АУЫЗДЫҒЫМЕН АЛЫСҚАН АРҒЫМАҚТАР

©Самал Қаражан фотолар

Жазира даламыздың жамалы болған жылқының қазақ үшін басқа түліктен орны бөлек. Қашаннан кіндігіміз кесілген киелі өлкеде кең көсілген күліктер, жерұйығымызда жабулы жүйріктер, туған топырағымызда талай тұлпарлар болғаны тарихтан мәлім. Бағзыдан байтақ мекенімізде төреге тақ, батырға бақ болған арғымақтар аз болмаған. Тіпті, адам құнын текті жылқымен өлшеп, ардақтаған азаматына ат мінгізген жомарт халық – қазақ. Тұяғымен жер тарпып, кең далада құстай ұшатын тұлпарлар көшпенділермен бірге келмеске кетпепті. Еліміздің әр өңірінде бабадан балаға мирас болған атбегілік өнер де өлмепті. Мұндай өнерді  әлі де болса өміріне өзек етіп, жас ұрпаққа жалауын көтеріп жүрген азаматтар әлі де бар Ақтөбеде. 
Олардың қылқұйрыққа құрметі де, еңбегі де ерекше. Заманына қарай амалы. Жақсы ат ұстайтын ағайынның көбі қалада тұрады. Қаланың қарбалас тірлігінен қолы қалт еткенде сыртта тұрған жүйріктеріне бір соғып қайтады. Сәйгүліктеріне бір келіп, өз көзімен көріп кетпесе, көңіл де көншімейді.
Қалада тұрса да жылқы ұстап, жүйрік жаратып жүрген қазақтың бірі – Жұмаш Ізбасаров. Ақтөбеде қоныстанған ақсақалдың есімі топжарған тұлпарларымен таныс. Атбегінің ауыздықпен алысқан арғымақтары республикалық жарыстарда оза шауып, бәйге алған. Тіпті Қазан қаласында өткен жарыста Ресей Президентінің кубогын да иеленген жүйріктің иесі – осы Жұмаш ақсақал.

Біздің кейіпкеріміз жылқының жандүниесін жақсы біледі. Өйткені талай аттың бабын тапты. Жүйріктері бәйгеде шапты. Қазақ қанша атқұмар, жылқы жанды болса да екінің бірі тұлпарды төңіректей бермейді. Атты баққанмен, баптай алмайды. Одан да өзге бейнеті көп. Жүйрік жүгендегесін, құс қанаты талатын жердің қай жағында болса да бәйгеге бару керек. Аттың бір күндік қызығынан гөрі көп күндік шыжығы тағы бар. Сөзімізге арқау болған азамат ат баптау ісінің шыжығына көнген, қызығын да көрген.
Жұмаш ІЗБАСАРОВ, атбегі:
–Дубай, Бүркіт, Титаник, Дастархан, Назқоңыр, Ақтолқын, Вулкан, Айбар, Көкдауыл, Кобра атты жүйріктерім көпке мәлім, атақты арғымақтарым бар. Ғабит Мүсіреповтың 100 жылдық, Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық, Шығанақ Берсиевтің 125 жылдық, Ахмет Жұбановтың 100 жылдық, Мөңке бидің асында, Әлия Молдағұлованың 75, 80 жылдық торқалы тойларында, Президент кубогындағы топ бәйгеде, Қызылорданың астана мәртебесін иеленгеніне 80 жыл толуына орай өткен аламандардың бас жүлделерін алды. Соңғы жылдары да сәйгүліктерім құнан, топ, аламан бәйгелерде олжалы оралып жүр, –  дейді атбегінің өзі.

Жұмаш ақсақалдың жылқыға түбегейлі бет бұрып, ат баптағалы жиырма жылдың жүзі болыпты. Алғаш жүйріктерді Алматы облысындағы жылқы затыттарынан сатып алса, кейін көрші елдегі Пятигорск жылқы зауытынан таза қанды ағылшын жылқыларын алып келеді. Ағылшын, араб, буденный және тверский асылтұқымды жылқыларын Ақтөбе жеріне жерсіндіріп, жылқы шаруашылығының өсуіне, ұлттық ат бәйгелеріміздің өркендеуіне бір кісідей еңбек сіңіріп келеді. Қазір қол астында 6 жылқышысы бар. Ақтөбедегі ғана емес, батыс аймақтағы ең ірі асылтұқымды жүйрік баптап отырған жеке жылқы шаруашылығының иесі. Қала сыртында орналасқан ат қораға 30 ат сияды.
–Қысы-жазы өзім осы жүйріктерімнің басы қасында жүремін. Өйткені бұларға өте ерекше күтім қажет. Уақытында тамағын, жемсуын, дәрумендерін беріп тұрмасаң, жүйрігіңнің бабы кетіп қалады. Үнемі жаратып ұстау үшін «таң асыру» әдісін пайдаланамын. Бұл өзі қалада соншалықты оңай жұмыс емес. Бірақ, жүйріктерімнің жаны тыныш табуы үшін осындай жаттығулар да жасатып тұрамын. Ол үшін арнайы ат таситын көлікке тиеп алып, далаға шығарып, бойын жазып, бір шаптырып аламын. Жылқы малы деген даланы, еркіндікті сүйетін текті жануар. Алдында көсіле жайылған кең даланы көргенде көздері жайнап, бауыры жазылып, құрыс-тырыстары тарап, бір рахаттанып қалады. Бәйгелерге де жүйріктерімді өзім апарып қосамын. Жер аралап, ел көріп, бәйгеге барып, дүлдүлдердің дүбірінен делегең қозып қайтқанның өзі бір мәртебе. Ал енді апарып қосқан жүйрігің жүлдені жұлып алса, онда мерейіңнің екі есеге өскені деп біл. Ондай сәттердегі күйімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын, – дейді атбегі.
Жұмаш атбегі бүгінде  бәйгеде шапқан тұқымы жақсы жүйріктерді бір-біріне қосып, жылқы басын асылдандыру ісін жүйелі түрде жүргізіп келеді.
–Текті тұқымнан шыққан құлын міндетті түрде жүйрік болады. Оның жүйріктігін сынау үшін құнан бәйгелерге қосамыз. Сонда таза қаны ойнап, міндетті түрде орын алады, - дейді атбегі.
Ойтүйін: 2004 жылы Алматыда өткен аламанда ҚР Президенті кубогын жеңіп алған «Дастархан» атты жүйріктің қаратөбелқұлынына «Индира» деген есім берілді. Ақтөбелік атбегі, талай жүйрікті баптап бәйгеге қосып жүрген Жұмаш ата күтпеген жерден осындай сыйлық жасады. «Ағылшын тұқымынан шыққан текті айғыр «Локо» мен асыл тұқымды «Дастархан» жүйріктен туған қасқа құлын да жүйрік болады. Жүйрік болмауы мүмкін емес», - дейді атбегі. «Құлыныңды өзің қадағалап тұр!» - деді тағы да.
Суреттерде:
1. 4 жастағы байтал «Айтолқын» бірнеше дүркін аламан бәйгенің бас жүлдесін қанжығасына байлаған жүйрік;
2. «Қазақстан» атты мына сәйгүліктің жасы 3-те. Соған қарамастан, талай бәйгені бермей келеді.
3. Аты алысқа кеткен атақты арғымақтарды тудырған айғыр «Локо»
4. Қазақстан Республикасы Президентінің кубогын жеңіп алған «Дастархан» атты жүйрік осы. Қазір буаз. Жанында қаратөбел құлыны еріп жүр.

САМАЛ ҚАРАЖАН, АҚТӨБЕ облысы

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста