Қасиетті Рамазан айы он екі айдың сұлтаны, Мұхаммед үмбетінің айы. Рамазан айының басы рақым, ортасы кешірім, соңы тозақтан азаттыққа себеп, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі mazhab.kz-ке сілтеме жасап.
Aлла Тағала былай бұйырған (мағынасы): “… намазды кемеліне келтіріп, үзбей әрі уақытылы оқыңдар. Зекетті толық беріңдер, сонымен қатар, (мал-дүниелеріңнің бір бөлігін Алла разылығы үшін дін жолында және мұқтаждарға жұмсау арқылы) Аллаға көркем қарыз беріңдер. Естеріңде болсын, өздерің үшін (о дүниеге) нендей сауап жолдайтын болсаңдар, оны Aлланың дәргейінде орасан зор болған һәм еселенген үстіне еселенген күйде көресіңдер…” (Mүззәммил сүресі, 20-аят)
Қасиетті Рамазан айы он екі айдың сұлтаны, Мұхаммед үмбетінің айы. Рамазан айының басы рақым, ортасы кешірім, соңы тозақтан азаттыққа себеп.
Рамазан айының күндізі ауыз берік болып, түнінде тарауих намазы оқылады.
Рамазан – Құран Кәрім айы. Сондықтан Құран Кәрім оқи алатындар бұл айда Құран хатымы жасауы керек. (Құран Кәрім оқуды білмейтіндер осы айда мүмкіндік деп біліп, үйренуге талап қылу керек).
Рамазан айының алғашқы кеші (Шағбан шәріптің соңғы күнін Рамазан күнінің алғашқы күніне ауған түн) шам мен құптан арасында «Уа, Раббым! Рамазан айына жеткізгенің үшін» деп ниет етіп екі ракағат рақмет намазы оқылады.
Фатиха сүресінен кейін бірінші ракағатта бір «Иннә әғтайнә», екінші ракағатта бір «Ықылас» сүресі оқылады.
Намаздан кейін 70 истиғфар, 70 салауат (Салаты мүнжия оқу абзал) оқып дұға жасалады.
Алғашқы он күнде шамасы келгендер тәсбих намазы оқып, әнбия хатымы жасалады.
Екінші он күнде шамасы келгендер тағы тәсбих намазы оқып, әнбия хатымы жасалады.
Үшінші он күнде тәубе, истиғфар, әнбия хатымы және 7 салауат және сәлемнен кейін истиғфар хатымы жасап (яғни 1001 рет; «Әстағфируллаһ әл-азим уә әтуубу иләйк» - деп айту), 7 немесе 70 рет салауат айтылады. Соңынан дұға жасалады.
Ауыз ашарға жақындағанда; «Аллаһуммә иә уәсиғал-мағфирати иғфирли» - дұғасын оқиды.
Ауыз ашарда; «Аллаһуммә ләкә сумту уә бикә әмәнту уә ғаләйкә тәуәккәлту уә ғалә ризқикә әфтәрту уә саумә ғадин нәуәйту» немесе; «Зәһбәз зәмәу уәбтәлләтил уруқу уә сәбәтәл әжру ин шә Аллаһу Тағала» - дұғасы оқылады. («Дұға және ғибадаттар»)