Біздің қазақ қоғамының қазіргі жағдайы әлемнің басқа елдерімен салыстырғанда рухани келісім мен өзара түсіністіктің орын алуымен ерекшеленіп, халықаралық деңгейде де мойындалып отыр. 2011 жылы жаңадан бекітілген ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы арқылы елімізде діни жұмыстар қарқыны тұрақты қалыпқа, бір ізге түсті. Заңның ең басқы сөйлемі: «Осы Заң Қазақстан Республикасының өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретiнде орнықтыратынын, әркiмнiң ар-ождан бостандығы құқығын растайтынын, әркiмнiң дiни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретінін, халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өмірінде ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының діни мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады», - деп басталады.
Ал Қазақстан Республикасының Конституциясының бірінші бабында Қазақстан «зайырлы мемлекет» деп жарияланған. Сондықтан да зайырлы қоғамда дін міндетті түрде мемлекеттік мәртебеге ие болмаса да, қоғамда оның өз орны бар. Конституциямыздың 5-бабындағы: «Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр алуандылық танылады», 22-бабындағы: «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар», 14-бабындағы: «дінге көзқарасына» байланысты «ешкімді кемсітуге болмайды» деген қағидаларына сәйкес мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара қатынасы үйлесім табуда.
Мемлекет пен дін қызметі, олардың арақатынасы, заң алдында олардың теңдігімен қатар ортақ мүдделері бар болғандықтан дін мен мемлекет арасында шекара жоқ. Дін адамдар Алла алдында бірдей десе, мемлекет адамдар заң алдында бірдей дейді. Мемлекет өз адамдарына елдің азаматы ретінде қараса, дін адамдарға Алланың сүйіктісі ретінде қарайды. Мемлекет азаматтарды мейірімділік, патриотизм, сабырлылықты уағыздайтын діннің қолдауына мұқтаж. Ал тарихи құндылықтарымыз, дініміз мемлекеттің қолдауын қажет етеді. Дәл осы мүдделер арқылы зайырлы қоғамымызда дін мен мемлекет, билік пен діни салт-сана үйлесімін тауып жатыр.
Кеңес заманында Қазақстан да «атеизм салтанат құрған» елдер қатарында болса, Тәуелсіздік алған күннен бастап Ислам мемлекеті болдық, Ислам Конференциясы Ұйымына мүшеміз. 2011 жылы, сол Ұйымға төрағалық та жасадық. Бүгінгі таңда елімізде он үш миллиондай мұсылман бар. Ислам - күнделікті тіршілік, өмір салты ғана емес, ол мәдениет, өмірлік позиция, дүниетаным, бір сөзбен айтқанда, тұтас өркениет ретінде енді қайта дами бастады. 2009 жылғы бүкілхалықтық санақ бойынша ел халқының 70,2 пайызы – Ислам дінін ұстанатыны анықталды. 2010 жылдың басында тіркелген діни бірлестіктер мен діни топтардың ішінде сан жағынан ең көбі мұсылман діни қауымдастықтары мен топтары - 2697. Мешіттер де сан жағынан басым - 2343. Ал 1990 жылы небары 46 мешіт болған еске ала кетейік.
Қазақстан мұсылмандарының діни істерін ұйымдастырып, діни бірлестіктер, мешіттер және шетелдердегі мұсылман ұйымдарымен халықаралық қатынастарды реттейтін дербес мекеме «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» (ҚМДБ) діни бірлестігі деген атпен 1990 жылы құрылды. Бұл ұйым бүгінгі күні еліміз мұсылмандарының ең басты ислами ұйымы. Сондықтан да ҚМДБ–ы еліміздің мұсылман тұрғындарының қажеттілігін қанағаттандыратын және облыстағы мешіттер мен діни ағартушылық жұмыстарының сапалы, тұрақты және тиімді қызмет көрсетуіне мүмкіндік туғызуға барынша күш жұмсап келеді. Сондай- ақ ҚМДБ-ның ел өміріндегі Исламның рухани – имандылық және гуманитарлық ықпалын кеңейту жөніндегі жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында білімді, жоғары моральды және патриот діни қызметкерлер мен діндарлар дайындау, ҚМДБ – ның мемлекетпен мақсаткерлік аясы кеңейту міндетін алға қойып, жүзеге асыруда. ҚМДБ – ның дербес ақпараттық құралы ретінде «Ислам және Өркениет» газеті мен «Иман» журналы, muftyat.kz интернет – сайты қызмет етеді. Сонымен қатар республикалық «Асыл арна» исламдық