ЖАЛҒЫЗ ЖҮРЕК:
– Өзге тілді пір еткен,
Өз тіліме өгей күн.
Жөргегін ерте кірлеткен,
Жас ұрпаққа не деймін?
САН САУАЛ
– «Ел болам десең бесігіңді түзе», деген Мұхтар Әуезовтен қалған аталы сөздің қадіріне жеткенде ғана алаңсыз күн кешуге болады. Заманымыздың заңғар жазушысы айтқан сөз түгілі, Мұхаңның өзін білмейтін жастардың ортамызда жүргендігі көңіл алаңдатады. Ал оларға үлгі болады деп жүрген кешегі күн көсемге Құдайдай сеніп, компартияның солдаттары болған аға буынның көбінде әлі де болса да жалтақтық бары рас. Осылайша рухы шалажансар ағаларымыз шала қазақ ұл-қыздарын тәрбиелеп, ұлттық құндылығымыздың алтын айбары ана тілімізді аяқ асты етуде. Егер менің қолымда болса, «Тілін білмейтін адам ұлтын сүймейді. Ұлтын сүймейтін жан Отанын оп-оңай сатып кете алады. Ал сатқындар үшін біздің Отанда білім алуға, билік басына келуге жол жоқ» деген заң шығарар едім. Өйткені, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде «Отанды сүю иманнан» делінген. Яғни, жүрегіне иман, бойына сабыр жиған кез келген ұрпақ дінін сақтап, тілін қорғап, ділін берік ұстай алары хақ. Иманы бар адам Отанның отбасынан басталатынын сезер еді. Ата-анасын қадірлеп, ағасына құрмет, інісіне ізет көрсетіп, қарындасына қамқор болатын да осындай жандар. Отбасына қорған болған әрбір ұрпақ Отанын да сүйе алады. Ал Отанына перзенттік көзбен қарай білген адам тарихына терең бойлап, тегін танып, әдебиетін һәм мәдениетін сақтап, жәдігерлерін түгендеп, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарайтын еді. Осының бәрін қадірлеуді парызым деп ұғынған бала ана тілін ардақ тұтары шындық. Дәл осындай адамдық келбетімізді қалыптастырып, азаматтық биіктікке көтерілу үшін ұлттық санамыздың оянғаны қажет. Өз еліңде, өз жеріңде, өз қазағыңа өз тілін үйрен дегеннен асқан ұят нәрсе бар ма екен? Қазақтың күйеу баласы Виктор Храпунов әкім, министр болып тұрған кезінде «Кайырлы кун, кадырлы агайын!» дегенде бөркімізді аспанға атпасақ та, шартылдата шапалақ ұрып, есіміз кетті. Оның аңқау елге арамза басшы болғанын қайдан білейік. Ұлты неміс Герольд Бельгер қазақша сөйлесе аузымыздан су ағып, жазғандарын таңдай қаға, тамсана оқимыз. Бірақ, жүз Храпунов, мың Бельгер қазақша сөйлегеннен ана тіліміздің абыройы арта қоймас. «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлескенде» ғана ана тіліміздің айы нұрлы, күні шуақты, еліміз рухани бай-қуатты болары сөзсіз. Әсіресе, билік басындағы атқамінерлер сіздерге Ахмет Байтұрсынұлының мына сөзін арнағым келеді. Ахаң былай депті:
«Әй, Алаштың көшін бастағандар, сендер адаспаңдар. Сендер адассаңдар, бүкіл Алаш адасады». Ендеше, биліктің тізгінін ұстаған орыс тілді мырзалар «Өздеріңмен қоймай ұлтты адастырып қарғыс алғанша, ана тілінің өркендеуіне үлес қосып, ұрпақтарыңнан алғыс алуға асығыңдар. Өйткені ұлттың болашағы сендердің мойындарыңда!».
Тіліміздің тұралап тұруының тағы бір себебі, аса қажеттіліктің жоқтығынан-ау! Ата Заңымызда мемлекеттік тіл қазақ тілі делінгенімен, келесі бір бабында орыс тілінің мәртебесін де одан кем көрмеу керектігін мегзейтіні бар. Қалаған жағына ие салатын жас шыбық секілді солқылдақ заңымыз тамырын тереңге салып, алып бәйтеректей діңін қатайтқанша алдымызда әлі де талай уақыт бар. «Бұдан жаман күнімде де тойға барғам» демекші, бүгінімізге тәубе қылып, сабырлық етейін. Жоққа жүйрік жете ме? Барға риза көңілмен ақырын күтейік тағы да.
Жұматай Оспанұлының
«Жалғыз жүрек, сан сауал»
кітабынан алынды
Жалғасы бар. Басы: 16.03.2015, 17.03.2015, 18.03.2015, 19.03.2015,
20.03.2015, 22.03.2015, 26.03.2015.