Беларусь Президенті Александр Лукашенконың мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі үнемі назар аудартады. Кейде оны «Еуропадағы соңғы диктатор» деп атайды. АҚШ пен Еуроодақ елдеріне жақпай қалып, көпке дейін қабылдамай қойғаны бар. 2007 жылы құрылған «Лукашенко-2008» қозғалысы оның Ресей президенттігіне сайлануын жақтайды. ТМД аймағы оны «Батько» деп «еркелетеді». Батьконың әр қадамын алдын ала болжау мүмкін емес. Әншейінде Ресейдің айтқанынан шықпайтын Лукашенко өткен жылы асау мінез танытты: Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін бірінші болып мойындайды деп күткен Ресейдің үмітін ақтамады.
Туыстар арасындағы жанжал
Былтырғы жылдың қазан айында Мәскеу Минскіге 2 млрд доллар қарыз беруге келіскен еді. Қаржының бір бөлігі – қараша айында, екінші бөлігі наурызда аударылды. Үшінші бөлігіне (500 млн доллар) келгенде, Ресей ойланып отыр. Өйткені РФ қаржы министрі Алексей Кудрин 2009-2010 жылдары Белоруссияда дефолт болуы мүмкін деген болжам айтты. Жалпы, екі ел арасындағы несие дағдарысы осы көктемде басталды. Белорустар миллиардтап қарыз сұрайды, Ресей тартыншақтайды. 2007 жылдан бері Ресей осы елге 3 млрд доллар көлемінде несие берген еді. А.Кудрин белорус үкіметі экономиканы тұрақтандыру бағытында ешқандай әрекет жасамаса, берілуге тиіс қаржының қарасын да көрмейтінін хабарлады. Ал Беларусь премьер-министрі Сергей Сидорский: «Біз ақшаны текке жеп жатқан жоқпыз, жаңа, тиімді экономика құруға жұмсап жатырмыз», – деп ақталады. Оған дәлел ретінде мынадай деректі келтіреді: белорус экономикасы Ресейге қарағанда дағдарысқа төтеп беруде. Мәселен, Ресейдің ЖІӨ 9,5 пайызға кемісе, Беларусьтікі аз да болса (1,1 пайызға) жоғарылаған. Кудриннің сөзіне күйіп кеткен Сидорский оны «қоймашыға» теңесе, А.Лукашенко «вякающие отморозки» деп тіпті қатты кетті. Беларусь Президенті мен премьерінің өз Қаржы министрін жерден алып, жерге салып, сыбағанына қарап тұра ма, Дмитрий Медведев те ашуына мінді. Ол мұндай қылықтың дипломатиялық этикаға жатпайтынын ескертті.
Қарыз алуға келгенде А.Лукашенко басқа майданда да белсенділік танытыпты. Бұған дейін Халықаралық валюта қорынан – 2,56 млрд, Венесуэладан 500 млн доллар алып үлгерді. Оның бұл жанталасуы түсінікті де. Экономикалық дағдарыс ең алдымен осы елдегі қаржы жүйесін тұралатты. Алтын-валюта қорындағы қаражат өткен жылы 1,3 млрд долларға кеміген. Қазір бұл елдің сауда балансы ЖІӨ-нің 13 пайызын ғана құрайды. Инвестиция азайды. Сондықтан қарыз алудан басқа амал жоқ. Қаңтарда белорус рублі 20 пайызға құнсызданған болатын. Ал Ұлттық банк биржада рұқсатсыз валюта сатуға тыйым салды. Бұл еуро мен долларға сұраныстың өскенін көрсетеді. Ал ол өз кезегінде девальвацияға әкелуі мүмкін. Әйтсе де, сарапшылар белорус экономикасына «тұрақты» деген баға берді. Аз да болса, ЖІӨ өсті. Жартылай жабық экономикасы әлемдік несие нарығына тәуелді емес. Бірақ сауда балансындағы жыртығын тез арада жамамаса, жағдайы мүшкілденеді. Мәскеу осындай осал тұсын жақсы біліп отыр. Әрі оны өз есебіне пайдаланғысы келеді. Өйткені соңғы кезде Лукашенко Кремльдің қитығына тиіп жүр. Батыс Еуропамен қарым-қатынасын көпе-көрнеу жақсартып, осы уақытқа дейін Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін мойындамай келеді. Оған қоса Ресейді сынайды. Екі арадағы келісімді бұзып, өз өндірушілерін көбірек қолдайды. Сондықтан Кудриннің мәлімдемесін белорустардың жүйкесін тексеру деп бағалауға болар. Ақыр аяғында Минск Мәскеудің аяғына жығылуы да мүмкін.
Әзірге екі ел арасында «сүт соғысы» басталып кетті. Ресейдің бас тазалықшысы Геннадий Онищенко белорус елінен келетін сүт өнімдерінің 499 түріне тыйым салды. Ресми себебі – 2008 жылғы желтоқсанда күшіне енген техрегламентке сәйкес еместігі. Жуырда ғана екі елдің ауыл шаруашылығы министрліктері Ресей нарығына әкелінетін құрғақ сүттің көлемін 110 мың тоннадан 70 мың тоннаға дейін қысқартуға келіскен-тұғын. Ал ірімшікті 100 мың тоннадан 132 мың тоннаға ұлғайту көзделген еді. Бұл орайда Лукашенконың жауабы қатқыл: «Аналар сүт шығаратын зауыттарды бізге бермесеңдер, сендерден сүт сатып алмаймыз деп өзеурейді. Бұл үкімет деңгейінде айтылған сөз. Ал бізбен бұлайша сөйлесуге болмайды. Тіпті болмаса, сүтті жерге төгерміз, бірақ айтқандарына көнбейміз», – деді ол. Сарапшылар бұл тыйымды экономикалық санкция ретінде бағалап отыр. Бірақ Минск сөзсіз жеңіледі, өйткені оған Ресейден өзге ешкім де соншама қарыз бермейді деседі. Сүт өнімдерін орыс шекарасынан өткізбеудің салдарынан белорус бюджеті 1 млрд доллардан қағылады.
Экспортқа иек артқан ел
Мойындау керек, Беларусь ауыл шаруашылығы бұрынғы кеңес аймағындағы өзге елдерге қарағанда тәуір дамыған. Қазіргі кезде ауылды дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Батыстағы ауыл шаруашылығын дамыту бағытын зерттеп, осы салаға аямай қаржы құюдың арқасында дұрыс жолды таңдауға мүмкіндік берді. Әрі бұрыннан келе жатқан колхоз-совхоздарының тәжірибесі де жәрдемін тигізді. Қазір аграрлық сала ел экономикасының маңызды бөлігіне айналған. Жалпы, бұл елде кеңес дәуірінен бері жүк көлігі (МАЗ, БелАЗ), трактор (Беларусь), жол-құрылыс және коммуналдық техника (Амкадор), теледидар (Горизонт, Витязь), тоңазытқыш (Атлант), калий тыңайтқыштары (Беларускалий), тоқыма және жеңіл өнеркәсіп өнімдері экспортқа шығарылады. Негізгі саласы – машина жасау және металл өңдеу, калий тұзын өндіру, химия және мұнай-химия өнеркәсібі, электроэнергетика, жеңіл және тамақ, орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі.
Соңғы төрт-бес айда белорус машина жасау кәсіпорындарының ішкі және сыртқы нарыққа өнім өткізуі 30 пайызға қысқарды. Себебі – баяғы дағдарыс. Әсіресе жеңіл өнеркәсіп, құрылыс саласы қаңтарылды. Ал тауары сұранысқа ие кәсіпорындар, мәселен, Гомель химия зауытының фосфор тыңайтқыштары қай кезде де өтімді. Көктемде Беларусь премьері Сидорский Ресеймен бірігіп әзірлеген дағдарысқа қарсы бағдарламаға үміт артатынын жасырмаған болатын. Ол мемлекеттік ұйымдардың шығынын азайтуға да ден қойылғанын мәлімдеді. Журналистер Сидорскийдің бір жиында қалтасынан 40 жылғы қаламды шығарғанын көздері шалып қалыпты. Қыршаңқы тілді БАҚ өкілдері премьердің өзі осындай археологиялық «олжаны» пайдаланғанына қарағанда, мемлекеттік мекемелер кеңсе тауарларын жуық арада сатып алмайтын шығар деп біраз жерге апарып тастады. Президент Лукашенко: «Біз барлық өнімді – мотор, киім-кешектен бастап, сары майға дейін сыртқа шығарамыз. Негізінен, экспортқа сүйенетін ел болғандықтан, әрине, дағдарыс әсер етпей қоймайды. Сондықтан Ресей нарығында босаған орындарды жаулауымыз қажет», – деген еді. Кеңес дәуірінде екінің бірі қолына тағатын әйгілі «Луч» сағатын шығаратын зауыт та қарызға белшеден батып отыр. Зауыт қарызы бюджет есебінен бөліп төленетін болды. Белорус халқы да биыл үкіметке риза емес. Себебі жылда көтерілетін жалақы биыл сол қалпында қалды. Мұндай қадамға үкімет ХВҚ-дан несие алу үшін барып отыр. Қордың алдын ала қойған шарты – осындай.
Беларусьтің елімізбен арадағы байланысына ерекше тоқталған жөн. Жақында осы елдің премьер-министрінің бірінші орынбасары Владимир Симашко бізде астық жинайтын комбайн құрастыру, «Атлант» тоңазытқышын құрастыру өндірісін қолға алуға дайын екенін білдірді. Сондай-ақ лифт, тұрмыстық техника, тамақ, оның ішінде сүт өнімдері, консервілер, сиыр еті, қантпен қамтамасыз етуге құлшыныс білдірді. Оған қоса сүт өндіретін зауыт салуға да мүдделі екенін жасырмады. Ондай зауыт іске қосылса, шикізатпен қамтамасыз етуге әзір.
Артықшылығы:
Орман және ауыл шаруашылығын дамытуға әлеуеті жетеді. Көлік жүйесі дамыған. Ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыш – калий тұзы әлемнің көптеген елдеріне экспортқа шығарылады.
Әлсіз жақтары:
Көмірсутегі кен орындары өте аз: Речица ауданындағы кеніштерден мұнай өндіру көлемі жылына 1,5 млн тоннадан аспайды. Темір мен көмірдің үлкен кен орындары жоқ. Бюджетке түсетін әлеуметтік салмақ тым ауқымды. Чернобыль апатының шығыны елдің он жылдық бюджетіне пара-пар.