"Жалғыз жүрек, сан сауал": Күнәнің көбін тілімізден табамыз...

АДАМ БОЛАМ ДЕСЕҢІЗ...
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой,
Бес асыл іс, көнсеңіз.
АБАЙ.

ӨСЕК

Ибраһим хакімнен қалған осы бір ғибратты көңілімізге түйіп, «бес асыл іске» деген құштарлығымызды арттырып, «бес дұшпаннан» бойымызды аулақ салғанда ғана адамдық болмысымыздың қалыбы мызғымастай-ақ қалыптасар еді. Амал не, көп жағдайда қызыл-жасыл қу дүниеге қызықтырған қу нәпсінің жетегіне еріп кетеміз де, Абай айтқан «бес дұшпанға» алма-кезек бой алдырып жатамыз. Сөйтеміз де, әр адамның бойында болуы тиісті «бес асыл істің» қадір-қасиетін кетіріп алғанымызды байқамай-да қаламыз-ау.
Абай айтып кеткен асыл сөзге қайталай атбасын бұрғандағы мақсатым – Мұқағали ағам айтқандай: «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» данышпан хакімнің рухани мұрасын жалғастырып, қара ормандай қалың оқырманмен ой бөлісу еді.
Құнанбайдың ұлы ғибрат еткен «бес дұшпанның» басында ӨСЕК тұр екен. Ой елегінен өткізіп, ақыл таразысына салып көрсек, өсек – бес дұшпанның бірі ғана емес, адамды тоздырып, аздыратын нағыз антұрған қылықтың өзі екен. Айрандай ұйыған ағайынды сүттей ірітіп жіберуге қауқары жетеді бұл өсектің. Кез келген шаңырақты шайқап, босағасын босатып, берекесін қашыруға да мүмкіндігі зор. Шала жанған шоқ бықсып басталады да, айналасын түтіндетіп келіп, лап ете қалғанда алаулаған отқа ұласып, ақырында өшіруге мүмкіндік бермейтін өртке айналады. Өшіріп үлгергеніңше күйесі бетіңе жағылады. Өсек те сондай пыш-пышы сасыған әңгімеден бықсып, бастау алады да, қыза-қыза қызыл тілден от шығарып, не өзіңді, не біреуді күйдіріп тынады. Аталарымыздың «Он күнәнің тоғызы тілден» деген сөзін дұрыс қорыта білсеңіз, астарында қорғасындай салмақты, түскен жерін ойып тастайтын ойдың ауырлығы жатыр емес пе? Бірақ мұны саралап жататындар аз-ау шамасы. «Отыз тістен шыққан сөздің отыз рулы елге тарайтынын» біле тұра «Тілде сүйек жоқ» дейміз де жібереміз-ай келіп. Аталы ой мен баталы сөзді айтуға, оған шешендігің жетпесе тек қана жақсы сөз сөйлеу үшін берілген бір жапырақ қызыл етті ғайбат пен өсекке матырамыз да жатамыз. Нәтижесінде өзгеге ғана емес, өзімізге де зиянымыз тиіп, Алланың алдында күнәға батқанымызды білмей де қаламыз. Бұған дәлелді адамзаттың асыл тәжі атанған, екі дүниенің сұлтаны, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) хадисінен алып көрейікші. Расулымыз айтады: «Кімде кім екі жағының және екі бұтының ортасындағы мүшесіне ие болса, мен сол адамның жәннатқа кіруіне кепілдік беремін»,– дейді. Яғни, бұл жерде айтылып отырған нәрсе, ең ауыр екі күнәнің себепкері болатын ғайбат-өсек пен зинақорлық. Жаратқан иемізге күнаһар етіп, адамның алдында абыройымызды айрандай төгетін өсек – көзге көрінбегенімен жарақаттанған жеріңді үлкен жараға айналдырып, тіпті мүгедек қылып тынатын жаман микробтар сияқты. Дер кезінде ем қолданбасаң кеш қаласың. Ал оның емі не дегенге келетін болсақ, ол – жан тазалығы, ар-ожданыңның биіктігі, ұятыңның күштілігі, намысыңның беріктігі. Осының барлығын жұдырықтай ғана жүрегіңде сақтап тұратын иман байлығы екен. Өйткені, аталарымыз «Иманы бардың, ұяты бар» дегенді текке айтпаған. «Иманы кеткеннің, жиғаны кетеді». Мен ойлап тапқан тәмсіл емес. Даланың дара ділмарлары атанған данышпан бабаларымнан қалған сөз. Сонда иманымызбен бірге кететін жиғанымыз не? Ол – хакім айтқан «бес асыл іс» пен жоғарыда мысалға келтіріп отырған рахымы шексіз Алла берген ізгі қасиеттер.
