ҚАРА ЖОЛДЫҢ БОЙЫНДА
БАЯҒЫДА
Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ, – деп өскен қазекең ер қанаты ат екенін әлдеқашан айтып кеткен. «Адам жылқы мінезді, бір күнде түлейді, бір күнде жүдейді» деп өздерін текті жануарға теңеп жататын да қазақ. Яғни, осынау он сегіз мың ғаламның бір пұшпағын мекендеген көшпенділер ұрпағы үшін жылқының алар орны ерекше. Жорға мінсе тақымына жел бітіп, желпініп, желөкпе болып кететіндер де табылады. Астына ат бітсе атасын танымай кететіндік те қазақы мінезімізде бары рас. «Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті, қабырғалы, жоталы болса күшті», – деп тұлпарын сынап, сылап-сипап мінетін қазекеңнің әуені әлдеқашан өзгерген. Атбегілік деген ұлттық құндылықтарымыз көз алдымызда алыстап, көңілімізден көмескіленіп, бірлі-жарым адамдардың «хоббиі» болып қана қалғандай. Шын жүйріктің қолтығының астында қанаты бар екен деуші еді сыншыларымыз. Бұл күндері сол «қанатты сұңқарымыз» «темір тұлпарға» айналған.
КЕШЕ
«МАЗ»-дар, «ГАЗ»-дар, «Москвичтер», «Волгалар», заула-заула, заула темір жорғалар”, – деп ХХ ғасырдың екінші жартысындағы айтулы жаңалықтардың бірі осы «темір тұлпар» еді. Ағайын-туысын араласа асу-асудан өтіп, айлап жүретін қазекең күндік жолды сағаттап, қозыкөш жерге қас-қағым сәтте апаратын бұл шіркіннің де тетігін бұрап, тілін тапты. Ой, хой, дәурен, қайран заман-ай, десеңізші! «Көшкенде жылқы айдаймын аламенен, ауылыңа барушы едім даламенен» деген әннің сөзі де, өзі де өзгеріп шыға келді. «Жұлдыз қандай, Ай қандай, шопыр сүйген қыз қандай», – деп әндетіп жүрміз. Мұқағали ағамыз жырлаған жоғарыдағы тұлпарларды қолы жеткендер ғана мінген. Иесінен сұрап, шылбырын шешіп, тізгінінен тартып мініп «шу, жануар» деп шауып жүре беретін емес, бұл тұлпарды қолында арнайы қағазы бар адамдар жүргізетін. Шіркі-і-і-н, «темір тұлпар» деген қол жетпес арман болып көрінетін ол кезде.
БҮГІН
Ешкімге таң емес. Рас, қалтаңда ақшаң болса қалағаныңды ал да, қайқайып жүре бер.
Абай атамыздың:
Кең сауырлы, тар мықын, қалбағайлы,
Алды-арты бірдей келсе ерге жайлы.
Күлте құйрық, қыл түбі әлді келіп,
Көтендігі сығыңқы, аламайлы, – деген өлең жолдары қазіргі жастар үшін көне-е-е дәуір сияқты елестейтіні шындық. Хакім Абайдың атқа берген сыны бұлар үшін ертегі сияқты. Жарты ғасырдың ішінде адам санасына аспан айналып жерге түскендей өзгеріс әкелген уақытқа дауа бар ма? Баяғы Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Ер Тарғынның Тарланы, Ақан Серінің Құлагері аспан астындағы мұражайдың экспонаттарына айналғалы қашан? Қазір олардың орнын «Хаммер», «Тайота», «Лексус», «Мицубиси»... несін айтасыз, тізе берсеңіз таусылып бітпейтін бірінен бірі өткен «темір тұлпар» ауыстырған. Дана Абайдан жеткен «жуан, тақыр бақайлы, жұмыр тұяқ», «шідерлігі жуандау, бота тірсек», «шапса жүйрік, мінсе берік, жуан, жуас» деген теңеулердің орнын «полный электропакет», «КПП автомат», «дутый», «кондиционер», «титановый диск» "тип троник" деген сөздермен әлдеқашан алмастырып тастаған. Яғни, ақын жырлаған аттың сыры қазіргі жастардың санасында баяғыдан қалған, ескі дүниеге айналып кеткеніне көзіңіз жетеді. Сонымен қазір біз ағымы да, бағыты да басқа жаңа ғасыр, жаңа заман, жаңа қоғамда өмір сүріп жатырмыз.
Жұматай Оспанұлының
«Жалғыз жүрек, сан сауал»
кітабынан алынды
(Жалғасы бар. Басы: 16.03.2015, 17.03.2015, 18.03.2015, 19.03.2015, 20.03.2015, 22.03.2015, 26.03.2015, 27.03.2015, 28.03.2015, 30.03.2015, 31.03.2015, 01.04.2015, 03.04.2015, 04.04.2015, 05.04.2015, 06.04.2015, 07.04.2015, 08.04.2015, 09.04.2015, 10.04.2015, 11.04.2015, 12.04.2015, 13.04.2015, 14.04.2015, 15.04.2015, 16.04.2015).