Құран Кәрімді әуелі оқуды үйреніп, кейін мағынасын түсініп амал ету шариғаттағы ең абзал амал екендігі хақ. Алайда мағынасын түсінбей оқыған адамға еселеп сауап жазылады. Оған мына төмендегі мына хадис дәйекті дәлел болады.
Имам Тирмизи (Алла оны рақымына бөлесін) сахаба Абдулла ибн Масғұдтан мынадай бір риуаят келтірген (Алла оған разы болсын).
«Мен Алла елшісінің (صلي الله عليه وسلم) : «Кімде кім Алланың кітабынан бір әріп оқыса, оған бір сауап беріледі. Ал бір сауапқа он сауап беріліп еселенеді. Мен «الم»[1]-ді бір әріп деп тұрғаным жоқ. Алайда, «ا» (әлиф) жеке өзі бір әріп, «لام» (ләм) жеке басына бір әріп, «م» (мим) өз алдына бір әріп»,-деп айтқандығын естіген едім[2].
Міне осы хадисте Құран Кәрімді мағынасын түсінбей оқыған кісіге еселеп сауап берілетіндегіне дәлел бар. Себебі адамдардың көпшілігі «[3]الم»-ді оқиды. Алайда мағынасын түсінбейді[4].
Құрметпен, ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімі.
[1] Бұл әріптер бөлек –бөлек оқылады. Әрі пайғамбарымыз (صلي الله عليه وسلم) бұл аяттың үш әріптен құралғандығын меңзеген.
[2] Хадисті риуаят еткен имам Тирмизи, № 2854 хадис.
[3] Кейбір Құран сүрелерінің басында келген әріптер меңзеліп отыр. Олардың мағынасы туралы әртүрлі көзқарас айтылғанымен, ғалымдардың көпшілігі осындай әріптердің нақты мағынасы Алла Тағала ғана аян деген пікірді алға тартады.
[4] Тилауатил-Құранил-Мәжид, 58 бет.