Пітір садақа һижреттің екінші жылы, Рамазан оразасы парыз етілген жылы міндеттелді. Зекеттен бұрын, пітір садақа уәжіп болды. Пітір садақасын беру әрбір дәулетті мұсылман ер мен әйелге – уәжіп.
Сахих Бухариде келтірілген бір риуаятта Абдулла ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі құрмадан бір саъ немесе арпадан бір саъ пітір садақа етіп беруді, мұсылман құл мен азат кісіге, әйел мен еркекке, үлкен мен кішіге парыз етті. Және оны айт намазына шықпай тұрып беруді бұйырды»[1]. (Бір «саъ» шамамен 2 кг 918 грамм).
قال رسول الله صلى الله عليه وسلم صاع من بر أو قمح على كل اثنين...
Әбу Дәуідте келтірілген бір риуаятта: «Пайғамбарымыз (Пітір садақаны) әр екі адамға бидайдан бір саъ беруді айтты...», - делінген[2].
Пітір садақаның мәні
Сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.) пітір садақаның мәнін былай деп түсіндірген:
عَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ قَالَ فَرَضَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ زَكَاةَ الْفِطْرِ طُهْرَةً لِلصَّائِمِ مِنْ اللَّغْوِ وَالرَّفَثِ وَطُعْمَةً لِلْمَسَاكِينِ
«Алла елшісі Пітір садақаны ораза кезінде ауыздан шыққан ұнамсыз сөздер мен (абайсызда жасап қойған) жағымсыз әрекеттерді тазартушы әрі кедейлерге ішер ас болсын деп міндеттеді...»[3]
Сондай-ақ, Құран Кәрімнің Ағла сүресіндегі:
«قَدْ أَفْلَحَ مَن تَزَكَّىٰ ﴿١٤﴾ وَذَكَرَ اسْمَ رَبِّهِ فَصَلَّىٰ
«Өзін тазартып, Раббысын еске алып, намаз оқыған кісі сөзсіз құтылды»деген аятты Омар ибн Абдулғазиз (р.а.): «Пітір садақасын беріп, артынан айт намазын оқыған кісі сөзсіз құтылды», - деп тәпсірлеген.
Хадисші Уәкиъ ибн әл-Жәррах (р.а.) пітір жайында: «Рамазан айындағы пітір садақа – намаздағы сәһу сәждесі іспетті. Намазда жіберген қателікті, сәһу сәждесін жасау арқылы толықтырамыз. Ал, Рамазанда жіберген кем-кетіктерді пітір садақасын беру арқылы жоямыз» дей келе, пітір садақаның маңыздылығын айтып өткен.
Жоғарыдағы айтылғандардан мынадай қорытынды шығаруға болады:
Біріншіден - пітір садақа ораза ұстау барысында жіберіп алған қателіктерімізді жуып-шаюшы және кем-кетігін толықтырушы рөлін атқарады.
Екіншіден - тұрмысы нашар, зорға күнелтіп жүргендерге жәрдем беріп, оларға қол ұшын созу. Бұл бір жағынан қалталы жандарды жомарттыққа баулиды, және қоғамда бауырмалдылық пен жәрдем берушілікті қалыптастырады.
Үшіншіден – пітір садақа беру арқылы көптеген сауапқа кенелері сөзсіз. Өйткені, Рамазан айында садақаның сауабы еселеніп беріледі. Дүниемізге береке кіреді. Алла тағала Құран Кәрімде: «Сендер жақсы көрген нәрселеріңнен садақа бермесеңдер, жақсылыққа қол жеткізбейсіңдер»[4], - дейді.
Пітір садақа кімдерге парыз?
Пітір садақаны - қалталы, мұсылман, азат кісінің беруі уәжіп. Тұрмысы нашар кісі - пітір беруге міндетті емес. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у): «(Пітір) Садақаны беру қалталы адамдарға міндеттеледі», – деген.[5]
Бұл жерде «қалталы кісі» ретінде, негізгі қажеттіліген тыс 85 грамм алтынға тең келетін дүние-мүлкі бар мұсылман адамды есептейміз (85 грамм алтын - 669 375 теңге). Дәлірек айтқанда, әлдекімнің тіршілігіне қажетті дүниелерінен тыс «85 грамм алтынға» тең келетін қандай да бір мүлікке ие болса, оған пітір садақасын беру парыз. Мысалы: Бір кісінің екі машинасы бар делік. Бірін өзі және отбасы мінсе, екіншісі үйінде тұр. Онда ол кісінің пітір садақа беруі - уәжіп. Немесе күнделікті ішім-жемінен, киім-кешегінен, отбасының нәпақасынан артылып жиналған ақшаның мөлшері 85 грамм алтынға жеткен болса да үкім сол. Тіпті ертеректе ғалымдарымыз: кімнің үйінде қажетсінбейтін, яғни қолданбайтын 85 грамм алтынға тең келер заты болса, онда оның пітір садақаны беруі уәжіп деген[6].
Пітір садақаны кімдер үшін береді?
Пітір садақаны отағасы өзі үшін және балиғатқа толмаған жас балалары үшін жеке-жеке есептеп береді.
