Сәлеметсіз бе! Адам қабірде жатқанда екі періштенің қойған сұрақтарына қай тілде жауап береді? Айнель Бермаганбетова
Ассаламуғалейкум! «Араб тілі – жәннәттің тілі» дегенді естіп жатамыз. Осы хадис пе? Жәннатта қандай тілде сөйлейтін боламыз? Ардақ
Уағалейкум ассалам! О дүние – біздің ақылымыз жете бермейтін тылсым әлем. Бұл жайында жаратушы иеміз Алла тағаланың сөзінен немесе сүйікті пайғамбарымыздың (с.а.у) хадистерінен біле аламыз.
Қабірге көмілгеннен кейін, екі періште сұрақ қоятындығы жайында және мүминдер үшін жәннаттың есігі ашылып, оның рахаты мен хош иісі сезіліп, қабірі көз жетім жерге дейін кеңейетіндігі, ал кәпірлерге тозақтың есігі ашылып, оның жиіркенішті иісі мен ми қайнатар ыстығы сезіліп, қабірі таралатындығы хадистерде баяндалған[1]. Бірақ қабірдегі кісі қойылған сұрақтарға қай тілде жауап беретіні жайында нақты дерек жоқ.
«Араб тілі – жәннәт тілі» дегенге келер болсақ, әт-Табарани мен әл-Хакимнің хадистер жинақтарында сахаба Абдулла ибн Аббас және Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген бір әлсіз хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Арабтарды мына үш нәрсе үшін жақсы көріңдер: Мен араб нәсілдімін, Құран араб тілінде және араб тілі – жәннәт иелерінің тілі», - дейді[2].
Имам Табарани (р.а.) бұл хадис жайында: «хадисті жеткізушілер тізбегінде Ъалә’ ибн Амр әл-Ханафи деген кісі бар. Оның «әлсіз рауи[3]» екендігін бір ауыздан бәрі айтқан», - дейді.
Ал Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген нұсқасы жайында да әлгі ғұлама былай дейді: «Хадисті жеткізуші рауилер тізбегінде Абдулъазиз ибн Ъимран деген кісі бар. Оның риуаят еткен хадистері қабыл етілмейді»[4].
Ендеше, «Араб тілі – жәннәт тілі» деген хадис «әлсіз хадис» болғандықтан, оны негізге алып «жәннәтта сөйлесетін тіліміз арабша болады» деп кесіп айту қиын.
Қалай болғанда да ақырет әлемінде түсінуге мүмкіндік беретін ортақ тілдің болары ақиқат.
Алла тағала өз рахымына бөлеп, баршамызды жәннәт иелерінен етсін!
islam.kz