«ӘСКЕРИЛЕРДІ ТҰРҒЫН ҮЙМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕ ТҮЙТКІЛ КӨП»

Еліміздің қорғаныс саласы, Ұлттық гвардия, төтенше жағдайлар, т.б. ведмостволарда қызмет ететіндер әскери қызметкер болып есептеледі.

Қанат ЕСТАЙ, Алматы қаласы гарнизоны әскери сотының судьясы:
- Қанат мырза, Алматы гарнизоны әскери сотына қазы болып тағайындалғаныңызға біраз уақыт болды. Осы орайда, әскери соттың өндірісіндегі талап арыздардың мазмұнына қарай ең даулы мәселе ретінде нені атар едіңіз?
– Жалпы, бізге түсетін талап арыздардың дені әскерилердің тұрғын үй мәселесі мен тұрғын үйдің орнына төленетін өтемақыға қатысты даулар. Өздеріңіз білесіздер, еліміздің қорғаныс саласында қызмет ететін әскерилерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекет тарапынан шешіледі. Алайда, тәжірибе барысында баспана мәселесі қорғаныс саласында да өзекті екеніне көз жеткізіп отырмыз. Әрине, қоғамдағы кез келген мәсе¬лені шешудің өз заңдылықтары мен тәртібі бар. Барлығымыз сол заңдарға бағынамыз және оны басшылыққа аламыз. Әскери қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Әскери қызмет және әскерилердің мәртебесі туралы» заңы мен ҚР Үкіметінің 2012 жылғы №1091,1092,1093 қаулылары шеңберінде шешіледі. Дегенмен, жоғарыда атап өткенімдей, әскерилерді тұрғын үймен қамтамасыз етуде даулы жағдайлар әлі кездеседі.
– Ол қандай мәселелер?
– Еліміздің қорғаныс саласы, Ұлттық гвардия, төтенше жағдайлар, т.б. ведмостволарда қызмет ете¬тін¬дер әскери қызметкер болып есеп¬теледі. Олардың көпшілігі рес¬пуб¬ликамыздың түкпір-түкпірінде орналасқан жабық және оқшауланған қалашықтарда тұрады. Әскери қыз¬меткерлерге арналған мұндай тұрғын жайлар қызметтік баспана болып саналады және жекешелендіруге жатпайды. Жабық және оқшауланған әскери қалашықтардың тізбесі ҚР Үкіметінің 2012 жылғы №1093 қаулы¬сымен бекітілген. Аталған қаулыда еліміздің қай аймағында қандай әскери қалашықтар бар, олардың атауы, санаты қандай, қай әскери бөлімге қарасты екені анық көрсетілген. Алайда, аталған қаулының тізбесіне кірмей қалған әскери нысандар да баршылық. Мысалы, Алматы қаласының өзінде осындай бірнеше әскери қалашық пен жатақана бар. Олардың бірде- бірін қаулыдан таба алмайсыз. Сол сияқты, облыс көлемінде де бірсыпыра әскери қалашықтар қаулыда жоқ. Яғни, ол қалашықтар әскери бөлімдердің балансында болғанымен, қаулыға енбей қалған. Нәтижесінде, мұндай қалашықтарда тұратын әскерилерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі басы ашық күйінде қалып отыр.
– Дәл осы жағдайда соттың шеші¬мі қандай болмақ?
– Әрине, заңды басшылыққа аламыз. Айта кету керек, бұл мәселе бойынша бізге көбіне заңда көрсетілген түрлі себептерге байланысты қызметтен кеткен бұрынғы әскери қызметкерлер талап арыз түсіреді. Өкінішке қарай, олардың талап арыздарын қанағат¬тандыра алмаймыз. Біріншіден, олар әскери қызметтен кеткеннен кейін сотқа бұрынғы әскери қызметкер ретінде жүгінеді. Бірақ, бүгінгі қол¬даныстағы заңнамалар бойынша олар әскери қызметте жүрген кезінде ғана мемлекеттен баспана даулай алады. Сондай-ақ, Үкімет қаулысында жоқ әскери қалашықтардың заңдық статусы айқындалмағандықтан, тағы да қарау¬сыз қалдыруға тура келуде. Бір сөзбен айтқанда, олар сотта жеңіліс табады.
– Әскерилердің тұрғын үймен қамтамасыз етуін реттейтін басқа да қаулылар бар емес пе?
– Иә, мысалы, әскери бөлімдерге жаңадан қабылданған немесе әскери оқу орнын тәмамдаған жас лейтенанттарды тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке алу «Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы» №1091 Үкімет қаулысына сай жүргізіледі. Ал, №1092 қаулы қызмет өтілі он жылға толған әскерилердің баспанамен қамтамасыз етілуін реттейді.
