Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Адам баласы сәжде аятын оқып, сәжде жасағанда, шайтан жылап қашады және былай дейді: «Маған нендей өкініш! Адам баласына сәжде бұйырылды, ол сәжде етті. Оған жұмақ бар. Маған да сәжде бұйырылды сәжде етпедім, теріс айналдым. Маған тозақ бар». («Сахих Мүслім»)
Құран Кәрімде тіләует сәждесі болған аяттардың шетінде «сәжде» деп жазылған. Құран Кәрім оқыған кісінің бұл аятты оқыған кезде сәжде жасауы – уәжіп. Бұл кісі құбылаға бет бұрып, тіләует сәждесіне ниет етеді және қолдарын көтермей «Аллаһу әкбар» деп тәкбір алып сәждеге барады.
Сәждеде үш рет «Субханә Раббиял-ағлә» дегеннен кейін қайта «Аллаһу әкбар» деп тәкбір алып тұрады. Тік тұрғаннан кейін «Сәмиғнә уә әтағнә ғуфранәкә Раббәнә уә иләйкәл масир» - дейді.
Сәжде аятын естіген кісінің де сәжде етуі керек. Сәжде аяты оқылғаннан кейін дереу сәжде жасау мүмкін болмаса оқығанның немесе тыңдағанның «Сәмиғна уә әтағнә ғуфранәкә Раббәнә уә иләйкәл масир» деп айтуы – мустахаб.
Сәжде аятын ежелеп оқыған, тек жазған немесе тілмен айтпай сәжде аятына қараған кісі тіләует сәждесін жасамайды.
Бір сәжде аяты бір отырғанда қайта-қайта оқылса бір сәжде жеткілікті. Бірақ әр түрлі сәжде аяттары оқылса немесе отырған жерін ауыстырса әр оқылған аят үшін жеке сәжде жасалады.
Тіләует сәждесінде тағы бір мәселе қозғалыста болған көлікте немесе жануарда отырғанда отырған орын ұдайы ауысып тұрады. Бірақ кеменің барлығы бір бөлме сияқты. Сондықтан көлікте не жануарда намаздан тыс қайталанған сәжде аяттарының әр қайсысына жеке-жеке сәжде жасалады. Кемеде бір сәжде жеткілікті.