірмей табысыңызды еселеуге септігін тигізеді. Ендеше кәсіби брокерді қалай таңдау керек? Мұндайда ескерілуі тиісті жағдайлардың бірі: біріншіден, брокер болуға лайық деп таныған компанияңыздың немесе жеке тұлғаның қор нарығында жұмыс жасауы үшін лицензиясы барын білуіңіз керек. Екіншіден, брокердің биржалық алаңдардағы қызметі қандай екенін анықтап алу өте маңызды. Үшіншіден, брокердің тарифтік ұсыныстарын оқып білу керек. Кейбір компанияларда тарифтің құрамына барлық комиссиялар кіреді. Ал енді кейбірінде саудалық жүйені қолданғаны үшін айлық төлемдер қосылмайды. Міне, осының барлығын електен өткізіп алғаннан кейін сыныңыздан өткізген брокермен өзара бірлесіп жұмыс істей бастайсыз.
Брокермен жұмыс
Абзалында инвестор-брокер-қор нарығы өзара байланыстарын нығайту арқылы сауданы қыздырады. Бұл процесте әркімнің өз тапсырмасы, өзіндік мақсаттары бар. Мысалы, инвестор қағаз мәселелеріне араласпай уақытын үнемдейді. Барлық жұмысты оған брокер жасап береді. Инвесторға тек пайда түсіру үшін қандай құнды қағазды қашан сатып алғысы келетінін нақты біліп отырғаны керек. Брокер әрбір жүзеге асқан мәміледегі қызметі үшін ақысын (комиссия) алып отырады. Сондықтан ол сіздің биржада жақсы сауда жасағаныңызға мұқтаж. Себебі сіздің саудаңыз көтерілген сайын брокердің ақысы да жоғарлайды.
Брокерлік шотты қалай ашуға болады?
Сөйтіп, біз брокерлік қызметтің, брокермен жұмыс істеудің қаншалықты маңыздылығын атап өттік. Енді брокерлік шотты қалай ашуға болады? Осы сауалды талдап көрелік.
Брокерлік шот ашу үшін алдымен брокерлік компанияға жеке куәлігіңізді апарып құнды қағаздар нарығындағы делдалдық қызметтерді пайдалануға келісімге отыру керек. Келісімге қол қойғаннан кейін инвесторға орталық депозитарийде шот ашылады. Онда инвестордың құнды қағаздары мен қаражаты тіркеледі. Орталық депозитарийдегі осы шотқа брокердің клиентінің банктегі шотынан ақша жіберіледі. Кейін брокер акцияларды алып-сатуда осы ақшамен жұмыс жасай береді.
Шетелде тұрып елден брокерлік шот ашуға бола ма?
Ал енді шетелге басқа мемлекетке кете қалған жағдайда елімізден брокерлік шот ашуға бола ма? Шетелге қоныс аударған жағдайда шотты қалай ашуға болады? Біздің оқырманымыз Дәуреннің білгісі келген ең негізгі сауалы да осы болатын. Оқырманымыздың бұл сауалына экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова жауап берді:
– Шетелде отырып, брокерлік шот ашу үшін электронды поштаңызға электронды түрде шартты, шотты ашу туралы бұйрықты, қолтаңбалар үлгілері бар карточка жіберіледі. Осыдан кейін сіз құжаттармен танысып, оларды толтырып, қол қойып, жеке куәлігіңіздің, ЖСН көшірмелерімен қоса, бізге электронды пошта және Қазпошта филалына жіберуіңіз керек. Жеке куәлік, ЖСН және қолтаңба үлгілері бар карточкалар нотариуспен куәландырылуы тиіс. Құжаттарды алғаннан кейін біз де қол қойып, сіздің атыңызға брокерлік шот ашамыз да, шарттың тиесілі нұсқасын сіздің мекенжайыңызға жібереміз. Осыдан кейін сіз ақшаны шотқа аударып, саудаға кірісуіңізге болады.
Есіңізде болсын:
Брокерлік шот ашуда жеке тұлғалар үшін:
1. Жеке куәлігі (немесе төлқұжат) және ЖСН.
Заңды тұлғалар үшін:
1. Заңды тұлғаны тіркеу туралы куәліктің және статистикалық карточканың көшірмелерін (резиденттер үшін) беру;
2. Міндетті түрде нотариалды куәландырылған уәкілетті тұлғалардың қолтаңбаларының үлгілері бар карточканы беру;
3. Сауалнаманы толтыру қажет.
Брокердің мақсаты:
- инвестордан бұйрық алғаннан кейін қор биржасындағы инвестордың құнды қағаздарын сатып алу және сату;
- инвестордың шотына құнды қағаздардан түскен пайданы және оған тиесілі дивиденттерді аудару;
- инвесторға құнды қағаздарды сатып алу мен сату жөнінде әрбір тапсырмасын орындағаны жайлы есеп беру.
Түйін: Жалпы, біз мақала барысында брокермен бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын, оның қаншалықты сауданы қыздыра алатындығын ашып көрсетуге тырыстық. Ал егер сіздің таңдаған брокеріңіз көңіліңізден шықпаса, ол құнды қағаздарыңыздың саудасына соншалықты алаңдай қоймаса, жұмысына көңіліңіз толмаса онда басқа брокермен келісімге отыруға болатынын ұмытпағайсыз. Қаперіңізде жүрсін, біздегі брокерлердің тізімі Қазақстан қор биржасының (KASE) kase.kz сайтында жарияланған. Тағы бір жадыңызда ұстар жайт егер брокерден лицензиясы алынған болса, сіздің қаржыңыз бен бағалы қағаздарыңызға зиян тимейді. Сізге кез келген уақытта басқа брокермен келісімшартқа отыруға болады және ақшалар мен бағалы қағаздарыңызды өзіңіздің жаңа брокерлік есеп-шотыңызға аудара аласыз. Брокер тарапынан құқығыңыз бұзылған жағдайда, еліміздің қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитетіне шағым да түсіре аласыз. Бастысы брокерді біліп, талдап, таразылап барып іске кірісіңіз, брокерді білмей, акционер болудың өзіндік машақаттары бар екенін ұмытпағайсыз...