Ассаләму алейкум! Әйеліме қалжындап «талақ бол» десем, талаққа жата ма? Неке бұзыла ма? Анон.
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Сахаба Әбу Һурайрадан риуаят етілген хадисте Мұхаммед пайғамбар ғалейһиссәләм былай деген:
«Үш нәрсенің шыны да шын, әзілі де шын. Олар: Неке, талақ және қайтару»[1].
Ендеше, Ханафи мәзхабы бойынша, қалжындап болсын әйеліне «талақ бол» деп айтқан кісінің талағы - талаққа саналады. Алайда, одан бұрындары талақ сөзі айтылмаған болса, бұнысы «бір талақ» үкімінде болып, неке бұзылмайды. Әйткенмен, ер кісіге берілетін үш талақ айту құқы – екіге кеміген болады.
[1] Әбу Дәуід - №2194 хадис.: Хадистегі «қайтару» сөзінің мәні: ері бір рет не екі рет талақ айтқаннан соң үш хайыз уақыты ішінде неке жаңартпастан әйелімен татуласып, оны қайтарып алуына құқылы. Татуласы ісі – белгілі әрекеттер арқылы немесе «қайтардым» деп айту арқылы жүзеге асады. Егер, ері қалжындап болсын қайтардым десе, онысы қайтарғанға саналады.
Абдусамат Қасым