«Әйтеуір кінә тауып бір жеріңнен, сынауға тіптен құмар кім көрінген» деп Мұқағали ағамыздың кейігеніндей, адам бойынан осалдық емес жайсаңдық, жамандық емес жақсылық көре білу - нағыз адамдыққа тән қасиет. Алайда, неге екені адамдар бірден кемшілік іздеуге әуес-ақ. Бірде ғұлама кісі шәкірттерінің алдына ақ қағаз жайып, ортасына кішкене ғана нүкте белгілепті. Сөйтіпті де: «Сендер бұдан не көріп тұрсыңдар?», - деп сұрапты. Шәкірттері: «Кішкене нүкте көріп тұрмыз», - дегенде, «Ойпырым-ай, алдарыңа жайған көлдей қағаздың ақ жағын емес, ортасындағы кішкене ғана дақты сөз еткендеріңе жол болсын. Бұл сірә, басқаның бірден жаман жағын көргіш адам мінезін байқатса керек. Бұдан былай өмірдің жақсы жағы мен адамның жағымды қасиеттерін де көре білуге дағдыланыңдар», - деп өмірлік мәні зор сабақ ұқтырған екен.
Ақыл-ойы толысқан, парасатты адамдар елден кемшілік іздеудің орына өз мінін түзетуге көбірек күш салған. «Өз мінін білген адам - әулие» деген халық даналығы осыдан туса керек.
Біреудің айыбын жұртқа айту - әлгі адамның беделін түсіруге бағытталатын, әрі сол туралы естіген жұрттың жаман ойлауына жол ашатын нашар әдет. «Егер біреудің жасырын күнәсін әшкере етсең, оны ашық істеуге итермелеген боласың» (Әбу Дәуіт, Әдаб, 37.) деп хадисте ескертілгендей, айыбы әшкере болған жан бұрынғыдай қымсынуын, әлгі қылығын жұрт көзінен жасыруын, іштей ұялуын доғара бастайды. Ал дінімізде басқаның жамандығын сөз ету былай тұрсын, басқа бір мұсылман жайлы жаман ойға барудың өзіне де тыйым салынған (суи зан). Өйткені, бұл ешқашан адамдардың арасындағы сүйіспеншілік пен сыйластықты, бауырмашылдықты арттырмайды, қайта олардың арасына іріткі салып, бір-бірінен суытады. Бұның аяғы көп жағдайда жауластыққа, дау-жанжалға, бір-бірінің кем-кетігін қазбалауға, көрген жерде алакөзденіп, сырт айналуға, қапысын тауып кек алу секілді дұшпандық әрекеттерге ұласуы бек мүмкін. Дініміз бұны иманның әлсіздігіне балап, одан мейлінше сақтандырған. Басқаның айыбын айтушы бұдан тыйылмаса, өз айыбын да Алла Тағаланың масқара түрде әшкерелейтіндігі ескертілген: «Уа, тілдерімен иман айтып, алайда ол имандары жүректеріне әлі толық орныға қоймаған пенделер!Мұсылмандарды қорламаңдар, оларды сөкпеңдер, кемшіліктерін іздемеңдер. Кімде-кім бір мұсылман бауырының кемшілігін іздесе, Алла Тағала да ол адамның кемшілігін іздейді. Ал егер Алла Тағала біреудің кемшілігін іздесе, үйінің ішінде отырса да оның масқарасын шығарады» (Әбу Дәуіт, Әдаб, 40).