Қасиетті Рамазан айында қазақ оқырмандарына «Құран Кәрім. Қазақша түсіндірмелі аударма» атты жаңа кітап жол тартты. Әрине бұған дейін де біршама аударма, түсіндірмелер жарыққа шыққан. Сондықтан «жаңа туындының айырмашылығы қандай?» деген сауал туындайды. Біріншіден, бұл кітап көпшіліктің тікелей сұранысы бойынша қолға алынып, жан-жақты сараланып жасалған. Екіншіден, авторлары жас ғалымдар Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің PhD докторанттары: исламтанушы әрі аудармашы Асқар Әкімханов Мысырдағы Айн-Шамс университетінің түлегі болса, исламтанушы Нұрлан Анарбаев әл-Азхар университетінің түлегі. Яғни екеуі де ана тілімен қатар араб тілін жетік білетін мамандар.
2011 жылы қасиетті Құран аудармасын қолға алған авторларды әңгімеге тартқанымызда, олар бұл жауапкершілікті мойнына алуына оқырмандардың тікелей ұсынысы түрткі болғанын алға тартты. Құранның мәтінін аудару барысында араб және орыс тіліндегі тәпсірлерді де саралаған авторлар жаңа еңбектің діни мамандарға қажетті сапада ғана емес, қарапайым оқырмандардың да деңгейін ескергендігін айтады. Алайда, жалпақ жұрттың желеуімен қарабайырлылыққа жол бермеген. 15 томдық Қазақ тілі мен қазақ әдеби тілінің сөздігін қолдана отырып, сөз тіркестерінің мән-мағынасы, заңдылығы ескеріліп Қасиетті Құранды қазақша сауатты да мағыналы сөйлетуге тырысқан.
Осыған дейінгі қазақша аудармалардың кейбірінде аят пен аят қосылып кетсе, кей сөйлемдерде сөздер, кейде сөйлемдер жоқ, бірнеше сөйлеммен берілетін аяттар да қысқа қайырылған тұстарын байқағанын айтқан авторлар осындай олқылықтардың барлығын барынша ескеруге тырысқан. Жаңа түсіндірмелі аудармада әрбір сүреге қысқаша кіріспе берілсе, соңғы парадағы аяттар арасында да түсіндірмелер жасалған. Сондай-ақ муташабих аяттарға түсіндірме берілген.
Жалпы Құран Кәрімге байланысты еңбектер: тікелей сөзбе-сөз аударма, түсіндірмелі яғни мағыналық аударма және тәпсір болып үшке бөлінеді. Бұл мағыналық аударма исламтанушы, дінтанушы, имамдар үшін қайнаркөз ретінде аса қажет құрал болса, жалпы халқымыздың игілігі үшін өте маңызды дүние деуге болады. «Көкжиек» баспасынан 5000 данамен 3 түрлі (қызыл, жасыл, көк) мұқабада жарық көрген Кітапта хатым-дұғасы қазақша аудармасымен берілген. Демек, қалың оқырманға, «Құранды түсінбейміз» деп жүрген ағайындарға бұл аударма еңбектің берері де, берекесі де мол екені даусыз.
Айша КЕҢЕСБАЙ,
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі