Тарихта мұсылмандар тіпті христиандарға да мешітте құлшылық жасауларына рұқсат берген, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Kazislam.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл жағдайдың ислам тарихында орын алғаны рас. Оқиға тарихшылар «Санату әл-уафд» (делегация жылы) деп атаған жылы орын алған.
Ертеде араб түбегінде Нажран аймағында қалың христиандар тұратын. Нажрандық христиандар пайғамбардың (с.ғ.с.) өздеріне жолдаған хатына байланысты 60 кісілік делегацияны Мәдинаға жібереді. Бұл алғашқы топтық дипломатиялық қатынастардың бірі еді.
Нажраннан шыққан христиандардың делегациясы екінті намазы кезінде пайғамбар мешітіне келеді. Мұсылмандар намаз оқып жатқан-ды.
Нажрандық делегация да мешітке кірген соң шығысқа бет бұрып, құлшылықтарын жасай бастайды. Мұны көрген кейбір сахабалар бұларды тоқтатқысы келіп, ескерте бастайды. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.) оларға тиіспеу керектігін ескертеді. Сөйтіп, олар емін-еркін құлшылық қылып, кейін пайғамбарға (с.ғ.с.) сәлем береді. Келісім сөз жасалады.