Кез-келген мемлекеттің болашағы нәзік жандылардың қолында екенін тарих әлдеқашан дәлелдеген. Себебі бала тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Онымен айналысатын әлбетте аналарымыз. Сондықтан әйел затының мемлекет үшін орны әманда айырықша екені айтпаса да түсінікті. Мемлекетінің болашағына алаңдаған алаштың әрбір азаматын қарагөз қарындастың тағдырына алаңдауы тиіс деп ойлаймын. Шүпірлеген шүршіттей санымызға жетпей жатсақ бір сәрі. «Құдай қарасып тұр» дегеннің нағыз өзі болып тұрған заман. Әйтпесе, «саусақпен санарлықтай, қалпақпен ұрып аларлықтай» ғана қауқарымыз қалып тұр.
Қазіргі уақытта дінді желеу етіп, мемлекет тыныштығына нұқсан келетін көптеген бұрын соңды қазақ қоғамы кездестірмеген мәселелер ортаға шығып отыр. Соның бірі қазіргі уақыттағы қыздарымыз бен қарындастарымыздың діннің сыртқы формасына үңіліп, асыл діннің ішкі рухани мәніне көз жібере алмауы дер едік. Салдарынан қаншама қарындастарымыз көңіліндегі армандарына қолдары жетпей, қиялдары құмға сіңіп жоқ болып кетіп жатыр. Барлығына кінәлі сол қасаң қағидаға негізделген соқыр сенім, радикал түсінік. Мұндай құбылыстар белең ала беретін болса, түбі оның жақсылыққа әкелмейді. Осы бір алмағайып заманда, жоғымыз табылып, өшкеніміз қайта жанды, асыл дінімізбен қауыштық деп көзқуаныш болып отырғанда, қателікке бой алдырмауымыз керек. Шындығында қателіктің барлығы тәжірибеге сүйенбеу, өткеннен сабақ алмау, білуге ұмтылмаудан шығады. Мұндай кертартпалықты атам қазақ «білме, білгеннің тілін алма» деген. Өзің ақиқатты білуге ұмтылмай, әркімнен ести бергеніңе амал қыла берсең, түбі орға жығыласың. Бұл жайлы ардақты Пайғамбарымыз: «Кәззәп (өтірікші) болудың ғаламаты, естігеніңді айта беру» деген. Қазіргі имандылыққа иіліп, дінге мойынсұнған көп қарындастың діни сауаты мәз емес. Шындығында діннің сыртқы формасына мән береді дағы шын исламның мақсаты не екенін түсіне алмағандығынан айналасындағыларға проблема болуда.
Асылында діннің негізгі мақсаты адамзатты шаттыққа, қуанышқа бөлеу, өзгелерге қуаныш, тыныштық сыйлау. Ал діндар адам қоғамда өзгелерге үрей салмауы тиіс. Яғни ол өзгелерге проблема болмауы керек. Жалпы «мұсылман» деген ұғымға алғаш анықтама берген тұлға ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с.
Пайғамбарымыз алғаш Ислам дінін насихат ете бастағанда, одан қауымы:
Ей, Мұхаммед! Сен бізге иман келтіріп, мұсылман бол дейсің, мұсылман болу деген не? Ол не істеу керек? деген сұрақтар қояды. Сонда парасатты Пайғамбарымыз қауымына:
«Мұсылман» деген сол – ешкімге жәбір көрсетпейтін, әлсізге қамқор болатын, бойындағы бар күш қуатын қоғамының жақсылығы үшін жұмсайтын, біреуге қуаныш сыйлатын, тыныштықты сақтайтын. Сол адам мұсылман. Ал кім қоғам (халық) тыныштығын бұзатын болса, ол күпірлік болады. Ал күпірлік – Жаратушыға қарсы болу – деді.
Бұл жерден байқайтынымыз Жаратушының үйлесімділік заңын бұзуға әрекет қылған әрбір іс күпірлік екенін түсінгеніміз жөн.
Асылында Алла Тағала дінді адамзат баласы екі дүниеде бақытқа кенелсін деп жіберіп отырған. Бір діннің қағидалары көнерген тұста заман қажеттілігіне сай, адамзаттың рухани сұраныстарын қанағаттандыратын келесі бір шариғаттың жаңа үлгісін пайғамбар арқылы жіберетін-ді. Бірақ қай қауымға келген шариғи үкімдер мен ережелер, тыйымдар болмасын барлығы адамның пайдасы үшін беріліп отырды. Әсіресе, білім мәселесі әрқашан ерекше маңызға ие болып келді.
