Сұрақ: Оразаның басқа құлшылықтардан қандай артықшылығы бар?
Жауап: Дінде құлшылықтың түрлері көп. Сол ғибадаттардың өздеріне тән қасиеттері мен ерекшеліктері де бар. Ал енді Рамазан айындағы оразаның ерекшелігі айрықша. Рамазан оразасының сауабын арнайы Алланың Өзі беремін деп уәде еткен. Бұған келесі хадис дәлел болмақ:
Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с): «Алла Тағала: «Адам баласының күллі амалы қарақан басы үшін. Тек ораза Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін», – дейді» деген хабарын жеткізген (Бұһари, Мүслім).
Сол үшін оразаның сауабын білген әрбір мұсылман мүмкіндігінше бұл айда ораза ұстауға ықыласты және ынталы болмақ. Қызметі тарапынан немесе мүмкіндігі жағынан шектеулі болса да қолдан келгенше ораза күндерін қаза қылмауға күш салады. Төмендегі бәдәуидің ғибратты оқиғасы ораза айының ерекшелігін аңғарта түссе керек:
Ыстық күні адамдар бір бәдәуиді тамаққа шақырады. Бәдәуи:
– Менің ауызым берік, – дейді.
Олар:
– Ей, мүсәпір! Өзің шөл далада тұрасың. Сөйтіп құдайдың мына ыстығында оразамысың? – десті.
Бәдәуи:
– Дүние бұрын да болған, мен ол уақытта жоқ едім. Дүние менен кейін де қалады, ал мен ол кезде болмаймын. Сонда мен өз күндерімді тиімді өткізе алмаймын ба?! – деп айтқан екен.