Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында Сәғләба бин Абдуррахман есімді бір жас сахаба болған. Ол Ислам дінін қабылдағаннан кейін өзін пайғамбарымыздың қызметіне атайды.
Бір күні пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оны бір шаруаға жұмсайды. Сәғләба жұмсаған жеріне барып, есігі ашық қалған үйдің ішіне көзі түседі. Үйде «ансарлық» бір әйел жалаңаш шешініп тастап жуынып жатыр екен. Сәғләба әлгі әйелден бір сәтке көзін ала алмай қалады. Кейін өз-өзіне келіп, қатты ұялып кетеді. Бір жағынан «пайғамбарымызға Алла Тағаладан бұл күнәм жайында уахи түссе, қайтемін» деп қатты қорқады. Екінші жағынан «харамға қараған көзіммен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мүбәрак жүзіне қалай қараймын?» деп Мәдина қаласын тастап шығып, тауға қашып кетеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сәғләбәні ұзақ уақыт бойы күтеді. Келмеген соң өзгелерді жіберіп іздетеді. Алайда, таппайды. Арада қырық күн өтеді. Сол кезде Алла Тағаладан хабар алып Жәбірейіл (а.с.) періште келеді.
– Уа, Мұхаммед (с.ғ.с.)! Раббыңның саған сәлемі бар. Алла Тағала: «Үмбетіңнен қашып кеткен жан мына таудың арасында, Менің отымнан Маған сиынуда!» деді, – деп Жәбірейіл Алла Тағаланың сәлемін жеткізеді. Бұл хабарды алған пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Хазіреті Омар (р.а.) мен Хазіреті Сәлманды (р.а.) шақырып, Сәғләбаны алып келу үшін Жәбірейіл (а.с.) айтқан жерге жібереді. Екі сахаба жолға шығып, айтылған жерге жетеді. Сол жерде қой баққан Зәфәфә есімді бір шопанға жолығады. Шопанға бір жас жігітті іздеп жүргендерін айтып, суреттеп береді. Шопан да:
– Сендер тауға шығып алып айқайлап жүрген бір жасты іздеп жүрген боларсыңдар. Ол Жәһәннамның отынан қашып жүр,
– дейді. Сонда Хазіреті Омар:
– Оның тозақ отынан қашып жүргенін қайдан білдің? – деп сұрайды.
– Айқайынан білдім. Күнде түннің ортасында таудан шығып қолын төбесіне қойып, «Уа, Раббым! Мен Сенен ұяламын, жасаған күнәмнан ұяламын! Жанымды ал, тәнімді шіріт!» деп дұға қылып айқайлайды, – дейді.
Хазіреті Омар мен Сәлман қойшы айтқан таудың жанына барып, түн ортасына дейін күтеді. Түн ортасында қойшы айтқандай Сәғләба таудан шығып, қолын төбесіне қойып Аллаға дұға қылып жалбарына айқайлайды. Сол кезде Омар мен Сәлман Сәғләбаны ұстап алады. Сәғләба болса, Хазіреті Омардан:
– Ей, Омар! Алланың елшісі (с.ғ.с.) күнәмнан хабардар болды ма? – деп сұрайды. Омар:
– Күнәңды біліп-білмегенінен хабарым жоқ. Бізге тек сені алып келуді бұйырды, – дейді. Сонда Сәғләба тұрып:
– Омар, онда саған бір өтінішім бар. Мені пайғамбарымызға (с.ғ.с.) намазда тұрғанында апаршы, – дейді.
Себебі, сахаба харамға қараған көздерімен пайғамбарымыздың жүзіне қарауға қатты ұялады. Омар да Сәғләбаның өтінішін жерге қалдырмай, сахабаны мешітке пайғамбарымыз (с.ғ.с.) имамдыққа шыққанда кіргізеді. Сәғләба да сапқа тұрады. Намаз біткен соң пайғамбарымыз (с.ғ.с.) артқа бұрылып:
– Уа, Омар! Сәғләба қайда? – деп сұрайды. Мұны естіген Сәғләбаның буыны ұстамай, отыра кетеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сәғләбаға жақындап келіп:
– Уа, Сәғләба қайда жоғалып кеттің? – дейді.