Ислам үшін қоғамның тұрақтылығы мен азаматтардың ынтымақ пен ауызбіршілікте өмір сүруі ең басты құндылықтардың бірі. Қасиетті Құранда Құдай тарапынан адамзат баласына келген алғашқы аятың бірінші сөзі «Оқы!» – деген бұйрық болатын. Алла білім алудың парыз екенін үкім етіп тұр. Сондықтан оқу, білім алу мұсылманның басты парызынан саналады. Ислам – білімсіз адамды қараңғы, надан адамға теңейді. Алла Тағала адам баласына өзінен қалай тілек тілеуді Құранда: «Раббым, білімімді арттыр!» деп көрсетеді. Келесі бір аятта «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» деген аяттар білімге ұмтылудың мәнін аңғартып тұр. Құранда білім алу мұсылманның басты парыздарының бірі, адамның өзгелерден айырмашылығын, Құдай алдындағы құлдық борышын білім арқылы танитындығына ишара жетіп артылады.
Заманында Орталық Азиядағы исламның жүрегі атанған Бұхара медреселері қазақ сахарасына қаншама білім сардарларын сыйлады. Осы Бұхарадағы медреселерінің кіре беріс маңдайшаларында: «Әрбір мұсылман ерлер мен әйелдер үшін ғылым үйрену – парыз және қарыз» деген 1400 жыл бұрын Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтқан хадис тасқа қашалып жазылып ілінген болатын.
Халықтың дәстүрлі танымында діннің мәні туралы көптеген әпсаналарды кездестіруге болады. Солардың бірін беруді жөн санап отырмын.
Қадым заманда дін ұстаған бір мұсылман тақуалықпен қырық жылын өткізіпті. Қырық жыл бойы күндіз ораза ұстап, түнде таң атқанша құлшылық жасайды екен. Алла Тағаламен Мұса Пайғамбар сияқты тілдесе алсам, шіркін! деп арман қылыпты. Күндердің күнінде Тәңірісі тілегін беріп, тақуа құлын өзімен дидарласу дәрежесіне лайық қылыпты. Жаратушысымен кездескен тақуа құлы Раббысынан сұрайды: «Ей, бізді жаратып, тәрбиелеуші Раббым! Сенің ең ұлық қазынаң, байлығың не?» дейді. Сол кезде Жаратушы Жаббар Хақ: «Уа, құлым! Білгейсің! Баға жетпес байлығым уа қазынам – құлымның көңілінің шаттығы» деген екен. Бұл әпсананың Құранның мәні мен шын мақсатын баян қылып тұрғанында дауы жоқ.
Тарихи жазбаларға көз жүгіртсек талай қызыққа таңдай қағып, таң тамаша қалар едік. Шаһкәрім бабамызды сөйлетсек, ол кісі дін туралы:
Сiз бояулы дiн тұтасыз, Мақтаның мен пайда үшiн.
Сусыным деп у жұтасыз, Кетпегейсiз бiр құлап.
Таза ақылмен таппаған дiн – Шын дiн емес, жындылық.
Қармалаған бiр соқырсың, Өлген ой мен көз, құлақ...
Дiн тазасын дiннен iзде, Дiн шатағын сынға сал.
Анық айна өзiңiзде, Айда ақылды қаттырақ.
Шала дiн де, пән де таппас, Дiн тазасын ой табар.
Еркiн ақыл тiптi адаспас, Кезсе кiрсiз жарқырап...
Күніміздегі «зайырлы білім алу харам», «қыз баланы оқыту харам» сынды» т.б. сыңаржақ пікірлер айтып, өз балаларының болашағына балта шауып жатқан соқыр сенімнің сергелдеңіне шырмалған кейбір ата-аналар қатты адасады дер едік. Исламның келуімен қыз баланың құқығы сақталатын болды. Исламда әйел адамның мәртебесі айырықша қорғалып, оның да білім алуы ер адаммен бірдей міндеттелді.
Ислам шариғаты ерлермен қатар әйелдердің де тек діни білім ғана емес дүнияуи білім алуын да мақсат етеді. Мұндағы мақсат адамның діни білім алумен шектелмей, оның әлемді де танып білуін көздейді. Өйткені Алла адамды мына дүниеге өмір сүру үшін жіберіп отыр, сондықтан адамның өз өмір тіршілігіне қажетті білім мен танымдарды игеруі қасиетті борышы.
Қазір адамзат қарыштап даму үстінде, осы үдерісте мұсылман баласы ойып тұрып алын алуы тиіс.Соны үшін әрбір мұсылманның діни және дүнияуи білімді қатар меңгеруі маңызды. Мұсылман қоғамы діни білімді дамытумен бірге жаратылыстану ғылымдарын да оқып-біліп, әлемді ғылыми танып, оны өз игілігіне жаратып жатса қанеки.
Еуропалықтардың көзқарасы бойынша мұсылмандар, әсіресе мұсылман әйелдері – өзге тілде нашар сөйлейтін, маңдайын еденге соға бергенді ғана білетін артта қалған адамдар. Сондықтан дін атына сөз келтірмей біздің мұсылман ата-аналарымыз, балаларды жастайынан тәрбиелеп, олардың бойына діни де, зайырлы да білімге деген сүйіспеншілікті еге білуі керек. Қыздарымыздың білім алуына ешбір дін кедергі келтірмеуі керек.