Сонымен, мен он эмитенттiң он дана акциясын алғаныма бiр апта уақыт өттi. Осы аралықтағы бағалар қалай өзгергенiн мына таблицадан көре аласыздар.
«Алаш айнасы» портфелiне кiретiн эмитенттер акцияларының өзгеруi
«Халық банк», «Қазақмыс», ENRC мен «Қазақтелеком» акциялары құны өскен. «Халық банк» акцияларын алуға кеңес берген «Асыл-инвест» компаниясының сарапшысы Дамир Сейсебаев «ұзақ мерзiмде қарастырсақ, «Халық банк» пен «Қазкоммерцбанк» акцияларының 30-дан 60 пайызға дейiн өсуге қауқары бар» деген болатын. «Қазкомды» бiлмеймiн, «Халық банк» еңсесiн көтере бастапты. Түрлi түстi металдың бағасы түсiп кетсе де, «Қазақмыс» пен ENRC инвесторлар қызығарлықтай-ақ деген едi. Бұл компаниялар үшiн салық жеңiлдiктерi бар. Әрi девальвация оларға тиiмдi болды. Өйткенi ел iшiнде жұмысшыларға жалақыны бұрынғыдай теңгемен төлейдi. Ал металды шетелге долларға сатады. Оны теңгеге айырбастағанда, бұрынғыдан көп ақша түседi. «Қазақтелекомның» акциясына қатысты Дамир: «Қазақтелеком« шыңырау шегiне жеттi, бағасы осы жылдың екiншi жартысында өзге акциялармен қатар көтерiле бастайды», – деген едi. Сонымен, әзiрге төрт акцияға қатысты сарапшымыздың айтқаны келдi.
Ендi арзандап кеткен төрт акцияны қарастырайық. «БТА банк» те өседi деп күтiлген едi. Жыл соңында банк активтерiнiң рентабельдiлiгi 1,2 пайыз болады деп болжануда. Былтырғы көрсеткiш – минус 0,44 пайыз. Берген несиелерiнiң 20 пайызға жуығы төленбей жатса да, Үкiметтiң акционерлер қатарына енгенi сенiмдiлiк кепiлi ретiнде бағаланды. Алайда әзiрге акциялар қымбаттаудың орнына, арзандады. «Қазмұнайгаздың» жағдайы айрықша. Осы бiр аптаның iшiнде «Қазмұнайгаз» акциялары 12 776 теңгеге дейiн өсiп, дүйсенбiде 7500 теңгеге құлап түстi. Өскен себебi – компания өз акцияларын керi сатып ала бастады. Құлаған себебi – Қазақстан қор биржасында сауда жасап отырған трейдер қателесiп, сатып алуға ұсынған баға ретiнде инвестор көрсеткен соманы емес, одан әлдеқайда төмен 7500 теңгенi енгiзiп жiберiптi. Жауапты жұмыста қалай жаңылысуға боларын кiм бiлсiн, KASE-нiң түсiнiктемесi осындай болды.
Портфелiмiзде тағы бiр айрықша топ бар. «Ұлы қорған» акционерлiк инвестициялық жылжымайтын мүлiк қоры мен «Рахат» кондитерлiк фабрикасы. Бiрнеше iскерлiк орталықты сатып алған «Ұлы қорған» қоры оны жалға берiп, пайда түсiрумен айналысады. Бiр аптада акцияларының құны өспептi. Сарапшы бұл акцияны тоқсан сайын тұрақты түрде дивиденд төленетiнi үшiн қосқан болатын. Жылдық ставкасы 12 пайыз екен. Кәмпиттерi тәттi болғанымен, Рахаттың акцияларын соңғы бiр аптада ешкiм сатпаған да, сатып алмаған да. Мұндай жағдай апталап емес, айлап созылуы мүмкiндiгiн брокер ескерткен-ақ едi. Жарайды, тәуекел деген осы.
Сонымен, осы он акцияның 6 наурыздағы жалпы құны 375 743 теңге болса, 13 наурызда 371 526 теңгеге түсiп қалыпты. Инвестор ретiнде мен ұтылып отырмын. Алайда жақсы күннен үмiт үзбейiк. Баға әлi-ақ көтерiлер. Акциялардың жиынтық құны арқылы пайда көрiп отырғанымызды немесе зиян шегiп отырғанымызды есептеу – өте қарапайым тәсiл. Өйткенi акциялар құны өте алшақ. Мысалы, «Ұлы қорған» қоры 349 000 теңге тұрса, «Халық банк» – 71 теңге. Бұл – банк қордан гөрi әлсiз деген сөз емес. Акциялар құны айналымға шығарылған акциялардың санына да байланысты. Бұл туралы келесi жолы айтамын. Брокер жұма күнi портфелiмiздiң табыстылығын анықтайтын, қор нарығы заңдарына сәйкес келетiн тәсiлдi көрсететiнiн айтты. Яғни Алаш индексiн түзудi бастауымызға болады. Бұл туралы сенбi күнi оқи аласыз.