Ал, әйелі, үлкейген ұл-қыздары, ата-анасы, ата-әжесі, туған-туыстары, бауырлары, жатырдағы әлі дүниеге келмеген балаcы үшін пітір беру міндеттелмейді[7]. Әзіреті Осман мінген аты үшін де пітір садақа бергендігі деректерде айтылған. Әрине, ардақты сахабаның ол әрекетін міндеттелгендіктен емес, сауап үшін жасалған мұстахаб амал деп түсінген жөн[8].
Алайда сауап іздеген жанға өзінің қарауындағы үлкейген балалары мен әйелі үшін беруіне болады[9]. [10].
Бұнымен қатар ақыл есі дұрыс емес кедей ата-анасы мен ақыл есі дұрыс емес үлкен балаларының орнына пітір беруге де міндеттеледі[11].
Әйел кісі өзінің кішкентай балалары үшін беруге міндеттелмейді.
Мойнындағы пітір садақасын бермей тұрып қайтыс болғандардан міндет түседі. Дегенмен, мұрагерлері сауабы тие берсін деп, оның атынан да пітір садақа беруіне рұқсат, бірақ міндеттелмейді[12].
Пітір садақаны айт күні таң атысымен беру уәжіп болғандықтан, аталмыш уақыттан бұрын дүниеден өтіп кеткен адамдар үшін уәжіп емес. Бірақ осы уақыттан кейін қайтса, артында қалған туыстары қайтқан адамның малынан өтейді.
Пітір садақаның мөлшері
Пітір садақамына төрт нәрсенің кез-келген біреуінің өзінен немесе құнынан беріледі.
1. Бидай немесе бидай ұнының уәжіп болған мөлшері: 1 кг 459 грамм немесе осы мөлшердің құны.
2. Арпа немесе арпа ұнының уәжіп болған мөлшері: 2кг 918 грамм немесе осы мөлшердің құны.
3. Құрғатылған жүзімнің уәжіп болған мөлшері: 2кг 918 грамм немесе осы мөлшердің құны.
4. Құрғатылған құрманың уәжіп болған мөлшері: 2кг 918 грамм немесе осы мөлшердің құны[13].
Осы жерде мынаны ескерген жөн: кедейлердің кез-келген қажетіне ыңғайлы болғандықтан тізіп өткен дақылдардың өзін емес, ақшалай құнын беру – абзал. Бұған дәлел сахаба Муғаз ибн Жәбәл Йемен халқынан пітір садақа ретінде, әрі оларға жеңіл әрі Мединедегі мухажир сахабаларға қайырлы болады деп, арпаның орнына киім алғаны Сахих Бухариде риуаят етіледі[14].
ЕСКЕРТПЕ: Биылғы жылғы (2014) пітір садақаның мөлшері адам басына 200-ден деп белгіленді.
Пітір садақаның берілу уақыты
Пітір садақаны беру Ораза айт күні таң атысымен уәжіп болады. Пітір садақаны айт намазы басталмай тұрып беру – мұстахаб. Өйткені, Пайғамбарымыз пітір садақаны айт намазына шықпай тұрып беретін болған.[15] Бірақ, бірнеше күн бұрын беруге де болады. Тіпті бірнеше жылдық пітір садақаны жинап алдын-ала берсе де болады дейтін ғалымдарымыз бар. Түрлі себептермен аталмыш мерзімнен (айт намазы) қанша кешіктірілсе де, пітір садақа міндетті түрде берілуі тиіс.
Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Осындай күнде (айт мейрамы күні) кедейлерді қайыр садақа тілеуге мұқтаж етпеңдер», – деген. Бүкіл ел қуанып, тойлайтын мейрам күнінде пітір садақалары арқылы қажетті нәрселерін алып, кедейлердің де жұрт қатарлы жадырауын көздейді дініміз[16].
Пітір садақаны кімдерге береді?
Құран Кәрімде айтылған зекет берілетін орындарға пітір садақаны да берсе болады. Олар: 1. Пақырлар; 2. міскіндер; 3. Зекет жинауға тағайындалған арнайы адамдар; 4. көңілдері жібітілуі мақсат етілгендер; 5. Құлдарды азат етуге; 6. Қарызға батқандар; 7. Аллаһ жолындағылар; 8. Қаржылары бітіп, жолда қалғандар[17].
Пақыр деп – нисап мөлшеріне жететін байлығы жоқ адамдарға айтылса, міскін деп – түгі жоқ адамдарға айтады.
Қарызға батқандар деп – қарызынан тыс нисап мөлшеріндегі дүниеге ие болмаған адамды айтамыз.
Жолда қалғандар деп - Негізгі тұрғылықты жерлерінде ақшалары бар бола тұра, жолшыбай ақшасыз қалып, еліне жете алмай қалған кісілерді айтамыз.
Бұлармен қатар алыс-жақын туған-туыстары, бауырлары арасындағы тұрмысы-нашар кісіге де пітір садақасын беруіне болады. Тіпті оларға беру, өзгелерге бергеннен екі есе сауабы көп. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: «Садақаны туысына берген адамға екі сауап бар: Бірі - туыстық сауабы, екіншісі - садақа сауабы», - деген[18].
Алайда, пітір садақасын өзінің туған ата-анасына, ата-әжесіне, әйеліне, өзінің ұл-қыздарына, олардан туған немерелеріне бермейді.
islam.kz