Көбіміз шайтанмен дастархандас болып, оны да тамақтандырып, қарнын тойдырып жіберетінімізді білеміз бе осы? Әрине, тылсым дүниенің біз білмейтін сырлары көп. Бірде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жанында бір адам «бисмиллә» (Алланың атымен) деместен тамақ ішіп отырады. Тамағын әбден тауысып жеп, тек соңғы бір үзім наны қалған еді.
Оны да алып «бисмилләһи әууәлләһу уә әхираһу» (әуелгісін де, ақырғысын да Алланың атымен (жеймін) деп ауызына салып жіберді. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) күліп жібереді де: «Соңғы үзім нанды да шайтан бірге жегелі жатыр еді Алланың есімін қалай атадың, солай шайтан да асқазанындағы бағанадан беріп ортақтасып жеп отырған асын құсып салды», – деді. Демек, «бисмилләсіз» бастаған ісімізге шайтан ортақтасатынын осы хадистен білеміз. Сол себепті де Пайғамбарымыз (с.ғ.с) әрқашан не іс істесек те Алланың есімімен бастауымызды бұйырады. Қазақ сондықтан да «бісміллә, бісмілләсіз іс қылма» дейді. Ендеше ата жауымыз саналған шайтанды (шайтан Адам атамыздан бері адамзатқа өш болғандықтан, оны қазақ «ата жау» атаған) қоректендіруден сақтанғанымыз абзал. Ол үшін ас әдебін білу әр мұсылманның міндеті.
1. Асқа отырмастан бұрын қолды жуу. Өйткені, Ислам – тазалық діні. Тазалықты ұнатады.
2. Асты Алланың атымен, яғни «бисмиллә» айтып бастау. Себебі, ішіп отырған асыңызға шайтан ортақтасады. Ондай аста береке болмайды. Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) алты сахабасымен ас ішіп отыр еді. Жандарына бір бәдәуи келіп, «бисмиллә» демеден тамақтан екі-үш түйірін асап жіберді. Мұны көріп Алла Елшісі (с.ғ.с): «Егер бұл адам «бисмиллә» дегенінде тамақ барлығыңа жетер еді», – дейді. Демек, астың барлығына жетуі, оның берекелі болуы дастархан басындағылардың асты «бисмилләмен» бастауына байланысты.
3. Асты оң қолмен жеу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді: «Сақтаныңыздар, араларыңызда ешбіріңіз тамақты сол қолымен жеп-ішпесін. Себебі, шайтан сол қолымен жейді».
4. Әр жерге қол созбай, өз алдыңнан жеу. Алла Елшісінің (с.ғ.с) Омар ибн Әбу Сәләма (р.а.) есімді өгей ұлы былай дейді: «Бала күнімде Алла Елшісінің (с.ғ.с) қамқорлығында болдым. Тамақтанғанда қолымды табақтың әр жеріне бір созатын жаман әдетім бар еді. Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с) маған: «Балақай! Алдымен «бисмиллә» деп Алла Тағаланың атын ата, содан кейін оң қолыңмен және өз алдыңдағы астан жегін», – деп ескертті».
5. Ас қайырып, бата жасау. Қазақтың астың соңында «тон жағасыз, ел ағасыз, дастархан батасыз болмас» деп ас қайыруы да Алла елшісінен қалған өсиет. Пайғамбарымыз дастарханнан тұрарда: «Аллаға сансыз, риясыз, берекелі, толассыз мадақ пен шүкір айтамын. Ол – біздің Раббымыз!» – деп ас қайыратын. Қазақтың астан соң «Аллаһу әкбар!» деп бет сипау әдеті осыдан қалған.
6. Тамақ ішіп болған соң ауыз шайып, қол жуу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Тамақтың берекеті тамаққа дейін және тамақтанғаннан кейін жуынуда», – деген. Бұл жерде тазалық, гигиена мәселесіне мән беріліп отыр. Пайғамбарымыз тағы бір хадисінде: «Кімде кім тамақтан кейін қолын жумай ұйықтап қалып, басына ауру табатын болса, кінәні өзгеден іздемесін, өзінен көрсін», – дейді. Қазақ сондықтан да «ауру – астан, дау – қарындастан» дейді.
Бұдан бөлек тамақтанудың басқа да әдептері бар. Мәселен, тамақ ішкенде ысырапқа жол бермеу, қарынды ыңырсып, демала алмайтындай жағдайға дейін жеткізіп, шектен тыс толтырмау, жантайып не жастанып алып тамақ ішпеу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Мен үмбетімнің шертитіп қарын шығарғанынан қорқамын», – дейді. Қазақта «адам аштан өлмейді, астан өледі» деген де сөз бар. Сондықтан да, асты нормасын біліп жеу керек. Оны да Пайғамбарымыз (с.ғ.с) үйретеді. Ол (с.ғ.с): «Тамақ ішсеңдер қарынның үштен бірін – тамаққа, үштен бірін – суға, қалған үштен бірін ауаға қалдырыңдар», – дейді. Бұл денсаулыққа ең пайдалы тамақ ішу нормасы.
Шайтан асырауды қояйық...
Читайте также
Діни кітаптарды кез келген орында сатуға рұқсат жоқ
Емшіге алданып қалмаңыз
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ хазреттің қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа үндеуі
Оразада сәресіне ұйықтап қалған адам не істейді?
Тамырдан екпе салдыру оразаны бұза ма?
Аузы берік адам өзен-көлге түссе бола ма?
Последние статьи автора