Жаздың аптап ыстық күндерінің бірінде хазіреті Әнас бағбаншыға барып хал-жағдайын білді. Жаңбырдың жаумағанынан бақшаның қурап бара жатқанынан хабар алды.
Осы жағдайдан кейін хазіреті Әнас Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-нің: «Қандайда бір мұқтаждық жағдайы болған адам екі рәкәғат намаз оқып, артынан Аллаға дұға етсін!», – деп айтқан өсиетіндегі «қажет намазды» есіне түсірді. Сосын су әкеліп дәрет алды да намаз оқыды. Сәлем бергеннен кейін бағбанға қарап:
– Көк аспаннан бір нәрсенің тамғанын көріп тұрсың ба? – деп сұрады.
Бағбан:
– Көре алмадым, – деді еш нәрсе байқамағанын білдіріп. Хазіреті Әнас қайтадан екі рәкәғат намазын оқыды да бағбанға бірнеше мәрте:
– Көк аспаннан бір нәрсенің тамғанын көріп тұрсың ба? – деді. Бағбан:
– Құстың қанатына ұқсас бір бұлтты көріп тұрмын, – деді таңдана.
Бұл жауапты естіген хазіреті Әнас намазы мен дұғасын тоқтатты. Сәлден соң жанына бағбан кіріп:
– Әуелгіде көк аспан қара бұлтпен торланып сала берді. Сосын жаңбыр жауа бастады, – деп болған жағдайды баян етті. Сосын хазіреті Әнас бағбанға:
– Онда атқа мін де, жаңбырдың қай жерлерге дейін жауғанын қарап кел! – деп жібереді.
Бағбан төңіректі шолғанда, жаңбырдың тек хазіреті Әнастың үлкен бақшасына ғана жауғанын көреді.
Қайырбек Отызбаев
muslim.kz сайтынан алынған