Негізінде исламда қайыршылық деген қатты сынға алынады. Бір үзірлі, ерекше адамдар болмаса, тепсе темір үзетін, аяқ-қолы сау азаматтарға қайыршылық құпталмайды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Kazislam.kz-ке сілтеме жасап.
Бір күні бір адам пайғамбардан үзім нан сұрайды. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Үйіңізде қандай да бір зат бар ма?» – деп сұрайды.
– Екі затым бар, оның бірі тостақ, – деп жауап қатады кедей.
Пайғамбар (с.ғ.с.): «Маған соларды алып келші», – дейді.
Кейін екі әлгі затты қолына алып қасындағы сахабаларға: «Бұларды кім сатып алғысы келеді?» – деп сұрайды. Сахабалардың бірі оларға бір дирһам беретінін айтады.
Пайғамбар (с.ғ.с.): «Бағаны көтеретін адам бар ма?» деп бірнеше мәрте дауыстайды. Сөйтіп бір сахаба оларды екі дирһамға сатып алады.
Пайғамбар (с.ғ.с.) міскінге екі дирһамды беріп жатып:
– Бір дирһамына отбасыңа тамақ сатып ал. Қалған ақшаға балта сатып алып, маған қайтып кел, – деп жібереді.
Әлгі адам балтамен қайтып келгенде пайғамбар (с.ғ.с.) балтасына сап салып береді де:
«Енді барып осымен ағаш кесіп сат. Он бес күн жұмыс жасап, кейін маған келесің», – дейді.
Арада он бес күн өткен соң кедей адам пайғамбарға келеді. Сөйтсе ол он бес күн ішінде он бес дирһам тауып, өзіне және отбасына киім-кешек пен тамақ сатып алған.
Мұны естіген пайғамбар (с.ғ.с.) қуанып:
«Қайыр тілеп, қияметте жүзіңе дақ түскеннен осы ісің абзалырақ», – деп кеңес береді.
Демек, дені сау адам үшін қайыршылықтың емі – талмай еңбек ету.