Аса Қамқор, Ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Бүгінде кей адамдар «мен бес рет, он рет қажылыққа бардым» деп кеуде ұрып, мақтанып жатады. Бірақ бұл — мақтан қылатын зат емес. Адам намаз, басқа да құлшылықтарын бір Алла үшін жасайды. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір-ақ мәрте қажылыққа барған және сол сапарында мынадай өсиет айтып кеткен:
«Халайық, бүгінгі күннің ұлылығымен ант етейін, сіздердің қызылдарыңыз, сарыларыңыз, қара-ақтарыңыз бір-біріңізден абзал емес, арабтарыңыз араб еместерден абзал емес, бәлкім жүректерінде иманы болғандар ғана абзал.»
Міне, бұл — нақ исламның бірден-бір ұстанымы. Сондықтан, бүгінде кейбір қандас бауырларымыздың «діннің дұрысы да, білімі де — бәрі сонау араб өлкесінде, ал біздің жерде дін дамымаған» деп айтқан сөздерінің бәрі бекер. Бүгінде Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының қарамағында әр түрлі шет елдерде оқып келген 40-қа жуық білікті, өте білімді дін мамандары жұмыс істейді. Олардың ішінде доктор дәрежесін иеленгендері де бар. Бұл — сіздің дін тақырыбында туындаған кез-келген сауалыңызға шариғат аясында мүдірмей жауап беретін, дінді сізге сауатты түрде жеткізе алатын мамандардың бар екендігінің және бір белгісі.
Алайда, жасыратыны жоқ, елімізде, әсіресе, мына батыс өңірлерінде кереғар ағымдардың қатты белең алуы байқалады. Әсіресе, «уахабизмнің» өткір «уы» халық арасында лезде тарап, жастарымыздың, жамағатымыздың санасын улап үлгерді. Соның салдарынан қаншама жас жігіттеріміз отаны болмақ түгілі, өмірінде бір рет те болса барып аяқ басып көрмеген ел «сонау Сирияға барып соғысамын» деп соғыс болып жатқан иен далаға отбасын да бірге ала кетті. Ал ақиқатында, олар мұның ешқандай да дін үшін, Алла үшін болып жатқан соғыс емес екенін, өздерінің өзге біреулердің қитұрқы саясатының құрбаны ғана болғандықтарын түсінбейді. Және бір ескертетінім, Сирияға кетіп, қару асынғандардың біреуі де біздің ата дініміздің жолын — Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатындар емес, керісінше сол араб өлкесінен келген жат пиғылды ағымдардың өкілдері. Сондықтан, осы секілді теріс діни түсінікке елдің елітіп кетпеуі үшін түсіндіру, ағарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ал «мұндай жат ағымдардың өкілдерінен қалай сақтанамыз?», «оларды қандай әрекетінен танимыз?» деген сұраққа келетін болсақ, мұны адамның киім киісіне, сыртқы келбетіне қарап ажырата алмаймыз. Бәлкім дін ұстанымына қарап анықтаймыз. Мысалы, сақалдының бәрінен «уахабист» деп сескене беру де, дұрыс емес. Себебі ұлы ақынымыз Абай мен Шәкәрімнің де, Лениннің де иегінде сақал болған, тіпті орыстың попы да сақал өсіреді. Ал егер адам «әумин» дегенде бет сипамаса, «дүниеден өткен ата-бабаңа Құран бағыштау дұрыс емес», «ата-ана, ағайын-туысымның бәрі кәпір» десе, міне осындай сенімдегі адамның көзқарасы сонау Сирияда соғысып жатқан деструктивтік, радикалды бағыттағы адамдардың көзқарасына сай келеді. Сондықтан, мұндайдан мейлінше алшақ болуларыңызға кеңес береміз. Бірақ бұл мүлдем дінге жоламаңыз деген сөз емес. Көпшілік ата-аналар ұл-қызының намаз оқып, мешітке барғанынан үркиді. Құдайға шүкір, біз қалауын да, қажетін де бір Алладан сұрайтын исі мұсылман халықпыз. Сондықтан, балаңызды Алланың үйінен барудан тоспаңыз, дін тақырыбы төңірегінде көкейде жүрген қандай да бір түйткіліңіз болса, мешіт маманынан келіп жөн сұраудан жасқанбаңыз.
Ащы да болса, ақиқатын айтайын. Біз бүгінде баланың материалдық қажетін ғана өтеп, оның ішкі, рухани жан-дүниесіне көңіл бөлмейтіндей күйге жеттік. Қорадағы қойға жем-суын беріп, семірткендей, баланы да дәл солай бағамыз. Қарны тоқ, көйлегі көк болса болды, ал тәрбие ісі тысқары қалып қояды.
Бірде бір педагог маман: «Балаңның тәрбиесі дұрыс болсын десең, оған жаратам деген ақшаңның жартысын ғана жұмса», — деген екен. Демек, баланы даңдайсытып, сұрағанын беремін деп тәрбиесінің тізгінін бос жіберуге болмайды.
Бір күні Омар халифаға бір кісі баласының өзіне қол көтергендігін айтып, шағымданады. Мұсылмандардың әміршісі мән-жайды анықтап сұраса, әлгі жігіт ата-анадан жөнді тәрбие алмаған, мектепке барып, сауат ашпаған, діни тәлімі де жоқ. Екі өгіздің арасында жер жыртып, диқаншылықпен ғана айналысады екен. Сонда әмірші әкесіне: «Балаңыз сізге қол көтерген болса, онысына ренжімеңіз. Тәлім-тәрбие көрмей, күнұзақ өгіздердің ғана арасында жүрген соң, Сізді де сол бір өгіздердің біреуі деп ойлап қалған ғой, — деген екен.
Балаға дер кезінде жөнді тәрбие берілмеген соң, кейін ол қолы аузына жеткеннен кейін ата-анасына қол көтеруден де тайынбайды. Сондықтан, ұл-қызыңызды пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мына бір өсиет сөзін ескере отырып, естілікке тәрбиелеңіз. Балаңызды 7 жасқа дейін патшадай көріп, еркелетсеңіз, 14 жасқа толғанша құлыңыздай жұмсаңыз, еңбекке үйретіңіз. 21 жасқа дейін досыңызбен сырласқандай кеңесіп, сөзіне құлақ аса біліңіз. Осы үш сатыдан өткен баланың бағыты да, ойы да дұрыс болады.
✏ Ұстаз Арман Қуанышбаев