Мейірімді Раббымыз Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әрбір жан иесі өлімнің дәмін татады», -дейді. Бұл аятта Жаратушы Иеміз адам баласының мына жалған дүниеде мәңгі қалмайтынын айтып тұр. Әрбір адамның тағдырына жазылған белгілі ғұмыры біткеннен кейін, топырақтан шыққан тән топыраққа қайта тапсырылады. 
 
Бұл өмірде әрбір адамзаттың сағаттары мен минуттары санаулы. Сол санаулы сәттер біткеннен кейін пенденің тәні жанынан ажырайды.
 
Ғалымдар бұл өткінші өмірді мәңгілік өмірмен былай салыстырады.
Адам баласы  мейлі су астында, мейлі ғарышта, мейлі денесін жағып күлге айналдырып жіберсін, сонда да міндетті түрде қабір әлеміне, қабірдегі өмірге соқпай өте алмайды. Өлім - әр тіршіліктің өмірінде болмай қалмайтын сәт. Қабір азабы дәстүрлі Исламда кең таралған ой-пікірлердің бірі. Әр тұлға өлім татады.
 
Қабір - Адамның өлімінен қиямет күні қайтадан тірілуіне дейінгі уақыты "қабір өмірі" деп аталады. Осы уақыт аралығында болатын орнын "қабір"  дейді.
 
«Ақиқатында, қабір - ақирет өмірдің бірінші баспанасы, егер адам қабір азабынан құтылса, онда одан кейін болатындар анағұрлым жеңіл болады. Ал егер құтылмаса - онда одан кейінгілері анағұрлым ауыр болады».
 
Қабір тірілердің түпкілікті баспанасы, өлілердің мекені. Пайғамбарымыз (с.а.с)былай деп те айтқан: «Қабірден артық жаман нәрсені көрмеп едім» (Тирмизи, Ибн Маджа).
 
Бұл дүниеден өткенде пенде екі түн өткізеді. Оның біріншісі, ең алғашқысы - адам өзінің үйінде бала-шағасының қасында ойнап-күліп, бақытқа толы сол түнді қаннен-қаперсіз өткізеді. Келесі түні өлім періштесі Әзірейіл (ғ.с) келіп, Алла Тағаланың әмірімен ол адамның жанын алады. 
 
Міне, ол адам бірінші түнін жанұясының қасында бақытқа кенеліп қаннен-қаперсіз өткізген болса, келесі түнді жалғыз өзі әлемдегі ең қараңғы жерде, жанұясынан, туысқандарынан өте алыста  - қабірде өткізеді.
 
Адам өлген кезде денесі шіриді, топыраққа сіңіп кетеді, бірақ денеден ажыраған рух өлмейді, адам қабірге қойылған кезде Мүңкәр және Нәкір деген періштелер оны сұраққа тартады.
 
Сұрақтарға дұрыс жауап бергендер үшін қабір тынығу орны, ал жауап бере алмағандар үшін азап мекені болады.
 
Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.с) сахабаларына үнемі мына дұғаны үйрететін. Алланың қалауымен біз де осы дұғаны айтуды әдетке айналдырсақ нұр үстіне нұр болар еді: «Иә, Аллам, расында да мен тозақ отынан Саған сиынамын. Қабір азабынан Саған сиынамын. Мәсих Дәжжалдың фитнәсінен Саған сиынамын. Өмір мен өлімнің фитнәларынан Саған сиынамын» (Әбу Дәуіт, Тирмизи, Нәсәи, Ибн Мажа риуаяты).
 
         
Пайғамбарымыз (с.а.с.) қабірдің жағдайын былайша суреттейді:
"Қабір - не жәннат бақшаларының бір бақшасы, не болмаса жәһаннам (тозақ) шұңқырларының бір шұңқыры".
 
Өмір ақиқат, өлім ақиқат. Расында, өмір өткінші, алдамшы, өзіндегі барымен адамзатты арбап, жалғанды шындай етеді. «Барлық нәрсе құрып бітуші (жоғалушы). Тек Алла Тағала ғана қалушы» (Бақара сүресі).
 
Айналаңда қоршаған ортаң, жақындарың, бала-шаға, ата-ана, байлық, билік, бәрі, бәрі де қалар бір күні. Негізінде, шын мәніне келгенде нағыз өмір өлімнен кейін басталады. Қараңғы қабір, көр, мола, құрт-құмырсқаның илеуі болған қорқынышты бір мекен. Ол жерде жаныңа жақын болған еш нәрсе болмайды. Керісінше,  тіршілікте естігенде жаның түршігерлік ащы шындық, кигенің көргің келмеген кебін, бар болғаны сол.
 
Дегенмен қабіріміздің кең немесе тар болуы, ол тағы да, адамзаттың таңдауына берілді. Яғни қабірді кеңейтетін қабір қазушының күрегі емес, адамның иман толған жүрегі ғой...
 
Қабірлерді зиярат етудің бірнеше  әдебі бар.
 
Қабірстанға барғанда бірінші қабір иелеріне сәлем беріп, оларға дұға жасап, өзінің де сондай жағдайға түсетінін ойлау. Зиярат уақытында әулие түгіл пайғамбар болса да олардан ешнәрсе сұрамау.
 
Қабірді зиярат еткен саналы адам еш уақытта да мына ақиқатты ұмытпауы қажет: егер қабірдегілерге өмірден бір күн берілетін болса, олар сол күнге жету үшін барын берер еді. Алайда ол мүмкін емес. Себебі өлген адамдар амалдарының есебін беруде. Артқа жол жоқ. Олар өлгеннен соң, жер қойнауына тапсырылды, олар ақиқатты жалаңаш халде көрді. Олар жалғыздықтың мұңына шомылуда.
 
Демек, өзін бейғамдықта ұстаған адам өткен күні үшін өкініш уын ішпес бұрын, құлшылық етіп, белсенді түрде жіберген қателіктері кешірілетіндей амал жасайды.
 
Сондықтан да әр адам баласы күнін ретке келтіріп, қабір азабынан құтылу жолдарын қазірден бастап іздеуі қажет. Осы жолда жолы болған адам өзінің дәрежесін онда да жоғары көтеруді қалайды да күнін пайдалы өткізеді.
 
Осылайша  ол адам үлкен сауаптарға кенеледі.
              
Егер адамдар өмірлерінің құнын білгенде, қажетті нәрсенің барлығын жасайтын еді. Алайда бәрін өлгеннен соң түсінеді, алайда ол кезде кеш болады. Олар қысқа ғана ғұмырын бос өткізгеніне өкінеді.
 
Сол себепті де  баршамызға Алла Тағала екі өмірдің рақатын сыйлап, қабір азабынан сақтап, мәңгілік жәннат бақтарында болуымызды нәсіп етсін!
 
 
 
 
 
Сейдахметов Абылай Айқынұлы,
Жезқазған қаласы, «Ахмет Ишан Оразайұлы» мешітінің найб имамы