«Қазақстан Халық банкі» басшыларының жалақысы 1 сәуірден бастап 25 пайызға қысқарды. Бұл мәліметті банктің басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова дүйсенбі күні 2008 жылдың аудит жүргізілген есеп-қисабы туралы баспасөз мәслихатында жария етті.
Журналистер қанша сұрағанмен, банкирлердің жалақы мөлшерін де осы қадамның арқасында үнемделетін сумманы да анықтай алмады. Белгілісі, директорлар кеңесінің кейбір мүшелері, басқарма мүшелері, басқарушы директорлар мен департамент жетекшілерінің айлығы азайған. Бүкіл Қазақстан бойынша мұндай деңгейдегі басшылар саны бірнеше жүз екен. Әрі, шетелдегі тренингтер азаяды, барған күннің өзінде кез келген басшы бизнес-класқа билет ала алмайды. Жыл басынан бері банктің 10 мың қызметкерінің 900-і жұмысынан қысқарған.
Үнемдеуге көшудің басты себебі – қаңтар, ақпан айларында банк шығын шекті. Өйткені төлемі тоқсан күннен артық кешіктірілген несиелер үлесі 10 пайызға жетіпті. Табыс осыған орай 8,8 пайыздық провизия жасақтауға жұмсалды. «Жыл соңына дейін провизия үлесін 17 пайызға дейін көбейтуге тура келеді» – деген болжам бар. Яғни несиені төлей алмай қалатындар санының арту үрдісі байқалады.
2008 жылды «Қазақстан Халық банкі» 14,5 миллиард теңге таза пайдамен аяқтапты. Дегенмен бұл алдыңғы жылғы 40 миллиард таза табыстан екі есе кем. Былтыр «Халық банктің» сыртқы қарызы 800 миллион долларға артып, 3,5 миллиард долларға жеткен. Қазақ банктерінің сырттан жанталаса қарыз алу легінің соңы осы банктің 2008 жылдың сәуір айында шығарған 500 миллион доллар мөлшеріндегі еврооблигациялары мен қыркүйек айында тартқан 300 миллион долларлық синдикатты заемы деуге болады. Биыл банк кестеге сәйкес, 100 миллион доллар өтеген. Енді қыркүйек-қазан айларында 500 миллион доллар төлеуі тиіс.
«БТА банктен» кеткен депозиттер «Қазақстан Халық банкіне» құйылды
Жыл басынан бері «Қазақстан Халық банкінде» депозиттер үлесі 33 пайызға өскен. Банктің басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова: «Бұл негізінен, «БТА банктен» әкетілген салымдар», – деп мәлімдеді. «Біреу тойға айналғанда, біреу қойға айналдының» кері келіп тұр. Салыстыру үшін айтсақ, былтыр «Халық банктің» депозиттік базасы 7,5 пайызға кеміген болатын.
«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры 27 миллиард теңгеге «Халық банк» акцияларының 21 пайызын сатып алды. Осы қаржыны қоса есептегенде Үкімет банкке 155 миллиард теңге қаражат құйып отыр. «БТА банктің» кейбір кредиторлары акционер ауысқан кезде қарызды мерзімімен бұрын төлеуді талап еткені белгілі. «Қазақстан халық банкі» басшылары «Үкіметпен арада келіссөз басталған кезде мұндай қауіптің боларын, мемлекет алатын пакет үлесінің 25 пайыздан аспауы маңыздылығын ескерткенбіз. Қазір кредиторлар тарапынан ковенантқа қатысты талап жоқ» дейді. Сонымен қазір банк Үкімет қолдауы арқасында ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру және «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры бағдарламасы негізінде жұмыс істеп жатыр. Бұған қосымша, биыл АҚШ-тың дамушы елдерді қолдау бағдарламасы шеңберінде Citibank 40 миллион доллар қарыз ұсыныпты. Оның шарты – тұрмысы орта және ортадан төмен отбасыларына ипотекалық несие беру екен. Бір кредиттің мөлшері -70 мың доллардан аспауы керек. Сонда, бұл қаражат 570 мың отбасына жететін сыңайлы. «Қазіргі уақытта қарыз алған қымбат емес пе?» деген сұрағымызға басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Қарабаев әлеуметтік бағдарлама болғандықтан бұл несиенің ставкасы «Самұрық-Қазына» қоры депозиттеріне төлейтін сыйақыдан да төмен деп жауап берді. Ал бюджет ақшасын пайдаланғаны үшін банктердің қандай ақы төлейтіні «коммерциялық құпия» деп жария етілмей келеді.
2008 жыл қорытындысы бойынша банктің нарықтағы үлесі: активтер – 13,6%, несие – 13,3%, депозиттер – 18,6%, төлем карточкалары – 48,2%, таза табыс – 20,5%.