– Уа, Алланың елшісі! Жоғалып кетуіме күнәм себеп болды!
– Қателік пен күнәні өшіретін Алланың аятын айтайын ба? – дейді пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Айтыңыз, иә, Расулім! – дейді Сәғләба. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Раббанаа әәтинәә фид дуния хасанатан уа фил әхирати хасанатан уа қинә ғәзәбәннар» деген дұғаны оқы! – дейді. Сәғләба болса:
– Уа, Алланың елшісі! Менің күнәм үлкен ғой! – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Жоқ, Алланың сөзі одан да үлкен, одан да ұлы! – деп жауап береді.
Осыдан соң Сәғләба үйіне қайтады. Арадан сегіз күн өткеннен кейін Сәлман Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп Сәғләбаның қатты ауырып, өлім аузында жатқанын жеткізеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) орнынан тұрып, сахабаларын ертіп, Сәғләбаның үйіне барады. Барса, сахаба қатты науқастанған, тіпті, басын көтеруге шамасы жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сәғләбаның жанына келіп, басын көтеріп, өзінің тізесінің үстіне қояды. Сәғләба болса, басын пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тізесінен ақырын сырғытып, қайта жерге қояды. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Уа, Сәғләба, басыңды неге тіземнен алып кеттің? – дейді.
– Уа, Алланың елшісі! Бұл күнәға толған бас сіздің мүбәрак тізеңіздің үстінде жатуға лайық емес! – дейді. Пайғамбарымыз Сәғләбадан қай жерінің ауырып жатқанын сұрайды. Сәғләба:
– Етім мен сүйегімнің арасында құрт жүргендей, – деп жауап береді. Пайғамбарымыз одан не қалайтынын сұрайды. Сахаба:
– Алланың кешірімін тілеймін! – дейді.
Сол кезде, сол жерде көктен Жәбірейіл періште түсіп келеді де пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Алланың сәлемін жеткізеді:
– Уа, Алланың елшісі! «Алланың саған сәлемі бар! Құлымның Жер шарындай күнәсі болса, ол күнәсі үшін дәл сондай кешірім бар!» деп жатыр, – дейді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сәғләбаға бұл сүйіншіні жеткізеді, сахаба да бұл қуанышты хабарды ести салып, сол жерде көз жасы ішінде жан тапсырады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сәғләбаны кебіндеп, жаназа намазын оқиды. Жаназа намазында Алла елшісі (с.ғ.с.) аяғының ұшында тұрады. Мұны байқаған сахабалар жерлеп келген соң пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) не себепті олай тұрғанын сұрайды. Сонда пайғамбарымыз:
Сәғләбаның жаназасына қатысқан періштелердің көптігінен аяқ басар жер таппай, сол себепті аяғымның ұшымен тұрдым, – деп жауап береді.
* * *
Харамға көзі түсіп кеткені үшін дерті ішіне түсіп кеткен сахабаның бұл оқиғасы неткен ғибратты еді. Күнәға түскен көзімен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жүзіне қарауға ұялған Сәғләбаның бұл оқиғасы неткен хикметке толы еді. Бүгінде көз күнәсына белшемізден батып жүрген мына біздерге үлгі боларлық оқиға емес пе? «Үмбетім, үмбетім» деп ботадай боздап, еңіреп алдымыздан шығатын пайғамбарымызға бұл көзімізбен қайтіп қарамақпыз? Харамға қарамасын деп осы көзіміз үшін қабақ жаратқан Алланың дидарына, жамалына қайтіп ұялмай қарамақпыз?! Аяғының ұшынан көз алмай жүрген пайғамбардың үмбеті – мына біздер айнала жалаңаштанғанда пайғамбарымыздың бұл сүннетін қалайша ұмыттық?! Алла өзімізге де, көзімізге де ұят берсін! Сәғләбаның тәубесіндей тәубе берсін біздерге! Уа Раббым! Сәғләбаны кешірімінен де асқан кешірімің мен жарылқауыңа мұқтажбыз!
Салтан Сайранұлы
muslim.kz