Ассалаумағалейкум! Өлген кісіге мазар тұрғызудың қажеті жоқ екендігін қандай дәлелдермен түсіндіруге болады? Айдын Кәрібай.
Уа алейкум ассалам!
Шариғат талабына сай, қабірдің топырағы түйе өркеші пішінінде етіп жиналады. Хадисте: «Пайғамбар (с.ғ.с.) қабір топырағын өркеш пішінінде етіп жасады[1]», – делінген. Сонымен бірге, қабір басына тас, қыш және ағаш сияқты заттармен бейіт көтеру – мәкрух. Өйткені, бұлай мәңгі тұру және сәндік үшін жасалады. Ал, бейіт – әсемдігі мен құрылысы мәңгі тұратын орын емес[2]. Сондықтан, бейіттің басына құрылыс тұрғызылмайды және сырлап нақыштамайды. Бейітті жоғалтып алмау үшін көктасқа марқұмның аты-жөні, аят сияқты нәрсені жазып қоюға болады[3]. Сондай-ақ, жалпы мазардың аумағы қоршалады. Жабир (р.а.) риуаят еткен хадисте:
نَهَى رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَنْ يُجَصَّصَ الْقَبْرُ وَأَنْ يُقْعَدَ عَلَيْهِ وَأَنْ يُبْنَى عَلَيْهِ
«Алла елшісі (с.ғ.с.) қабірді қалап көтеруге, үстіне отыруға және үстіне құрылыс жасауға тыйым салды[4]», – делінген.
Ибн Абидин: «Шейхтың, ғалымның бейіті болса, қабірінің басын көтеру мәкрух емес[5]», – деп көрсеткен. Алайда, зират жалпы ортақ болған жағдайда, мазардың жалпы аумағын қоршаған қорғаннан бөлектеп жеке бейітті қоршау – мәкрух.
[1] Бұхари.
[2] Ихтияр, 144-бет.
[3] Лүбәб, 141-бет.
[4] Муслим.
[5] Ахкам ъан Жамиъ Фатауа.
Руслан Камбаров