Маңайымызда көзбен көрмегенмен, бар екендігіне еш күмәнсіз сенетін қаншама нәрселер бар. Мысалы, адамның ақылын, рухын, қайғыру сезімдерін және әлемдегі тартылыс, гравитация күшін, дәмді, иісті, дыбысты да көзімізбен көре алмағанымызбен бұлардың бар екендігіне ешкім күмән келтірмейді. Өйткен, біз бұлардың бар екендігіне нәтижесіне қарап көз жеткіземіз. Айталық, жүзіміздің реңіне, дауысымыздың шығу ырғағына, бет –жүзіміздің құбылуына қарап, адамның қуанғанын яки қайғырғанын білеміз. Бірақ, қуаныш пен қайғы сезімдерін де көзбен көре алмаймыз.
Көздің көруі үшін көрінетін нәрселердің алдыңда тұруы әрі оның материалдық нәрсе болуы шарт. Демек, көзіміздің көруі осы секілід кейбір заңдылықтарға тәуелді. Ал, Алла Тағала шектеулі әрі материалды болмағандықтан, Оның қарсы алдымызда яки басқа бір белгілі мекенде болуы да мүмкін емес. Олай болса, біздің көру аясы тар, көру қабілеті өз заңдылықтарынана аса алмайтын тәуелді, әлсіз көзімізбен Оны көруіміз мүмкін емес.
Демек Ұлы Жаратушыны көре алмауымыз Оның жоқтығының белгісі емес. Керісінше, көре алмайтындай Оның ұлылығы мен шексіздігінің, сондай-ақ біздегі көздің тым әлсіздігінің белгісі.
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Көздер Оны көре алмайды, Ол көздерді көреді»,-деген («Әл-Әнғам» сүресі, 103 -аят)