Электромобильді дәуір есігімізді қағып тұрғаны анық, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Еgemen.kz-ке сілтеме жасап.
Қазірдің өзінде еліміздің бас қаласы мен Алматы секілді ірі қала көшелерінен электромобильді көліктердің жүйткіп жүргенін көзіміз көріп жүр.
Таяуда «Sony» компаниясы «Afeela» деген электромобиль шығарып, өнімін жұртшылыққа таныстырғанда, сарапшылар «Қазіргі заманның шекарасы жоқ, себебі көлік жасаушылар гаджет, ал гаджет жасаушылар көлік шығара беретін дәуірде өмір сүріп жатырмыз», деген еді.
Ендігі мәселе электромобильді кедендік бажсыз ресімдеу тәртібіне қатысты болып тұр. Өйткені қазіргі уақытта әлемнің дамыған елдерінің бәрінде экологиялық стандарттарға ерекше көңіл бөлініп, болашақта көлік қозғалысының электромобильдік түріне көшу мәселесіне байланысты кешенді шаралар қолға алынып жатыр. Осы орайда Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті «Алтынкөл-жол» кеден бекеті басшысының орынбасары Бекен Нұрахметов Қазақстан Республикасының азаматына және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын тұлғаға кедендік салықтар мен төлемдерден босатыла отырып, 1 электромобиль әкелуге рұқсат етілгенін атап өтті. Оның мәлімдеуінше, бұл іс-әрекет Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті, Еуразиялық экономикалық комиссиясы Алқасының 2017 жылғы 20 желтоқсандағы «Жеке пайдалануға арналған тауарларға байланысты кейбір мәселелер туралы» №107 шешімі 3-қосымшасының 9-тармағына сәйкес қолға алынып отыр.
Ал кедендік рәсімдерден өту үшін қандай құжаттар керек деген сұраққа келер болсақ, Бекен Нұрахметовтің хабарлауынша, Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжат, иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқығын растайтын құжаттар, сондай-ақ тауарға ілеспе құжаттар (CMR, ТТН, инвойс, тех.төлқұжат) және өз қолымен толтырылған кедендік декларациясын жолаушы кеден бекетінің инспекторына ұсыну қажет. «Бұл ретте, декларация бланкісі, оны толтырғаны және декларацияны тапсыру үшін ешқандай ақша төленбейді. Сонымен қатар электромобильді рәсімдеген азаматқа Ресей Федерациясының азаматтығы бар және Ресей Федерациясында тұрақты тұратын тұлғаларға кедендік тазартудан өткеннен кейін 3 жыл бойы иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқығына шектеу қойылатынын ескертіп өткеніміз артық болмас», дейді «Алтынкөл-жол» кеден бекеті басшысының орынбасары.
Ел тұрғындары арасында электр қуатымен жүретін мұндай көлікке сұраныс күннен-күнге артып келеді. Мәселен, осыдан жеті жыл бұрын Қазақстанда 19 электр көлігі тіркелсе, өткен жылы олардың саны 900-ге жуықтаған. Бұл көліктердің жартысына жуығы Алматы көшелерінде жүр.
Жалпы, Қазақстанда қазір 4,5 млн көлік тіркелгенін ескерсек, электромобиль нарықта барлық «темір тұлпардың» 0,02 пайызын құрайды екен. Электрлі көліктер ішінде «VW ID» 4,5,6 дегендері, сондай-ақ «Zeekr 001» маркісі де үлкен сұранысқа ие болып жүр. Алайда Мәжіліс депутаты Ерлан Жаңбыршин «Қазақстанда электромобильдерді пайдалану үшін дамыған инфрақұрылымның болмауы, сондай-ақ олардың құнының қымбаттығынан электр қозғалтқышы бар автомобильдердің үлесі әлі де төмен», дейді.
«Мысалы, Қазақстанда бар болғаны 100-ден аса электрмен қуаттайтын станса бар. Ал Германияда мұндай 7 мыңнан астам станса жұмыс істейді. Франция 2030 жылға дейін электрмен қуаттайтын стансалардың санын 7 млн-ға жеткізуді көздеп отыр. Сол себепті елімізде электромобильдерді дамытуға қатысты дайындаған заң жобалары электромобильдердің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Заң жобаларында «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Автомобиль жолдары туралы», «Автомобиль көлігі туралы», «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы», «Жол жүрісі туралы» заңдарына түзетулер енгізу көзделген», дейді депутат.