Қызмет өтілі он жылға дейінгілерге қаулы негізінде мемлекеттен қаржы бөлініп, олар жалдамалы тұрғын үйлерде тұруы мүмкін. Бір қарағанда, бәрі заң аясында қарастырылған. Алайда, көптеген әскерилер саладағы қызмет өтілі он жылдан асқаннан кейін тұрғын үйге байланысты қиындықтармен бетпе-бет келуде. Қалай десеңіз, он жылдан асқан соң мемлекет әскерилердің жалдамалы баспаналарының ақысын төлеуді тоқтатады. Әскерилерге бұдан әрі не мемлекеттен баспана берілуі керек немесе орнына өтемақы төленуі тиіс. Бұл ҚР «Әскери қызмет және оның мәртебесі туралы» заңның 55-бабында қарастырылған. Енді осы 55-баптың 5, 6 тармақтарын анықтап оқып шықсаңыз, онда 2013 жыл 1 қаңтар деген нақты мерзім көрсетілген. Яғни, тұрғын үйді жалдағаны үшін мақсатты өтемақы төлеу 2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбек өтілдері он жыл болған келісімшарт бойынша қызмет еткен әскерилерге жүргізіледі. Сол секілді, осы аталған мерзімге сай еңбек өтілі он жылдан асқан әскерилерге ғана мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана берілетіні айтылған. Айталық, әскери қызметкердің еңбек өтілі 2013 жылы 9 жыл немесе одан төмен болуы мүмкін. Бұл жағдайда оларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің заңдық тетіктері айқындалмаған.
Сонымен қатар, әскерилер тұр¬ғын үйдің орнына өтемақы өндіруі №1092 Үкімет қаулысымен рет¬теледі десек, осы қаулының 6,7- тармақтарында көрсетілген талаптар бойынша әскери нысандар №1093 қаулының тізбесінде міндетті түрде болуы керек. Байқап отырсаңыздар, аталған Үкімет қаулылары бір-біріне сілтеме жасап, толық жұмыс істейді. Яғни, қандай да бір әскери нысан №1093 Үкімет қаулысында болмай шықса, әскерилердің тұрғын үймен қамтамасыз етілуін реттейтін №1092 Үкімет қаулысының оған еш қатысы жоқ болып шыға келеді.
– Еңбек өтілі он жылдан асқан кейін соң баспана алу мүмкін болмаған жағдайда орнына өтемақы алып, тұрғын үйді өздері сатып алуға бола-тынын айтып қалдыңыз. Мәселені неге осылай шешпеске?
– Әрине, болады. Алайда, мәселе сол өтемақы көлеміне әскерилердің қанағаттанбауында болып тұр. Қазір елдегі баға саясатын нарық реттейді. Мысалы, бір ғана Алматыны алсақ, қанша аудан болса, ондағы тұрғын үйлердің бағасы да әртүрлі. Қапшағай жақтағы әскери қалашықта тұрған әскерилер мүмкін болса, тұрғын үйді Алматыдан алғысы келеді. Әрине, бұл оның конституциялық құқығы. Қайда тұрғысы келсе, өзі біледі. Бірақ, алған өтемақысы қалаған жерінен үй сатып алуына жетпеуі де мүмкін ғой. Осы жерде тағы бір айта кетерлік жайт, әскерилердің отбасы мүшелерін тануға қатысты талап арыздар. Отбасы мүшелерін тануды сұрап түсірген талап арыздардың мазмұнына үңілсеңіз, мұның да тұрғын үйге қатысты екенін көресіз. Өйткені, тұрғын үймен қамтамасыз ету әскерилердің отбасы мүшелерінің санына қарай жүзеге асырылады.
Тағы бір тоқтала кетерлік мәселе, 2015 жылдың басынан бері еңбек өтілдері нақты 20 жылға толған және асқан қызметкерлерге әскери бөлімдер тұрғын үйдің орнына жаппай өтемақы беріп жатыр. Бұл аз ақша емес. Дәл осы жағдайға қатысты көптеген әскерилер сотқа талап арыз түсіруде. Бұл мәселенің қаулыға да, заңға да қатысы жоқ. Әскер саласының басшылығы тарапынан болған кемшіліктерге байланысты орын алуда. Мәселен, өтемақы берудің өз заңдық тәртіптері болады. Оның ішінде, бағалау қызметінің маңызы зор. Айталық, еңбек өтілі 20 жылдан асқан әскери қызметкер 2014 жылы өтемақы алу бойынша әскери бөлім басшылығына баянат береді. Осыған сай бағалау қызметі 2014 жылғы Статистика агентігінің баспана бағасына қатысты көрсеткіштеріне сай есептелуі тиіс. Бірақ, әскери бөлім басшылары мен одан жоғары тұрған құзырлы органдар және тұрғын үй комиссиялары, неге екені белгісіз, осы тәртіпті бұзып отыр. Мысалы, бізге талап арыз түсірген әскери қызметкерге 2014 жылғы баспана бағасы бойынша өтемақы берілуі керек болса, тиісті органдар оған өтемақыны 2013 жылға сай есептеп берген. Осыдан кейін әскерилер сотқа жүгініп, қалған айырма сомасын талап етуде. Әрине,  мұндай арыздар әскерилердің пайдасына шешіледі. Бұған қоса, тиісті орындарға заң талаптарын өрескел бұзғаны үшін жеке ұйғарым шығарамыз. Өйткені, бұл мәселені сотқа жеткізбей-ақ өздері шешулері керек еді. Айналып келгенде, жоқ жерден мәселе тудырып, әскерилерді әуре-сарсаңға салып, сотты да жұмысбасты етуде. Қаржылай шығындар тағы бар.
