Пайғамбарымыз (с.а.у.) тәспі тартқанда саусақтарымен санайтын. Бұған қатысты сахаба Абдулла ибн Амр былай дейді:
«Мен Алла елшісінің тәспих тартқанда оң қолымен санағанын көрдім»[1].
Басқа бір хадисте Ясәйра есімді сахаба әйел (р.анһә) былай дейді:
«Пайғамбарымыз бізге: «Сендер тәспихты (сүбханаАллаһ), тәһлильді (лә иләһә иллаЛлаһ) және тақдисті (сүбханаАллаһуль Мәликуль Қуддус) айтып жүрулерің керек. (Оларды) саусақ ұштарымен санаңдар. Шынында саусақ ұштары да қиямет күні сұралады, оларға да тіл бітеді (күәлік етеді). (Зікірді) тастап қоймаңдар. Әйтпесе, мейрімді ұмытасыңдар (сауаптан құр қаласыңдар)», - деді»[2].
Аталмыш хадистердің арабша түп нұсқасында «Ъақд- عَقدٌ» сөзі қолданған. Бұны «санау» деп аударғанымызбен, негізгі мағынасы «түйіндеу», «байлау» дегенге саяды. Сонда хадистің мағынасы: «Саусақ ұштарын алақанға түйіп санаңдар» дегендік болмақ.
Осыдан келіп, дін мамандары "тәспих айтқанда оң қолдың саусақтарын жеке-жеке жұмып санау - «сүннет»" деп отыр. Мысалы, отыз үш рет «сүбаханаАллаһ» деп айтарда оң қолдың шынашағынан бастап жұмып санайды. Шынашақ, аты жоқ, ортаңғы саусақ, сұқ саусақ және басбармақ. Қайтадан шынашақтан бастайды (суреттегідей). Осылайша отыз үш рет.
Демек, Пайғамбарымыз (с.а.у.) тәспі тартқанда оң қолының саусақтарын жеке-жеке жұмып, тартатын болған.
Бүгінде көпшілік мұсылмандарда саусақ буындарын санау әдетке айналғандығы мәлім. Не болмаса, арнайы тәспілер арқылы санайды. Екі тәсілдің екеуі де қате емес. Рұқсат. Пайғамбарымыздың заманында кей сахабалар жемістің сүйегімен санайтын. Ал, кейбірі кішкентай тас түйіршіктерін қолданған. Тіпті, ұзын жіпке тізбектеп түйін жасап, сонымен таспих тартатындар да болған. Мысалы, София анамыздың (р.а.) төрт мың дана жеміс сүйегімен таспих тартып отырғанын көрген Алла елшісі қарсылық білдірмеген[3]. Және сахаба Әбу Һурайраның (р.а.) мың мәрте түйінделген жібі болған екен. Ол (р.а.) сонымен таспих тартатын[4].
Қалай тартсақ та маңыздысы Алланы жиі еске алып, зікір айтуымыз екендігі анық. Дегенмен, ең абзалы қайсы десеңіз, ең абзалы - саусақпен санау. Тәспі қолдануға да рұқсат.