Әзіреті Айша (р.а) анамыздың жеткізуіне қарағанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әрбір жылы Рамазан айының соңғы он күнінде ерекше иғтифак (құлшылық жасау) ететін болған. Базбір ғалымдар бұл иғтифакты: «Соңғы он күнде әйелдермен жақындаспау мағынасын береді» деген көзқарасты айтады.
Ислам ғұламаларының көзқарасынша Қадыр түнінің ең нақты айтылған мерзімі Убай б. Кааб р.а жеткізген риуаяты. «Ол өзінің бауырының Қадір түні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтуымен Рамазан айының жиырма жетінші түні болып белгіленгенін айтады».
Ислам ғұламалары осы деректерге сәйкес, қасиетті Қадыр түні Рамазан айының соңғы он күнінде, оның ішінде тақ күндері, тақ күндердің де жиырма жетінші түні болуы ықтималдығын алға тартады. Осы пәтуаның негізінде бүгінгі күні сан мыңдағын мұсылман жұрағаты қасиетті Қадыр түні ретінде Рамазан айының жиырма жетінші түні деп біледі. Осы түні мұсылмандар жаппай Құдай-Тағалаға құлшылық етіп, жасаған күнәлары үшін кешірім сұрап, ақыретінен зор үміт етеді.
Имам Ахмет Ханбалидің жеткізген риуаяты бойынша «Әзіреті Айша (р.а) анамыз Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.):
«Қадыр түнініңқасиеттілігіне сай, қалайша дұға етсем болады» деп сұрайды.
Сонда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Аллам, сен кешірімдісің, кешіруді сүйесің, мені кешір» деп дұға етуді ұсынған».
Иә, әсілі, адамзат баласы нәпсімен бірге жаратылғаннан кейін, кей шақты мына сынақ әлемінде аяғын шалыс басып, күнаға бататыны анық. Әрине, мұндай сындарлы шақта ішкі тасырын иманына жеңдіріп, күнәдан бойын аулақ ұстаған болса, құба-құп. Алайда, адам баласы дәйім бір сызықтың бойымен жүріп тұра алмайды. Кейде, адамның аңғармай, алып-ұшып жүріп от басатыны белгілі. Бәлкім, арамызда күнәдан пәк адамдар болуы да әбден мүмкін. Дегенмен, мен күнәдан пәкпін деп көкірек қағуымызға жол жоқ. Пәк болсақ та, басын иген мәуелі ағаштай кішірейгеніміз абзал.