Ғұсылы жоқ адам тісіне пломба саларда міндетті түрде алдын ала ғұсыл құйынуы керек пе? Жалпы, пломбасы бар адамның ғұсылы қалай болады?
Тіске пломба салу емдік мақсатта болғандықтан, алдын ала ғұсыл құйынудың не дәрет алудың қажеті жоқ. Себебі, тіске салынған пломба – жарақат үстіне оралған таңғыш іспетті. Ал шариғатта су денедегі жарақатқа зиянын тигізсе, жарақат таңылып, ғұсыл мен дәретте сол таңылған орамалға мәсіх тартылады. Алдын ала дәретті болу шарт емес [1].+
Сондай-ақ, Имам әл-Маусули өзінің Ихтияр ли Тағлилиль Мухтар атты еңбегінде былай дейді: «...Егер аяғының жарылған [2] жеріне дәрі жақса және жағылған дәріден теріге су жұқпайтын болса, дәрінің үстінгі бетінен судың ағуы жеткілікті» [3]. Сондықтан да, ауызды шайғанда пломбаның салдарынан тісіңіздің ойығына су тимей жатса, оның ғұсылға еш кедергісі жоқ.
[1] Маусули, Ихтияр, 1-том, 97 бет.; М.Исаұлы, Қ.Жолдыбайұлы, ғылымхал, 87 бет.
[2] https://www.almaany.com/home.php?language=arabic
[3] Маусули, Ихтияр, 1-том, 98 бет.
Абдусамат Қасым