– Баспана мәселесін «Әскери қызмет және әскери қыз¬метшілердің мәртебесі туралы» заңның аясында шешуге болмай ма?
– Бұған дейін 1993 жылғы «Жалпыға бірдей әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» және 2005 жылғы «Әскери міндеттілік әскери қызмет туралы» заңдар болған. Бұл екі заң да күшін жойып, 2012 жылы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» бір заң болып қайта қабылданды. Енді ескі заңдарды не үшін еске түсіріп отырғанымды айтайын. 1993 жылғы «Жалпыға бірдей әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» (күшін жойған) заңның 12,17-баптарында әскери қызметкердің күнтізбелік және жеңілдіктерін қоса есептегенде жалпы еңбек өтілі 20 жылдан асқан әскерилерді және оның отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етпей, әскер қатарынан шетке шығарылмайтын. Ал, бүгінгі қолданыстағы заңдарда мұндай норма жоқ. Міне, осының салдарынан жоғарыда айтып өткен түсінбеушіліктер орын алуда. Мысалы, бізге әскер саласындағы еңбек өтілі 10, 15, тіпті, 20 жылға жететін бұрынғы әскери азаматтар көптеп талап арыз түсіруде. Олардың дені жоғарыда айтып өткен қаулыға кірмей қалған қызметтік баспаналарда тұрып келгендер.
– Қорғаныс саласы қызмет¬кер¬лерінің тағы қандай әлеуметтік құқықтық мәселесі бар?
–  Заңмен реттелуі тиіс кейбір жекелеген мәселелерді айтпағанда, әскер саласында қызмет еткендерге мемлекет айрықша жағдай жасап отыр деуге болады. Олардың отбасы да мемлекет қамқорлығына алынған. Соның ішінде, баспанаға қатысты тоқтала кетсем. Кейбір әскери қыз¬меткердің отбасында белгілі бір ауру түрімен ауыратын адам болуы мүмкін. Нақтырақ айтқанда, ол ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 8 қарашадағы №1309 қаулысында көрсетілген ауру санаттары. Сондай ауру түрлері бойынша медициналық есепте тұрған әскери қызметкердің отбасы мүшелері үшін артық шаршы метрлер беру қарастырылған. Бір қызығы, әскерилер мұндай заңдық нормалардың бар екенін білмейді. Білген күннің өзінде бұл норма бүгінгі таңда тек сот арқылы ғана шешілуде.   
– Біздің білуімізше, елімізде әскерилерге арналған жабық, оқшауланған қалашықтар мен жатақханалар аз емес. Олардың жалпы  жағдайы қандай?
– Еліміз қазір аяғынан нық тұрды. Қорғаныс саламыз да күшінде. Әскердің де әлеуеті артқан. Кезінде көптеген тұрғын үйлер қаңырап бос қалған еді. Қазір ондай бос тұрған үйді көрмейсіз. Бәрі қалпына келтіріліп, әскерилер мен олардың отбасы алаңсыз тұрып жатыр. Осы секілді, елді мекендердегі әскерилерге арналған тұрғын үйлердің бірде-бірі бос емес. Ол тұрғын үйлердің күтімі, түрлі коммуналдық қызметтері бәрі-бәрі мемлекет мойнында. Ал, әскери тұрғын үйлерден орын табылмағандар жалдамалы үйлерде тұрады. Оның ақысын да мемлекет төлейді. Дейтұрғанмен, жоғарыда тоқталған мәселелерге байланысты көптеген әскерилеріміз әскери қалашықтарда тұрудың орнына осындай жалдамалы үйлерде тұрып жатыр. Себебі, олар тұруы тиіс әскери қалашықтарды бұрынғы әскерилер мен олардың отбасылары босатпай отыр. Әрине, басқа барар жерлері болмаған соң жылы орындарынан қозғалғысы келмейді. Оның үстіне, олар үйді босатсақ, әскер саласымен құқықтық байланысымыз үзіледі деп қорқады. Әскери бөлімдер де оларды сот шешімінсіз далаға қуып шығара алмайды. Нәтижесінде, басқа әскерилер баспана кезегін жылдап күтуге немесе жалдамалы пәтерден-пәтерге көшіп-қонып қызмет етулеріне тура келеді. Сондықтан, бүгін сөз болып отырған мәселелерді шешудің қандай да бір жолдары қарастырылып, заңмен нақтыланса деген тілегіміз бар. 
– Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге рақмет.
 
Камила ӘКІМБЕКҚЫЗЫ,
«Заң газеті»

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста