Зульхижжә айының 10-жұлдызы – қасиетті Құрбан айт мейрамы басталатын ай. Бұл айдың бастапқы он күні – берекелі күн. Оның ардақтылығын Алла тағаланың өзі Фәжр сүресінде ант ете отырып білдірген: «Рауандап атқан таңмен және (зүл-хижжәның айының) он түнімен ант етемін»[1]. Осы он күнде мұсылман кісі мүмкіншілігі болса, ораза ұстап, көптеп құран мен нәпіл намаздар оқығаны дұрыс. Мұқтаж жанға садақа беруді де ұмытпағаны жөн. Өйткені хадисте айтылғандай бұл күндері жасалатын қандай да болмасын игі амал - Алланың қасында ең сүйкімді. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің асыл сөзінің бірінде: «Осы он күнде жасалған игі істен Аллаға сүйкімдірек игі іс жоқ, яғни (зүлхиджаның) он күні...»[2], – деген.
Ал ораза ұстауға келер болсақ, Зулхиджа айының алғашқы 9 күнінде нәпіл ораза ұстау сауапты. Алла Елшісінің зүлхиджа айының алғашқы тоғыз күнінде ораза ұстағандығы жайында хадистерде айтылады.[3]
Бірақ, 10-күні ораза ұстауға болмайды. Өйткені, бұл күн - Құрбан айт күні. Құрбан айттың бірінші күні және одан кейінгі үш күн, яғни "тәшриқ күндері" ораза ұстаудан шариғат тыйяды (Зүлхиджә айының 10, 11, 12 және 13 күндері)[4]. Ол жайында Әбу Дәуідтің хадистер жинағындағы бір риуаятта айтылған. Әзірет Омар (р.а.) айт намазын құтпадан бұрын бастап, одан кейін былай деген екен: «Шынында Алла елшісі мына екі күні ораза ұстаудан тыйды: (Құрбан шалатын күн және Ораза айтының бірінші күні) Өйткені Құрбан айт күні құрбанға шалған малдарыңның етін жейсіңдер. Ал, Ораза айт күні (бірінші күні) – ауыз ашасыңдар».
Арапа күні
Осы он күннің ішінде арнайы қасиет тұтылатын «арапа» күні бар. Арапа күнінің уақыты – зүл-хижжа айының тоғызы, яғни құрбан айттан бір күн бұрын. Бұл күні қажылық парызын өтеуге барған кісілер түс ауғаннан кейін ертеңгі (айт күні) таң намазына дейінгі аралықта Арафат тауына бір мезет тұрақтайды.
Неге «арапа» деп аталған?
«Арапа» араб тіліндегі "білу", "түсіну" деген мағынаға саятын «ъарафа» етістігінен шыққан. Бұл күннің «арапа» деп аталуының себебі, зүл-хижжа айының сегізі күні Ибраһим пайғамбар түсінде құрбандыққа баласын Исмайылды шалу жайында түс көреді. Алғашқыда көрген түсін «жәй түс пе әлде аян ба» деп ойлаған Ол, ертесіне (айдың тоғызына) тағы көреді. Осыдан кейін оның Алладан келген аян екенін біледі. Осы себепті бұл күнді «арафа (арапа)» деп атап кеткен деседі.
Арафа күні қажылыққа бармаған кісінің ораза ұстап, нәпіл намаздар оқып, Алладан дұға тілеуі сауапты. Өйткені Сахих Муслимде риуаят етілген бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «...Арапа күнгі ораза үшін өткен жылғы және келер жылғы (екі жылдық кіші) күнәларын кешіруді Алладан үмітпен тілеймін...»[5] , – деп бұл күнгі оразаның маңыздылғын баса айтуда.
Тағы бір хадисінде: «Дұғалардың ең қайырлысы – арап күні жасалған дұға...»[6], – деген.
Ендеше, Зүл-хижжа айының алғашқы он күнін де оның ішінде арапа күні (11-қыркүйек, 2016 ж.) сауапты амалдарды көптеп орындаған дұрыс.
Біздің елде арапа күні ертесі болатын айт күніне шелпек-бауырсақ пісіріп, дастархан әзірлігі жасалып жатады. Сонымен қоса, бір күн ораза ұстағанда дұрыс болады.
Арапа күні «Ықылас сүресін» 1000 рет оқуға бола ма?
Арапа күні ықылас сүресін 1000 рет оқу жайында кейбір кітаптарда айтылғанымен, ол жайында нақты хадис не сахаба сөзін кездестірмедік. Әйтсе де, бұл ықылас сүресін оқымау керек деген сөз емес. Жоғарыда айтқанымыздай алғашқы он күнде, әсіресе, арапа күні ораза ұстап, ғибадат ету, құран оқу – сауапты. Сондықтан, ықылас сүресін қаншалықты көп оқысаңыз, соншалықты сауабы да көп болмақ. Себебі, Құранның әр әрпіне он сауап жазылатыны жайында сахих хадистерде айтылған.