Адам бойында ауруға қарсы тұратын сан түрлі иммунитет бар, тәніңізге жабысатын кез келген кеселдің қорғаны. Сол сияқты жан тазалығы мен рухымыздың байлығын жаман мінез, қасиетсіз қылықтардан сақтайтын да иммунитет болады. Ол – жүрегіміздегі иманымыз һәм осы қалыптың ішіне жиғанымыз. Яғни, ізгі амалдарымыз.
Ал өсек адам мен адамды айуандай араздастыратын, ара-жігін ажыратып, бір-біріне қас дұшпан жасайтын лағнеті шайтанның лас істерінен. Ендеше, Абай дана айтқандай, «адам болам десеңіз...» мұндай көріксіз мінездерден бойымызды аулақ ұстауымыз керек екен. Қазақты Абайдан асырып сынай алар ма екенбіз? Хакімдей қазағымызға жол көрсете алар ма екенбіз? Данышпан ойшылдай өз қазағымызды өзіміз жақсы көре алар ма екенбіз?! Жаны ашығаннан сынады. Надандықтан іргесін аулақ салсын деп ақыл айтты. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп егіле жақсы көрді. Сөйтті де, «Бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол» деп өсиет қалдырды. Өзі айтқандай, «толық адам» болудың сара жолын көрсетіп кетті. Құдайдан қорықпайтындардан қорқу керек екендігін ескертіп, «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті», – деп жанымыздың иесі болған Жаратушымызды сүюге һәм тануға шақырды. Адам жанын азғындыққа ұшырататын күллі жамандық атаулының негізгі бес бағытын анықтап айтып, біріншісі ӨСЕК екенін есімізге салып, көшімізді тура жолмен алып жүруді нұсқап кетті. Әсілі, өсектің үлкен күнәға апаратындығы жайлы осыдан он төрт ғасыр бұрын Алла тарапынан түскен асыл дінімізде қасиетті Құран Кәрім арқылы жеткізілген. Содан бері де қаншама өзен сарқылды, қаншама бұлақ тартылды. Адамзат баласы небір қоғамды бастан кешірді. Бірақ, екі жағымыздың ортасындағы қызыл тілді аяусыз қыздырып, қанымызды қоздырып өсек айтуда алдымызға жан салмай келе жатырмыз. Ғайбат, өсек дегеніңіз ібіліс малғұнның адамды азғырудағы көп амалдарының бірі. Қарғысқа ұшырағанда Алла тағаладан қияметке дейін пендені адастыру үшін мүмкіндік сұрап алған шайтанның ісі екенін біріміз білсек те, көбіміз білмей жүрміз-ау. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Рас сөз ешуақытта жалған болмас», – деп Жаратушысын танып, ақиқатқа апаратын жалғыз жолдан ұрпағының адасып кетпеуі үшін бес дұшпаннан сақтандырған Абай ең алдымен неге «өсекті» айтты. Өйткені, күнәнің көбін тілімізден табатынымызды білді.
Әсілі, өсек айту деген жаман әдет қазаққа ғана тән емес. Күллі адамзатқа ортақ нәрсе. Өсектің өрге баспайтыны туралы, тек қана орға жығатыны жайлы қазақ – қазақ болғалы ғана емес, адамзат баласының ақыл иесі атанғалы бері айтылып-ақ келе жатыр-ау шамасы. Біздің де осы тақырыпқа қалам тартып, сөз бастап отырғанымыз Абай айтып кеткен өсиетті өзімізше пайдаланып, өзгеге өнегелі көрініп, ұпай жинау емес, «Адам болам десеңіз...» Ибраһимнен қалған ғибратты жалғастырып, тілден табатын күнәдан жанымызды аулақ салайық деген ниет. Көсегеміз көгеріп, өсер елдің ұрпағы боламыз десек, өсектен алыс болайық!

Жұматай Оспанұлының 
«Жалғыз жүрек, сан сауал» 
кітабынан алынды

(Жалғасы бар. Басы: 16.03.2015, 17.03.2015, 18.03.2015, 19.03.2015, 20.03.2015, 22.03.2015, 26.03.2015, 27.03.2015, 28.03.2015, 30.03.2015, 31.03.201501.04.2015).

 

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста