Facebook желісінде қолданушылар жазбаны қызу талқыға салды. Автор ХХ ғасырдың 80-жылынан бастап дүниеге келген азаматтар мемлекеттен зейнетақы алмайтыны жазылған жаңалыққа сілтеме жасаған.
Мәтінде бұл жаңалық 1980 жылдан кейін туған барлық азаматқа қатысты екені айтылған. Бұны Түркістан облысы БЖЗҚ бөлімшесінің басшылығы хабарлағаны жазылған.
Today.kz мән-жайды білу үшін қордың өзіне хабарласты.
БЖЗҚ баспасөз қызметінің маманы Елнұр Шәлкібаев 1980 жылдан бастап бері қарай дүниеге келген адамдар ала алмайды делінген зейнетақыға түсініктеме берді.
"Екі дереккөз: мемлекеттік бюджет пен БЖЗҚ қоры бірлесіп зейнетақы төлейді. Базалық зейнетақы бәріне жас мөлшеріне сай төленуге міндетті.
Екінші бөлігін 1998 жылға дейін кем дегенде жарты жыл еңбек өтілі бар адамдар алады
Енді 2040 жылы 1998 жылға дейін еңбек өтілі жоқ адамдар зейнетке шығады. Сәйкесінше олардың бірлескен зейнетақысы базалық бөлігі мен адамның жиған қорына байланысты төленеді. Базалық бөлік 2018 жылдың маусымынан бастап еңбек өтілі мен қор жүйесіне қатысу жылына байланысты болады", – деді маман.
БЖЗҚ базалық зейнетақыны барлық адам алатынын айтты. Егер адам жұмыс істемеген болса, онда минималды зейнетақыны алып отырады. Ресми түрде жұмыс істеген адамдар еңбек өтіліне сәйкес базалық зейнетақыны алады.
Қазақстанда көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейтіні айтылды. Төлем мемлекеттік бюджет пен БЖЗҚ қорынан беріледі.
Елнұр Шәлкібаев жақсы зейнетақы алғысы келетін адамдар қор жинауы керектігін айтты.