Бүгінгі таңда үй ішінде ит асырау салтқа айнала бастады. Бұл &ndash елдің ғұрпында болмаған жағдай. Әрине, мәселе итте емес. Өз отбасы, ошақ қасынан жылылық таба алмай, итпен серік болуды өміріне желеу ететіндердің біздің қоғамға да жұға бастаған қасіретті дертінде. Әр адамға жылылық керек. Тек тәнді ғана жылытатын емес, рухани қуат боларлық берекені де отбасынан іздеген дұрыс.
Қасиетті Құранда мынадай бір аят бар: «Мұса отқа таяп келгенде, оған былай деп үн қатылды: «Осы оттың басындағы һәм оның маңайындағы жандарға құт-береке дарытылды. Әлемдердің Раббысы Алла мінсіз, кемшілік атаулыдан ада» («Нәмл» сүресі, 8-аят). Осы аятты оқығанда, қазақ халқының отбасы, ошаққасы, отан, отағасы деген сөздерді тегіннен-тегін қастерлемейтініне көзіміз жетеді. Бүгінге дейін бабаларымыз отбасын киелі ұғымдардың қатарына қосып келген. Әрбір қазақ құт-берекені де, бақытты да, қуаныш-шаттықты да өз отбасыларынан тауып келген. Жылдан жыл, ғасырдан ғасыр өтіп бүгінге жеткенде осы бір киелі жеріміздегі құндылықтар бұзылып, бүлініп жатқаны қынжылтпай қоймайды. Біз осыншалық азғындық дертін шекпеген ел едік қой. Бұл қасірет қайдан жұқты?
Қазір не көп, толық емес жанұялар көп. Үлкендердің бейғамдығынан бейкүнә балалар қасірет шегуде. Ақылсыз, кездейсоқ үйлене салғандар өздері лаулаған отқа түсіп жатқанымен қоймай, сол отқа шарасыз балаларын да тартып жатыр. Жартылай отбасында жартылай тәрбие көрген балалардың өздері күні ертең қандай қоғамның негізін қалайды? Ер жігіттің тәрбиесіне ер адамның араласқаны керек емес пе? Мұхтар Әуезовтің «Көк серегінде» Аханқұлдың апасына: «Апа, Құрмаштың тамағы сіздің мойныңызда, ал тәрбиесі менің мойнымда» дейтін жері бар. Өте орынды.
Тиетін күйеу таба алмай немесе бар күйеуінен түрлі себептермен ажырап қалған әйелдері көп қоғамның келешегі туралы ойланып көрдік пе? Шынында да, дәл осындай әйелдердің саны бүгінде жанұя құрып, өз әйел, бала-шағасына махаббаты мен мейірімін төгуді мақсат етіп жүрген еркектерден әлдеқайда көп. Ал, әйелдің аты, түптеп келгенде, әйел емес пе? Оған да өзіндік жылу керек. Міне, осы жылылықты таппағанда, итпен серік болуды ойға алатындар пайда болады. Оның астарында тек қара басын ғана ойлайтын тәкаппарлық, өзімшілдік жатқанын біреу білсе, біреу білмейді.
Байқайсыз ба, біз жетпіс жыл бойы тағдырлас болған көршілес елде тек өзін ойлау қоғамдық мәдениетке жатады. Мысалы, ол қоғамда адамдарға керегі ақша, тамақ, жыныстық қатынас, ішкілік, көңіл көтерудің өзге де түрлері болатын. Тек осындай арманның жетегінде жүрген әйел баласы тұрмыс құрып, көп балалы ана атануды, бала үшін сұлу мүсінін бұзуды қалай ма? Жоқ, әрине! Сондықтан ол елде отбасын құрғандар бір-екі баладан артық тумайды. Екі баласы адам болып, өмір соқпағымен екі жаққа кеткенде, бұрынғы әдемілігінен де, күш-қайратынан да айрылған шал-кемпір бір үйде жалғыз қалатын күйге түсті. Осындай жағдайда тізесін құшақтап қалған олар үйінде итпен, мысықпен серік болмағанда не істейді?
Алла Тағаланың жер бетіне жіберген заңдары осындай түйткілдердің бәрін оп-оңай шешіп береді. Қоғам ішінде адамдармен адамша өмір сүру үлгісін ұсынады.  Жаратушы Иеміз қасиетті Құранда бойдақтарды үй болып, отау құруға шақырады: «Араларыңдағы үйленіп, отау құрмағандарды және құлдарың мен күңдеріңнің арасындағы ізгілерін, сондай-ақ үй болуға жарайтындарды үйлендіріңдер!..» («Нұр» сүресі, 32-аят).
Ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Алланың әміріне негізделген бір ғана хадисінде айтылғандай «Үйленіңдер, көбейіңдер! Мен Қияметте сендердің көптіктеріңмен мақтанамын», &ndash дейді.
Егер ерлер мен қыз балалар өз уақытында отау құрып, одан соң бір-екі баламен шектелмей көбейетін болса, онда қоғамда салауатты өмір салты қалыптасады. Ар-намыс, ұят өз орнында болады.  Осылайша қартайғанда жалғыз басты болып ғұмыр кешуге тосқауыл қойылады.
         Қорыта келгенде, отбасыдан береке кетсе, бүкіл қоғам да азғындыққа ұшырап, тұтасып өмір сүруіне қауіп төнеді деген қорытынды шығады. Расында, алтын ұя &ndash отбасыңда хайуан итпен емес, ата-ана, жаныңа жақын ет бауыр туған-туыс, ағайынмен бірге өмір сүргенге не жетсін?!
 
Асылбек Әуезханұлы