Бірінші курстың соңы. Жазғы демалысымды қалай тиімді пайдалансам деген оймен отырғанымда сырттан «әпке!» деген дауыс шықты. Бұрылғанымда өзімнен бір жас кіші Димаш атты туыс ініме көзім түсті. Өзі сондай денелі, 7-сыныпта оқығанымен, бой жағынан да, ой жағынан да үлкен еді, сонысымен қоса, еркелігі де бар болатын. Жасымыздың қатарлығына қарамай мені үлкен көріп, тек «әпке» деп атайтын. Үнемі еркелеп, жүзінен күлкі кетпейтін інімнің бұл жолғы күйі тым басқа. Оның қазіргі жүзінен үрей мен бір нәрседен шошыну байқалады. Жаныма отырғызып, демінің басылуын күтіп, неден шошынып келгенін сұрай бастадым. Ол аздап үндемей отырып, әңгімесін былай бастады:
– Әпке, осыдан бірнеше жыл бұрын көрші Дулат ағай мен Сұлу апайдың үйінен байқаған сұмдық құбылысты сізге айтуға ыңғайсызданып әрі ол сөзіме сенбейтін шығарсыз деген оймен айтпап едім. Жүзімнің қазіргі сұсы мен бүгін куә болған оқиға әлгі сұмдықтың рас екенінін дәлелдеп тұр,-деді.
Мен оның біздің үйден бір көше ары тұратын Сұлу апайдың үйінен қандай құбылысты көргендігін білуге асықтым. Сол-ақ екен Димаш інім асықпай, бір қалыппен сөзін бастай жөнелді:
– Мұның ұшқыны бір жыл бұрын байқалды. Ол кезде Дулат ағай тірі еді. Мен 8-сыныпта оқитынмын. Мешіттен екінті намазын оқып келген бетте, Дулат ағайдың дарбаза жағынан әлдебір тапырлаған дауыстарды естідім. Дулат ағай мен Сұлу апай екеуі жұмыстан келіп, есік ашып жатқан болар деп мән бермедім. 10 минуттан кейін үй жағына қарасам, әйелі екеуі дарбаза аузында мастықтан құлап, тұра алмай жатқанын көрдім. Дереу шарбақтан секіріп, дарбаза маңына жеткенімде өз беттерімен тұра да алмайтындықтарына көз жеткіздім. Жеке-жеке сүйреп үйіне кіргіздім. Бөлмелеріне алып баруға күшім жетпеген соң, қонақ бөлмеге апарып, екеуін қатар жатқыздым да, есіктерді жауып шығып кеттім.
«Өздері білдей педагог мамандар! Шайтанның суын неге сонша ішеді екен!? деген күйініш толы ойлармен ары-бері жүрдім. Мешітке барып ақшам намазын оқып, жамағатпен біраз тілдескеннен кейін ойымнан біраз арылғандай болып үйге келдім. Кешкі асты ішіп бола бергенде, Дулат ағайдың інісінің баласы Ерболат кіріп келді. Саулық сұрасақаннан кейін Дулат ағаның немере қызы кішкентай Жазираны атасының үйіне кіргізе салуымды өтінді. Күндіз көргенімді айтып едім, Ерболат тіптен өтіне түсті. Өйткені, Жазираны түс уақытында әкелуді бұйырған екен. «Олар мас болса маған тіптен қатты ұрысады. Кірмей-ақ кете берейінші» деп өтініп қоймаған соң, келісе кеттім. Сөйтіп, Жазираны жетектеп Дулат ағайдың үйіне бардым. Өзім осыдан 2-3 сағат бұрын жауып кеткен дарбаза есігі сол қалпынан айнымапты. Білесіз бе, әпке, үйдің есігін ашпақ болып итерсем, мүлде ашылмайды. Бар күшіммен итердім, болмады. Байқап қарасам ішінен кілттелген секілді. Қанша айқайласам да есікті ешкім ашпады. Ал Ерболат кетіп қалған, мен қалайда Жазираны өз үйіне кіргізуім керек. Содан не істеймін деп тұрғанымда есіктің ар жағынан адамның жүріп келе жатқан аяқтарының дауысы шықты. Мен елең етіп, Сұлу апай оянып келе жатқан ғой деп күтіп тұрдым. Кілт бұралғандай болды, сондықтан, есіктің ашылуын күтпей-ақ ішке қарай итерсем, бірден ашыла кетті. Бірақ есік алдында ешкім жоқ! Үй іші қап-қараңғы! Зәре-құтым қашып, ішімнен зікірімді айтып, жарықты қостым. Жарық жанғанда бірден есікке қарама-қарсы жердегі газдың үстіне қойылған шайға көзім түсті. Мүмкін Сұлу апай орнынан тұрып, шай қойып, есікті ашқан соң басқа бөлмеге кеткен шығар деген оймен өзімді басып қоямын. Алайда, барлық бөлменің жарығы сөніп тұрғаны менің ойымды дәлелдемейді. Содан дереу жарықтарды жағып қонақ бөлмеге кірдім. Әпке, ол кісілер мен жатқызған күйі ұйықтап жатыр екен. Тұла бойым дір ете қалды да, оларды оятып, немерелерін әкелгенімді айттым. Бәрін көріп, қорқыныштан жылап тұрған Жазираны мас әжесі мен атасының жанына қалдырдым да, ұша жөнелдім. Шығып бара жатып, мүмкін Сұлу апай шәйнекті газға қойып, қайта жатқан шығар деп, шәйнекті ұстап көрсем, әлі ыси қоймаған. Үрей үстіне үрей қосылып, газды өшіріп, дереу есіктен шықтым.
Сол күннен бастап бұл үйде жын бар-ау деген ой келді. Келесі жылы Дулат ағай дүниеден озды. Сұлу апай ішімдікті қоятын шығар деп ойлап едім, бірақ көріп жүрсіз ғой, әлі күнге дейін шайтанның суын серік етіп келеді.
Әпке, менің бүгінгі көргенім 3 жыл бұрынғы «ол үйде жын бар» деген ойымды дәлелдеп тұр. Жаңа мешіттен Сұлу апайдың Серікбай атаға жылап келіп тұрғанын көрдім. Мән-жайды анықтамақ болып едім, ата ештеңені жарытып айтпады. Ақыры болмаған соң, Сұлу апайдың мешітке келіп, ұстазбен сөйлескенін көрген бір баладан сұрастырдым. Сөйтсем, Сұлу апай немересін алып құрбысы Бақыт апайдың үйіне кеткен екен. Түнгі он бірдің шамасында үйіне оралса, бүкіл бөлменің жарығы жанып тұр екен. Тіптен мал-тауық қораға дейін... Мүмкін Ерболат жағып, өшіруді ұмытып кеткен шығар деп, телефон шалып сұраса, ол бүгін ауылда емес екенін айтыпты. Апай әбден шошынып, таң атпай молдаға келіп, үйге Құран оқып кетіңізші деп өтініш айтқан көрінеді. Тіпті, үйінде осындай тылсым дүниелердің жиі болатынын айтыпты,- деп інім Димаш әңгімесін тәмамдады.
– Молда ата ол кісінің арақты тастауын насихат ететінін білеміз, сен уайымдама Сұлу апайдың хақ жолға түсуі үшін ол кісіге дұға етейік! Білесің ғой Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мұсылман адамның, бауырына жасаған дұғасын Алла әлбетте қабыл етеді» дейді ғой, міне Димаш дұғада болайық!-деп інімді үйіне шығарып салып, өзім ойға шомып кеттім....
... Иә! Көршілеріміздің жоғары білімі, құрметті кәсібі болса да қолдарынан арағы түспейтін. Апам: «Дулат арқаның ауруын әкеліп, ішкілікке салынып кетті»-деп айтушы еді. Өзге көршілерімнің де: «Дулатты құртқан әйелі! Бала-шағасын ержете сала төркін жағына жіберіп, қартайғанда бір немересі мен бөтелкені құшақтап, ішулерін жалғастыруда. Бұрын белгісіз себеппен үйінің бір жағы өртеніп еді, келесі жылы баласы дүниеден өтті. Сол баласынан туылған Жазираны өздерінің жағдайларына қарамай, анасынан айырып алды. Араға дәл 3 жыл салып тағы да белгісіз себеппен үйінің тағы бір бөлігін өрт шалды. Артынша бір жылдан кейін Дулат та өмірден өтті. Бұл да Алланың берген белгісі емес пе? Қоймай ма қу арақты!?»- дегендерін еститінмін.
Міне осы сәтте ойыма бірден Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Арақтан аулақ болыңдар. Өйткені ол барлық ластықтың қайнар көзі», - деген хадисі есіме түсті. Сонымен қатар, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Iшімдік – барлық жамандықтың көзi» (хадистi Ибн Аббастан имам Хаким және имам Байһақи риуаят еткен) деген. Сұлу апайдың үйінде болған барлық жамандықтың ішімдіктен болып жатқаны да айқын...
Ендігі арманым – Сұлу апайымыз малғұн шайтанның суынан аулақ болып, күн сайын бойжетіп келе жатқан немересі Жазираға көңіл бөлсе екен...