телеарнасымен бірлесіп жұмыс істейді. Ал, әрбір облыстардағы ҚМДБ-ы өкілдігінің ресми сайттары да ҚМДБ-нан шыққан шешімдер мен пәтуалар, уағыз-насихаттарды халыққа кеңінен жеткізуге атсалысуда. Халыққа мемлекеттің заң шеңберінде өз дінінің үкімдерін орындап, құлшылық- ғибадаттарын жасауына барынша жағдай тудыру, ар – намысы жоғары, биік ойлы азаматтарды тәрбиелеу ҚМДБ – ның негізгі мақсаттарының бірі болғандықтан осы тарапта атқарып жатқан ҚМДБ – ның Павлодар облысы бойынша өкілдігінің іс-қызметінен бірер мәліметтерді атап өтер болсам, өкілдік жыл сайын алға қойған жоспарлы мақсатпен іс- қызметтер атқарып келеді. Облысымыздағы қала, аудан, ауыл мешіті имамдарының діни білімін кәсіптік дәрежеде көтеру мақсатында әр ай сайын орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің үгіт- насихат тобы облыс көлеміндегі барлық мешіттерде болып уағыз- насихат айту, діни бейне роликтер көрсету қатарлы әртүрлі рухани және мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, «Іскер имам» атты жаңа жобаны іске қосудамыз. «Әр мешітте 100 шәкірт» тәрбиелеп оқытып шығару жобасы да жүзеге асуда. Барлық қала, аудан және ауыл мешіттерін интернет жүйесіне қосып, әр апта сайын имамдардан онлайн байланыс арқылы есеп алып отыру, әр ай сайын жылжымалы түрде семинар өткізу жұмыстары жүріліп, тұрақтанып келеді. 2013 жылдың аяғында Павлодар облысы бойынша 91 мешіт ҚМДБ-ның филиалы болып тіркелген болса, 3 мешіт 2014 жылы жаңадан филиал ретінде тіркеледі. Тек биылғы жыл басынан облыс көлемінде барлығы 504 адам, оның ішінде 344 ер адам,160 әйел адам діни сауатын ашып, күн сайынғы ақшам, құптан намаздарынан кейінгі сабақтар бойынша білімін жетілдірсе, мектеп балаларының жазғы сауат ашу курсы арқылы 262 ұл шәкірт, 152 қыз шәкіртке діни алғашқы мағлұмат алғаны туралы арнайы сертификат берілді. Облысымызда білікті имамдардан құралған жергілікті ақпараттық насихат тобы (ЖУНТ) өңір бойынша діни ақпараттық сауықтыру шараларын халық арасында белсенді атқарып облыстағы қазақ тілді 6 газет, 2 телеарна,1 радиохабары арқылы діни жаңалықтар және имандылық тақырыбындағы мақалалар, уағыздарды халыққа жеткізуде. БАҚ-пен жұмыс бойынша телеарналардан жалпы 62 сұхбат, радиода арқылы жалпы саны 186 сұхбат, басылым беттерінде жалпы саны 258 мақала жарық көрді. Павлодар облысы өкілдігінің www.pvlmeshit.kz сайтына жыл бойы шет мемлекеттерден және руспубликамыздан жалпы 290 мыңнан астам адам кірді. Қарттар үйі, түрмелерге және жетімдер үйіне қала имамдары жоспарланған кесте бойынша тұрақты барып, уағыз – насихат және қайырымдылық шараларын ұйымдастыруда.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен болған кездесуде: «Алла –хақ, Пайғабарымыз Мұхамед(с.ғ.с.), қасиетті кітабымыз Құран болғанымен, әлем сүнниттері төрт мәзһәбқа бөлінетінін білетін боларсыздар. Біз көптеген түркі халықтары сияқты Ханафи мәзһабына жатамыз. Мұның өзге мәзһабтардан артықшылығы – Ислам қағидаларына қайшы келмейтін ата-бабаларымыздың дәстүр салттарының да кеңінен қолдануында. Менікі дұрыс немесе мен білемін емес, түсіністік, бірлік қажет. Бұл біздің ортақ мақсатымыз», деген болатын. Біздің міндетіміз де осынау істердің үдесінен шыға білу болмақ.
Өзінің ұлты ұстанып жүрген, және мемлекеті тарапынан да қолдау көретін діннен туралық табуы діндар үшін үлкен бақыт. Тәуелсіздік бізге осы бақытты сыйлады. Сондай-ақ, Ислам діні мен оның Ханафи мазһабы мемлекет тарапынан басымдық берілген негізгі дін мен мазһаб болып табылатындықтан біздің осы дін мен мазһабты ұстануымыз арқылы мемлекетіміздің де мүддесіне толық жауап берудеміз. Осындай хақ дін Ислам мен оның Ханафи тәрізді бір мазһабын ұстана отырып діннен туралық табуымыз, әрі мемлекетімізбен де үйлестікте болуымыз Алла Тағаланың бізге жасаған зор кеңшілігі болып табылады.
Біздің алтын шаңырағымыз – сүйікті Отанымыз Қазақстан. Отанымыз тыныш, жұртымыз аман болсын!
Нариман ИСЕНОВ,
ҚМДБ-ның Павлодар облысы
бойынша өкіл имамы