«Үйлену оңай, үй болу қиын» деген атам қазақ отбасын құру салтына үлкен мән берген. Отбасын құрған екі жасқа, ауыл ақсақалдары шаңырақтарының шайқалмауын тілеп, ақ баталарын жаудырған. Өкінішке орай қазіргі таңда неке қиып, отбасын құрғандарға қарағанда ажырасқан отбасылар қатары көбейіп келеді. Отбасындағы бірлік пен берекені сақтау үшін екі жақтың да міндеті екендігін естен шығармауымыз керек. Ислам дінінде әйел мен ер адамның міндеттері ажыратылып көрсетілген.
Шаңырақ көтерген әрбір мұсылман ер мен әйел сол ошаққа жауапты екендіктерін терең сезініп, ислам дінінің бұйрықтары шеңберінде отбасын құруға міндетті. Бұған өмірлік қол ұстасқан жастардың екеуі де жауапты. Дініміз бекіткен өміршең қағидаларды сақтап, әркім өз міндеті мен жауапкершілігін біліп, соны атқаруға талпынғанда ғана отбасының түтіні түзу шығып, шаңырақта шаттық орнайды. Қасиетті Құран Кәрімнің Бақара сүресінің 228-аятында: «Ерлердің әйелдерде ақысы болғаны секілді, әйелдердің де ерлерде жақсылықпен өтелетін ақылары бар. Сонымен қатар, ер адамдар (міндеттері мен жауапкершіліктеріне орай) бір саты жоғары тұрады. Алла өте үстем, асқан дана» – деп, әйел мен еркектің бір-бірінің алдында міндеттері, жауапкершіліктері бар екенін жалпылай білдірген.
Ең алдымен ерлі-зайыптылар арасында бір-біріне деген сүйіспеншілік орнау керек. Отағасы отбасының тамағын, киімін және басқа да қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін еңбектенуі қажет. Алланың елшісі (с.ғ.с.) бір сөзінде: «Жегендеріңнен оларға да жегізіңдер, киінгендеріңдей оларды да киіндіріңдер», – деген.
Отағасы отбасының діни және адамгершілік міндеттерді орындауына жәрдемші, ұйытқы болып, кемшіліктерін толықтырып отырғаны дұрыс. Алла Тағаланың разылығына бөленгісі келген мұсылман өз әйелін жәбірлемейді. Ер адам әйеліне нәзік, жұмсақ болып, дөрекі болмауы және ренжітпеуі керек. Бұл жайында сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Мүминдердің ішінде иманы ең кәміл дәрежеде болғандар – мінез-құлқы көркем болғандар. Сендердің іштеріңдегі ең жақсы адам-әйелдеріңе жақсы қараған адам».
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні сахабаларына: «Адамдардың ең жаманы – отбасына қиыншылық көрсеткен кісі»,– дейді. Сонда сахабалар: «Уа, Алланың елшісі, отбасына қиыншылық көрсету дегенді қалай түсінеміз?», — дегенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұндай адамды былай деп суреттейді: «Ол адам босағадан аттағанда әйелі үрейленеді, балалары қорқып қашады. Үйінен шығып кеткенде әйелінің жүзі жадырайды, отбасы мүшелері кең кең тыныс алады».
Мұсылман адам, хадисте айтылғанындай, үйіне келгенде әйелі мен бала-шағасының жүрегіне үрей ұялататындай содыр мінезді болмауы тиіс. Керісінше ұл-қыздары сағына тосатын, табалдырықтан енгенде жұбайы күйеуінің амандығына шүкіршілік айтатын, балалары қуанып, мойнына асыла кететін сыйлы отағасы болғаны жөн. Мұның бәрі ер кісінің мейіріміне, мінез-құлқының жайдарылығына байланысты. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ер азаматтарды осындай мінезге шақырып, былай дейді: «Жұмсақтық пен сыпайылықтан мақрұм болғандар жақсылықтан да құр алақан қалады». Әйел күйеуіне сүйіспеншілік көрсетіп, құрметпен қарауы тиіс және үй шаруасында, бала тәрбиесінде жұбайына жәрдемші болуы керек.
Екі жасты үй болуға даярлау – олардың ата-аналары үшін ұлын ұяға, қызын қияға қондыру болып табылатын аса маңызды міндет. Әрбір қалыңдық – болашақ ана. Ол өз өмірінің жалғасын, ертеңгі елді құрайтын және соған ие болатын ұрпақты өмірге әкеледі. Әйелдің үнемшіл болуы, жұбайының тапқанын ысырап етпей, үйге ие болуы керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді: «Тіршілігінде ерін разы еткен әйел бақилық болғанда жаннатқа кіреді», «Әйел бес уақыт намазын оқып, Рамазан оразасын ұстаса, ар-намысын сақтаса және күйеуіне бағынса, оған жәннаттың қалаған есігінен кірсін делінеді».
Ер кісінің қосағымен сыпайы болуы – Алла Тағаланың бұйрығы. Жаратқан иеміз Құранда: «(Уа, иман келтіргендер!) Олармен жақсы қарым-қатынаста болып, тату-тәтті өмір сүріңдер. Егер оларды ұнатпай қалсаңдар (сабырлық танытыңдар), қайдан білесіңдер, бәлкім, сендер ұнатпаған нәрсе Алла Тағала көптеген жақсылықты жазып қойған болар», – дейді. Ардақты Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) : «Әйелдеріңе ізгілік пен туралықты насихаттаңдар. Олармен жақсы тұрыңдар, жақсы қараңдар», – деген. Отбасының іргесін шамадан келгенше берік ұстау қажет. Алла Тағланың елшісі (с.ғ.с.) бір хадис шарифінде: «Рұқсат етілген істердің ішінде Алла Тағалаға ең сүйкімсіз іс – талақ», – деп, үмметіне шаңырақты бұзбауды кеңес еткен.
«Түндігі бүтін, түтіні түзу» отбасы болуы үшін ер мен әйелдің бір-біріне сыйластықпен қарауы маңызды. Тату тәтті отбасында тәрбиеленген балалардың болашақтары баянды болатындығын ұмытпаңыздар. Алла Тағала әр отбасыға бақыт пен береке нәсіп етсін!