Біз білетін дамыған елдердің дені қазірде ауыл шаруашылығы саласын инновациялауға қатты мән беруде. Батыс елдерінде ауыл шаруашылығын механикаландыру және машина жасау жақсы жетілген. Соған сәйкес олардың техникамен қамтылуы да жоғары.
Мысалы, ауыл шаруашылығының техникамен қамтылу деңгейі әр 1000 гектар егістік жерге шаққанда Германияда – 124 техника; Голландияда – 91 техника ; Ұлыбританияда – 86 техника; Францияда – 85; Бельгияда – 82; АҚШ-та - 35 трактордан тура келсе, бұл көрсеткіш ТМД-ға кіретін Өзбекстанда - 26, Украинада - 12, Ресейде - 4 дананы құрайды. Ал астық жинау комбайндары әр 1000 гектарға Швецияда – 32; Голландияда – 22; Данияда – 21; Бельгияда – 20; Францияда, АҚШ-та – 19; Өзбекстанда - 7, Ресейде - 5 дананы құрайды. Ал бізде ше? Алаш айнасы бүгін қазақтың механикалық қабілетіне тереңдеп көруді жөн көрді.
Ең күлкілісі сол, өзге елдер техникалық әлеуетін нықтап, ауыл шаруашылығы техникасын шығаруда жаңашыл бағытты ұстанып жатқан тұста біздің ауылдағы ағайын шабындық, егістік жұмыстарына әлі күнге шейін есек арба, ат арба жегіп әлек. Дамыған мемлекеттерде техникамен толық қамтамасыз етілуі нәтижесінде астықты 5-10 күнде толық жиып-теріп алады, бізде бұл үрдіс ала жаздай үш айға созылады. Ал енді неліктен заманға сай агротехника жасап шығаруда самарқаумыз?
Заңғар Смағұлов, механика және машина-жасау ғылымы саласы бойынша техника ғылымының кандидаты :
- Қазақстанда нақты ауыл шаруашылығы техникасын жасау және оны сату жүйесі қалыптаспаған, тұтынушылар өзімізде дайындалған техника және қосалқы бөлшектермен бар-жоғы 1 пайызға қамтамасыз етілген. Бүгінгі күні ауылшаруашылық машиналарын кім жасайды, кім құрастырады, қай зауытта жасап шығарылады, оны сынақтан кім өткізеді деген сауалдарға жауап жоқ. Машина жасауға деген ғалымдар тарапынан ұсыныстар, идея бар. Бірақ сол идеяны одан әрі пісіріп жетілдіру жоқ. Үйлестіру ұйымының жоқтығынан бұл сала құлдырау жағдайында тұр. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласын техникамен қамтамасыз ету үшін шетелге тәуелді болып қалдық. Қазір егіс алқабында жүрген техникаларымыздың 99 пайызы шетелден сатып алынған машиналар. Шетел бізге жақсысысын береді дегенге өз басым сенбеймін. Сол шетелдік техникалардың біразының «техникалық және технологиялық сараптамасыз, сынаудан өтпеген, мөлшерлемелі-техникалық құжаттарсыз сатып алынуда» дегенді де естіп қалып жүрміз. Ендеше бұл салада бізге жиын терімді өзгенің техникасы арқылы жинамай отандық ауыл шаруашылығы машиналарын жасайтын кезең жетті. Бұған мемлекеттік тұрғыда мән беру керек.
Беларусь пен немістің саудасын жүргізіп тұрмыз...
Негізінде, әлем бойынша ауыл шаруашылығы техникаларын жасап шығаратын 5 мыңға жуық фирмалар мен кәсіпорындар бар. Қазірде біздің егіс алқабымызда жүрген техникалардың дені беларустер мен немістердің өнімі. Жыл сайын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері осы екі елдің техникасы бар, басқасы бар 1 млрд. доллардан астам қаражатқа шамамен 2-3 мың бірлік әртүрлі техника сатып алады. Бұл ретте техникаға деген жыл сайынғы қажеттілік шамамен 4-4,5 мың бірлікті құрайтынын айта кету керек. Бұған қоса біз ауыл шаруашылығы техникаларын кепілді түрде өткізу яғни лизинг құралын жұмылдыру арқылы да сатып аламыз. Жыл сайын тиісті орындардың араласуымен лизинг арқылы шамамен 2,5-3 мың бірлік әртүрлі ауыл шаруашылығы техникалары сатылып алынады. Мамандар әйтсе де бізде осы лизнгтік қызмет түрін жетілдіру үрдісін әлі де жетілдіру қажеттігін алға тартуда...
Жаңабай Алдабергенов, экономист-ғалым:
- Біз үшін нақ қазір лизинг қызметін жетілдіру қажет. Шаруалар мен біріккен кәсіпорындарға лизингтер беру арқылы оларды техникамен қамту үрдісін жетілдірсек, өте дұрыс болар еді. Жалпы алғанда, қазіргі ауыл шаруашылығы техникаларының 87 пайызы тозған. Астық жинайтын комбайндар мен тракторлардың 80 пайыздан астамының орташа қолданылу мерзімі – 13-14 жыл, ал нормативтік пайдаланылу мерзімі 8-10 жыл. Диқандарымыз бен шаруаларымыз мұндай қолдану мерзімінен асып кетсе де тозған техникаларды қолдануға мәжбүр. Тіпті шалғай ауылдағы шаруалар техниканың орнына дамыған техникалық әлеуеті көтерілген заманда қол күшіне жүгініп тырма, есек арбамен егіс науқанын атқаруға мүделлі. Сондықтан болашақта біз үшін отандық агро-техникалық әлеуетімізді көтеруге ден қою кезек күттірмейтін дүние. Өзгенің саудасын жүргізіп неміс пен беларустердің өнімін сатып ала бергенше ішкі сұранысты тым құрығанда 5 пайызға межелеуді ойластырған жөн...
158 млрд теңгені өзгенің қалтасына салып беріппіз...
Жалпы, дерекке жүгінсек, 2003-2013 жылдары ауыл шаруашылық техникаларын сатып алу саны мен көлемі бойынша 158 млрд теңгеге 18 673 бірлік сатып алыппыз. Осылайша біз өзгенің қалтасына осынша қаржыны он жылдың ішінде ғана салып беріп отырмыз. Ал болашақта астықты Қазақстан өзіне бұйырған несібесін өз техникасымен орып алатын күн туар ма екен? Негізінде халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша 2020 жылға қарай жаппай негізді ғылыми жаңалықтардың өмірге енуі, мемлекетаралық саяси қарым-қатынасқа, әлемдік сауда айналымына, өндірістің дамуына үлкен әсерін тигізеді. Ал мұндай жағдайда бізге де көш соңында қалмас үшін жаңашылдықтар мен ізденістерге үнемі ден қойып отыруымыз керек...